Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетілетін болады

«ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» КЕАҚ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫ БАСПАСӨЗ МӘЛІМДЕМЕСІ

18 маусым 2019 жыл                                                     Атырау қ.

Қазақстан үкіметі 2020 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (ТМККК және МӘМС) шеңберінде көрсетілетін қызметтер тізімін бекітті.

«Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті ең минималды стандарттардан тұрады. Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Сақтандыру пакеті пациенттердің өмір сапасын жақсартып, ұлт болашағының негізін қалауға бағытталатын өзге де көмек түрлерін қамтиды», - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті: консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, ТМККК енгізілмеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ТМККК пакетіне жатпайтын жағдайларда жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ.

«Пакеттердің жаңа үлгісін дайындау барысында министрлік бір жарым жыл бойы медицина саласы өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеді. Атап айтқанда, қызметтерді сатып алу, ақы төлеу, мониторинг процесін жүзеге асыру тетіктері талқыланды. МӘМС жүйесін енгізуге дайындығымыз жоғары деуге болады», - деді министр. Айтуынша, жаңа пакеттер биыл күзде еліміздегі аймақтардың бірінде нобайлы режимде іске қосылмақ.

Жүйе 2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық аймақтарында іске қосылады. «Жалпы алғанда, келер жылға арналған бюджет жобасында кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен медициналық сақтандыру пакеттері негізінде көрсетілетін медициналық көмекке 1 620 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.

«Еліміздің барлық азаматтары пайдалана алатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне жедел жәрдем мен санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет шеңберінде консультативтік-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етілетін болады.» - деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы директоры Б. Ғазизов.

Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржы операторы болып табылады. ТМККК шеңберінде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтер бюджет қаржысы есебінен, МӘМС пакетіне енетін қызметтер – Қордың активтері есебінен сатып алынады. 2019 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша Медициналық сақтандыру қорына Қазақстан бойынша 176,7 млрд теңге көлемінде жарна аударылды. Оның ішінде Атырау облысы бойынша аударылған жарна 11 млрд. 254 млн. теңгені құрап отыр. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы

+ 7 7122 956936

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521