Экономика деп экологияны ұмыт қалдырған едік

Бұл мәселе С.Еңсегеновтің алдына да қойылды.

Жақында ел Президенті "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары туралы" Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес бірнеше жаңа министрліктер құрылды. Дәлірек айтқанда, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар, сонымен қатар Сауда және интеграция министрліктері өз қызметіне кірісті. Өткен сейсенбі күні жаңа министрлер ант қабылдап та үлгерді.

Әрине, елдегі және әлемдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси ахуалға байланысты жаңа министрліктердің құрылғаны құба-құп. Бізді, соның ішінде жылыойлықтарды жаңа Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өз алдына енші алып шыққандығы қызықтырады. Өйткені қоршаған ортаны қорғау мәселесі біздің өңірде қаны тамып тұрған ең өзекті де өткір проблема екендігі бесенеден белгілі. Сондықтан жаңа министрлік осы саладағы көп түйіннің тарқатылуына түрткі болар деп сенеміз.

Жаңа министрлікке артып отырған тағы бір үмітіміз бар. Қазақстан мұнайының туған жерінде тым жақсы жұмыс жасап тұрған қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жабылып қалғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл мәселе кезінде ауданға іссапармен келген сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің алдына да қойылды. Содан соң бөлімді қайта ашу жөнінде жұмыстар жүргізілді. Бірақ оның да өмірі ұзаққа бармады. Ол Елордадан келгенде халық қалаулысының алдында есеп беріп, көзбояу үшін уақытша құрылғаны аян болды. Міне, содан бермен қарай ауданда табиғатты қорғайтын бірде-бір мемлекеттік құзырлы орган не тұрақты эколог маман жоқ. Көп жылдан бері ауданның осы бір негізгі сара саласы жұртта қалған жетім баланың күйін кешіп келеді. Бұл экологияны емес, экономиканы бірінші кезекке қоятынымызды көрсетсе керек.

Өнім өндіруді өсіру, кәсіпкерлікті дамыту, өзге де өнеркәсіпті өркендету - жеке адамның күнкөрісі, нәпақа табуы секілді бес күн тірліктің ісі. Ал экология мәселесі – ұрпақ болашағын көздейді. Сонда біз ертеңгі немерелерімізге не қалдырамыз? Бүлінген табиғат, уланған ауа ма? Ендеше, аудан басшылары, қоғам белсенділері аудан келешегіне жаны ашитын барша жылыойлықтар жаңа министрлікке ұсыныспен шығып, ауданда қоршаған ортаны қорғау бөлімін қайта құруға, оның жұмысын мықтап жолға қоюға күш салғаны абзал.

Е.Қошақанов

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521