Қамыскөлді абаттандырсақ

Өткен аптада Құлсары қаласының әкімі Қаржау Шарғабаев қаланың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін берді.

Оған аудан әкімі Азамат Бекет, аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Қала әкімі өз баяндамасында өткен жылы Құлсары қаласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жасалатын жұмыс жоспары туралы айтты. 6-учаскенің бір топ зейнеткері жол, балалар ойнайтын және спорт алаңдарын салу, тоқ қуатының жаз мезгілінде азайып кететіндігі туралы мәселені ортаға салды. 1-учаске тұрғыны, зейнеткер Зейнолла Бозтаев өзі тұратын Оразалиев көшесіндегі жол жөнделіп, көше жарығы жүргізілсе деген өтінішін білдірді. Қала тұрғыны Асылбек Шыңғысов Қамыскөл мәселесін көтерді. Ол көлдің жағалауын абаттандыру туралы ұсынысын айтып, ол жұмыстарға ауданымыздағы мұнай саласында еңбек етіп жатқан ұлттық компанияларды атсалысуға шақырды. Мемлекеттің басты байлығы бірінші кезекте адам екенін айтқан Бүркіт Базарбаев БАҚ-тарда көтерілген мәселелерді сараптап отыру керектігін жеткізді. Осы орайда ауданға бөлек телеарна қажеттігін айтып, қала ішіне жастарға болашаққа бағдар беретіндей ескерткіштер қойылса деген ұсынысын жасады. Сөз соңында өзінің қызмет еткен жері аудан айнасы «Кең Жылой» газетінің редакциясына жаңа ғимарат берілсе деген ойын білдірді. Тарихы тереңнен бастау алатын редакцияның қазіргі отырған жері заман талабына сай еместігін жеткізді.

Сонымен қатар автобус маршруттарын реттеу, экологиялық мәселелер, қала ішіндегі құрылыста пайдаланып жатқан материалдардың сапасына мән беру туралы айтылды. Ғалия Есенова 8-учаскедегі көшелерге жарық орнату қажеттігін жеткізді. Аудандағы Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушы ардагерлер қоғамының төрағасы Нұрберді Төлеуғожин жақында ғана құрылған патриоттық орталықтың жұмысын жандандыру үшін кеңсе бөлуді, 1992-2001 жылдар аралығындағы Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыстар кезінде қыршын кеткен сарбаздарымыздың құрметіне «Жеңіс» саябағынан ескерткіш тақта тұрғызу, ардагерлерге атаулы күндерде әлеуметтік қолдау көрсету мәселесін көтерді. Сонымен қатар ұлттық спортты дамыту үшін қала маңынан салынатын ипподром құрылысына көңіл бөлуге шақырды. Қала әкімі көтерілген мәселелер қадағалауға алынатынын айтты. Аудан әкімі тұрғындар көтерген кейбір мәселелерге өзі жауап берді. Тұрғын үй мәселесіне орай қалада бес қабатты, 100 пәтерлік 3 үй салынатынын, 107 шақырым тасжолға енбей қалған кейбір көшелерге қиыршық тастар төгіліп, көлік жүру мүмкіндігі жасалатынын айтты. Қала ішінен саябақтар салу, балалар ойын алаңдары, спорт алаңдарын салу үшін бос жер табу қиын болып отырғанын жасырмады. Тазалық бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, аудандағы өткізілетін сенбілікке тұрғындарды белсенді қатысуға шақырды.

Қ.Нұртайұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521