Аудан әкімінің қайырымдылық шыршасы

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да аудан әкімінің қайырымдылық шыршасы өткізілді.

 Ауданымыздағы №19 мектептің залында... Ортада сұлу шырша мың сан шамдары жалт-жұлт етіп көз арбайды. Бейне ертегі еліне тап болғандаймыз. Сан түрлі аңдар мен хайуанаттар: қасқыр, түлкі, аю, бәрі де осында. Ал ортада - доңыздар. Айтпақшы, биыл Доңыз жылы, сондықтан болар, доңыз бейнесінде киінген балалар ерекшеленеді. Олар келгелі тұрған жылдың иесі болғандықтан, өздерін емін-еркін сезініп, шырша жанында серуендеп, көңілді жүр. «Доңыз жылы туылғандар өте еңбекқор, кем сөзді, айтқанынан қайтпайтын, қулығы аз, батылдығы күшті, табанды әрі өжет жануар ретінде сипатталады» дейді жұлдыз жорамалшылар. Сондықтан жылдары да өздеріне сай ілгері басу жылы болуға тиіс.

Бүгінгі аудан әкімінің қайырымдылық шыршасы қайырымдылық шыршасы деп тегіннен-тегін аталмаған. Қайырымдылық шыршасы ауданның жетім, жартылай жетім балаларына арнап өткізіледі. Оларға ертегі мен қуаныш сыйлау үшін.

Бір кезде аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова ортаға шыққанда балалар ду қол соқты. Фарида Төлегенқызы оларды келе жатқан 2019 жылмен құттықтады. Аудан әкімі Азамат Бекеттің жаңа жылда 60 балаға білім алу депозиттерін ашып бергенін айтып, қуантты. Содан соң әр қатысушыға сыйлықтарын тарту етті. Қысқы күртешені кигізіп, тәттілерді таратты. Шырша тойына арнайы шақырылған балалар өздеріне осындай ертегідей кеш сыйлап жатқан аудан әкіміне рахметін айтты. Олардың жүздерінен қуаныштың ұшқыны байқалады. Бәрі де мәз-мейрам.

Жүргізушілер балаларды «Ертегілер әлеміне» бірге саяхат жасауға шақырғанда олардың назары сахнадағы қойылымға ауды. Қайырымдылық шыршасындағы ертегі кейіпкерлерінің рольдерін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері сәтті сомдауда. Бұдан соң ортаға Аяз ата мен ақшақар келді. Олар әр балаға тақпақ айтқызып, би билетті. Арасынан әдемі ән орындайтындар да табылуда. Ал қызықты ойындар кештің көркін қыздыруда. Аяз атаның дорбасындағы сыйлықтар да қаптың түбінде қалған жоқ. Жомарт аяз ата жағалай үлестіруде.

Осылайша аудан әкімі тағдыр ата-анадан айырса да, балалықтың қызығынан айыра алмайтын балалар үшін шырша тойын ұйымдастырды.

Перизат ҚИЗАТОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521