Атырауда «Жайық» спорт кешенінде облыс әкімінің есеп беру кездесуі жалғасуда. Аймақ басшысының айтуынша, өңірде көпбалалы жұмыссыз аналарды, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және әлеуметтік жағынан аз қамтылған аналарды қолдауға бағытталған жаңа шаралар жасалған. Шара аясында аналар мамандық меңгерудің қысқа мерзімді курстарына қатысады. Бірінші кезеңге 200 адам тартылады деген жоспар бар. Әйелдердің таңдауларына 10 кәсіби бағыт беріледі, курс 15 күнге дейін созылады. Оқу аяқталған соң қатысушыларға сертификат беріледі.

«Курстарды Азаматтық орталықтың мамандары дайындады. Біздің мақсатымыз – әйелдерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, сол арқылы өз істерін бастап, мақсаттарын айқындап, алға қарай дамуларына қолдау көрсету. Бүгінде өңірдегі кәсіпкерлердің 47 пайызы әйелдер. Бұл көрсеткішті әлі де арттыру керек» деді Атырау облысының әкімі.

Жұмыссыз аналарды оқытатын 10 бағыттың ішінде тігінші, аспаз, шаштараз, сән-салон мастерлері, есепші, емдік массаж, интернет-сауда дағдысы, SMM секілді курстар бар. Оқу аптасына үш рет жүреді, наурыз айынан бастап топ жиналады.

«Курс барысында әйелдер жаңа мамандықты игеріп қана қоймай, әлеуметтік желілерде іс жүргізу, маркетинг пен бизнес негіздеріне онлайн режимде оқи алады» деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, биылғы мәлімет бойынша Атырау облысында 12 249 көпбалалы ана жәрдемақы алады, оның ішінде 5557 «Күміс алқа», 3594 «Алтын алқа» иегері, 10 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 983 батыр ана бар. Мемлекеттен жәрдемақы алатын аналардың жалпы саны – 22 383 адам. Ал, мекен-жай әлеуметтік көмегін 2035 отбасы (10949 адам) алады.

Сонымен, аталған оқу курсына жұмыссыз көпбалалы, жалғызбасты аналар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және әлеуметтік осал топтағы аналар шақырылады.

Осы санаттардағы әйелдер «Азаматтық орталыққа» хабарласуларына болады. Ескере мәселе, өздерімен бірге жеке куәліктері болуы шарт.

Мекен-жайы: Атырау қаласы, Махамбет көшесі, 88-үй.

Телефон нөмірлері: 76-38-46, 76-38-52, 8778 663 92 63.

Айқара Ғұмар