Ол сұрапыл соғыс жылдарында бұғанасы қатпаған қатпа қара бала еді. Бірақ соған қарамастан, оқудан қолы қалт еткенде колхоздың қара жұмысына жегілетін. Аш-жалаңаш жүрсе де, ересектермен бірге мал бағып, шопанның көмекшісі болып еңбек етті. Өзінің айтуынша, қара нанды күйдіріп пісіріп, қатқан қап-қара күйесін қара шай қылып қайнатып ішкен. Ол аздай, қырық жамау киіммен жүріп, өндіріс орнын жау диверсанттары шабуылынан қорғауға да атсалысыпты. Бүгінде сексеннің төртеуіне аяқ басқан Қиязбек ақсақал бар ғұмырын ауданның бұрғылау саласына сарп етті.

Бүгінде өмірдегі бейнетінің зейнетін көріп отырған тыл еңбеккерінің көз жанары нашар көреді, І топтағы мүгедек. "Еңбек ардагері", Ұлы Жеңістің 65, 70 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған. Жақында тыл еңбеккерін "Қазақ соқырлар қоғамы" қоғамдық бірлестігінің аудандық бастауыш ұйымының төрайымы Б.Масалимова мен Т. Дәулетов бастаған бір топ замандастары келіп, құттықтады. Қоғам атынан "Атамекен" аудандық кәсіпкерлер палатасының төрағасы, белгілі кәсіпкер Ерболат Төлендиевтің демеушілігімен алынған кереуетті тарту етті. Бүгінде Құдай қосқан қосағымен немере-келінінің қолында тұратын ақсақал қонақтарға алғыс сезімін білдіріп, жанашыр азаматтарға ақсақалдық ақ батасын берді.

Е.ҚОШАҚАНОВ.