Жаз болса аудан халқы басқа жақтан келетін көкөністен көрі жергілікті өнімді сатып алғысы кеп асығады.

Жылыойлықтар әсіресе Қарағайдың қарбызы мен қауынын ерекше күтеді. Біріншіден бұларды уақытымен піскен экологиялық жағынан таза өнім деп күтсе, екіншіден жемістердің өзгелерге ұқсамайтын ерекше тәтті дәмі тіл үйіреді.

Бір қызығы, биыл Қарағайдың қарбызын бірден айырып білетін боласыз. Өйткені жасыл ала домалақтардың сыртында көзге ұрып тұратын қызыл түсті белгі (этикетка) жабыстырылған. Онда өнімді өсіріп шығарған шаруа қожалығының аты мен «Қарағайдың қарбызы» екенін дәлелдейтін сөздер жазылған.

Бұл біріншіден, «Қарағайдың қарбызы» деп басқа жақтың жемістерін алып кеп өткізіп жататын кейбір алаяқ алыпсатарларға тосқауыл болса, екіншіден затбелгі мұндай дәмді қарбыздардың ерекшелігін айқындап тұрғандай.

 

П.ҚИЗАТОВА.