Алматыдан жүлделі оралған өрендер

"Жеті өнер" ІІ Халықаралық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық фестиваль-конкурсы алғаш рет өткен жылдың мамыр айында Алматы қаласында тұсауын кескен болатын.

Аты айтып тұрғандай, балғын өнерпаздарды өнердің жеті түрінен сайыс сынына салып, мықтысын салмақтайтын бұл байқауға Құлсары өнер мектебінің жанынан құрылған балалар ұлт-аспаптар оркестрі де қатысып қайтқан-ды. Осыған дейін ауданның 90 жылдығына жеке концертін тарту еткен балғын өнерпаздар ұжымы оңтүстік астанада Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық-аспаптар оркестрінің концерт залында өнер көрсетті. Онда "Аспапта орындаушылық өнері" түрінен сайысқа түсіп, Ахмет Жұбановтың "Тәжік биін" тамылжытып, күй атасы - Құрманғазының "Саранжап" күйін күмбірлетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген түрлі өнер ұжымы арасынан жылыойлық балалар оркестрінің өнерін қазылар алқасы жоғары бағалады. Сөйтіп, жерлестеріміз фестивальдің Бас жүлдесіне лайық деп танылды.

Ал осы оркестр құрамындағы өнер көрсеткен Айдос Ержанұлы жеке орындауда да бақ сынады. Ол Қаршыға Ахмедияровтың "Алтын ұя", Айтқали Жайымовтың "Шаттанамын" күйлерін нақышына келтіре тартып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Өнер мектебі шәкірттерінің жетістігі жалғыз мұнымен шектелмейді. Назерке Іргебаева, Аягөз Құлбаева, Ақгүл Сағидоллаевалар І орынды, Мөлдір Айтенова Бас жүлдені иеленіп, Жаңабай Шыныбеков дипломант атанып қайтты.

Е.ҚОШАҚАНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521