Онда алаяқтық әрекеті үшін осыған дейін де бірнеше рет сотталған ақтөбелік әйелдің жылыойлықтарды қалай алдағанын жазған едік. Дәлірек айтқанда, ол жәбірленушілермен телефон арқылы танысып, оларға 20 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде ең төмен пайызбен несие алып бере алатындығына сендірген-ді.Сол арқылы делдалдық қызметі үшін сыйақы ретінде әрқайсысынан 1 млн. мен 1 млн жарым теңге көлемінде ақша аудартып алып отырған. Бірақ ақтөбелік алаяқ аудандық ішкі істер бөлімінің полиция қызметкерлерінің күшімен қолға түсіп, алдын ала тергеу амалдары арқылы қылмыстық іс сотқа жолданған-ды.

Өткен сәуір айының 24-і күнгі сот үкімімен аудандық соттың судьясы Шолпан Исмағамбетова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1,3) тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін Ақтөбе қаласының тұрғыны Б.М-ды кінәлі деп таныды. Оған осы бап бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ алаяқтан мүліктік зиян шеккен азаматтық талапкерлер, яғни жәбірленушілердің де талап арыздары қанағаттандырылды. Осылайша бұрын алаяқтығымен Ақтөбеде ғана аты шыққан 53 жастағы әйел Жылыойды да шулатып кетті.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ.