Ақкиізтоғай ажарлы болса ғой...

Жуырда Ақкиізтоғай ауылында болдым. Бұл – менің өсіп, еңбек еткен ауылым. Оның көрікті де көркем, салтанатты да сәнді болуын жаныммен, жүрегіммен қалайтын азаматпын.

Рас, өскен ауылыма сирек барамын. Десек те, көргенімді, көңілге түйгенімді айтпай қала алмаймын. «Айтпаса, сөздің атасы өледі» деген бар. Алдымен, ауылда бүгінгі үлгідегі құрылыс жоқ. Рас, өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген Ақкиізтоғай селолық округінің кеңсесі болмаса. Ал сол кеңсенің айналасында кенеуі кетіп, құлағалы тұрған қанша нысан бар десеңізші?! Округтің бұрынғы кеңсесі, жабылып, тамтығы қалмаған клуб және басқа нысандар...

Енді серіктестік кеңсесі мен өндірістік объектілерге тоқталсақ. «Жаңа таң» серіктестігінің кеңсесіне үлкен жөндеу керек екені көрініп тұр. Автогараж бен трактор шеберханасы, құрылыс цехының, жылу қазандығының нысандарын көріп те көңіліміз қалды. Қолданыста болмаса, ауылдың көркін кетіретін көріксіз объектілерден тезірек құтылған жөн емес пе? Ауылда тұрғындарға мәдени қызмет көрсететін клубтың жоқтығы тағы бар. Ал ауылдық округ әкімшілігінің бұрынғы үйін жөндеп, мұғалім, дәрігерлерге үй қылып беруге болмас па? Мәселен, бұл бір жылдың үстінде Құлсарыға қатынап жұмыс жасап жүрген мектеп директоры Қобанова Шамшырақ қызымызға көмек болар еді.

Ауылда серіктестік кеңсесінің артында, автогараждың қапталында Ұлы Отан соғысынан оралмағандарға қойылған және соғыс жылдарында Жылыой жеріне түскен неміс десанттарының қолынан қаза тапқан Атағозиев Байжандай қаһарманға қойылған ескерткіш-белгі бар. Бірақ бұл ескерткіштердің де сиқы кеткен. Соғыстан оралмағандар есімі жазылған тақтадан сарбаздар есімін оқу қиын, көбінің әріптері өшкен, бояулары жоғалған. Ал «Атағозиев Байжан 1944 жылы 4 майда фашист десанттарының қолынан қаза тапты» деп жазылған жерден «ҚР Ұлы Отан соғысының ардагері Байжан Атағозиевке арналған обелиск мемлекеттік қорғауда» деген жазуларды ғана оқуға мүмкін болды. Мемлекеттік қорғауға алынған бұл ескерткіштің тұрған жері де, күтілуі де кемшін. Бұрында да осы ескерткішті мектеп алдына орнатып, мұғалімдер, оқушылар көмегімен күтімін жақсарту ләзім деп талай айтқанымыз бар-ды. Алайда бұған құлақ аса қойған жан болмады. Енді ауылдық округтің қазіргі әкімі Д.Тілеуов інімізге құлаққағыс еткеніміз бұл. Егер мектеп алдындағы алаңға көшірілсе, ескерткіштерді мұғалімдер мен оқушылардың күтетіні белгілі. Ал көшірілмеген жағдайда олардың күтімін жақсарту, айналасына ағаш көшеттерін, гүл түрлерін ексе, құба-құп болар еді. Оған мүмкіндік бар. Су жетерлік. Құбырмен барып тұрған суды айтпағанда Жем суы бар емес пе?

Жалпы, осы ауылда, өзге село, кенттермен салыстырғанда көгалдандыру жұмысы жоқтың қасы. Көптеген үйлер мен нысандар шарбағында өскен ағаш, гүл түрлері көрінбейді. Ал қашанда ауыл көркі жасыл-көк ағаштар мен гүл көшеттері екені белгілі.

Байжан Атағозиев сынды ержүрек азаматтың ескерткіші жөнінде інісі Атағозиев Шәкеннің ұлы Жетпісбай марқұмның келіншегі Бақтылының былай дегені бар: - Ерім Жетпісбай 2014 жылы өмірден өтті. Ал 2013 жылы ата басына (Байжан атаны айтады) барып, бұрынғы ағаштан жасалған белгіні алмастырып, мрамордан белгі қойдық, Құран оқыттық. Бейітіне көп күтім керек. Ол – тарихи оқиғаның көзіндей белгі. Демек, күтім болмаса, құм басып, орны өшіп қалуы мүмкін. Ал Байжан атында ауылда көше бар ма? – дедік Бақтылыға.

- Ауылдан көше атағы әлі берілген жоқ. Ал ауданда берілді ме, білмеймін, берсе, шақырар еді ғой, - деді Бақтылы.

- Үй-жайларыңыз қалай?

- Бес бөлмелі үйде отырмыз қазір, шүкір. Бір бөлмесін музей қыламыз деп келгендер болды. Оған мен келіспедім. Музей болса, заттарын балалар ұстап кетуі мүмкін дедім.

- Жеңіс мерекесіне орай не қызмет көрсетеді Байжан ата рухына?

- 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына азық-түлік беріп қызмет көрсетті. Кейін ондай қызмет көрсетілген жоқ. Мектеп әкімшілігінің ұйғаруымен ғана ата ескерткіші әктеліп тұрады.

- Ата ұрпағы жайлы не айтасыз?

- Батыр атадан ұрпақ жоқ, ешқандай құжаты да жоқ. Жамағаты Жәмила анамыз 1970 жылы дүние салды. Ал өз атам (Жәкен 1986-1983жж.) мен жамағатынан (Жаңыл есімді) бір ұл, үш қыз бар. Сиыр бағып тірлік еткен олар. Жалғыз ұлы Жетпісбайдан (1962-2014 жж.) 6 (алты) ұл-қыз бар.

Ал ата-енеміздің үш қызы бар. Ағияш (1933-2003 жж.) балалы-шағалы, ері Жұмабай өмірден өтті. Бағыт (1947 ж.) Боранқұлда тұрады. Ері Жаңай Түлкібайдың жамағаты, 2 баласы бар. Үшінші қыздары Макуда Жәкенова 1954 жылы туған. Ері - Оспанов Қоснияз (1939-2012 жж.). Әрине, ғайыптан-тайып ауылым Ақкиізтоғайға бара қалғанымда көзбен көріп, көңілге тоқыған жайларды ауылдық округ басшысы Д.Тілеуовке де, серіктестік басшысы Ысқақ Шақпаққа да айтқым келген. Алайда олар сол сәтте ауылда болмай, ұшыраса алмадық. Енді аудандық газет арқылы айтуды жөн көрдім. Бұл – менің перзенттік, азаматтық, ағалық, ақсақалдық парызым. Әйтпесе Ақкиізтоғай - ақберен ақындар мен жазушылардың, жүйрік ойлы журналистер мен ғалымдардың, баһадүр батырлардың, дара даналар мен даралардың, асыл аналар мен ардақты ағалардың, абзал азаматтардың, ізеті мол інілердің елі, талай тарихи тұлғалардың ізі қалған ауылы деп көлгірсімей-ақ қойғанымыз дұрыс болар!

Қонаш Қалдыоразұлы,

жазушы,

Ақкиізтоғай перзенті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521