«Жылыой тарландары – 2018» жігіттің сұлтанын анықтады

Ақыл-парасат, өнер мен жігер бір бойынан табылатын «Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттер Жылыойда жетерлік.

Осындайда ақын Аманқос Ершуовтың «Ұлының ұлылығы бүгінгідей, қызының сұлулығы баяғыдай» деген жыр шумақтары еске түседі. Ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Жылыой тарландары – 2018» байқауы осы сөзімізге тағы бір мәрте дәлел болды.

Мәдениет үйінде сымбаты келіскен сырлы жігіттердің өнерін тамашалау үшін келген халық қарасы көп. Сайдың тасындай іріктелген 10 жігіт бес түрлі сайыстың талаптарын орындау арқылы тарихтан сыр шертіп, қойылған танымдық сауалдарға жауап беруге, күштіліктері мен ептіліктерін, өнерін көрсетуге дайын тұр. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрбай Сүйембаев сөз сөйлеп, байқаудың мақсатын түсіндіріп өтті. Бұдан соң жүргізушілер қатысушыларды сахнаға шақырды.

Ұлттық нақышта киінген жігіттер бірінен соң бірі өздерін әнмен, бірі қара өлеңмен, ал бірі домбырамен таныстыруда. Араларында мағыналы сюжет дайындап келгендері бірден ерекшеленіп жатты. Іле-шала әділқазылар жігіттердің білімі мен ой-өрісін сынауға көшті. Сөйтіп, әр қатысушы салт-дәстүрге байланысты қойылған сұраққа жауап беруі тиіс. Міне, осы кезде сүрінгендер болды. Салтымызды білмей, мүдіріп, тіпті жауап қайтара алмағандар әділқазылардың төменгі бағасын алып жатты. Ал логикалық сұраққа ойын еркін жеткізіп, ораторлық қабілетін көрсеткендерге көрермендер ду қол соқты.

Үшінші кезең гір тасын көтеруге арналды. Бір қызығы, сұраққа мүдірмей жауап бергендер бұл жолы да күшінің тек білімде ғана емес, білегінде де көп екенін дәлелдеді. Әсіресе 16 кг тасты 45 мәрте жоғары көтерген Ербол Шымырбай мен Дәурен Рзабековке көпшілік «Жарайсың!» айтып жатты. Төртінші кезеңде қатысушылар өз өнерлерін көрсетті. Жаны спортты сүйетін майкөмгендік Есімхан Сағиев ағаш пен тасты оңай сындырып, сынған әйнектің үстін жалаң аяқ жүріп өтті. Екінші үміткер Әлібек Амандықов театрландырылған көріністе өнер көрсетті. Ол көріністің мәтінін бастан-аяқ өзі жазып шыққан. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, бұл кезеңде ән шырқағандар да, терме орындағандар да, поэзия оқығандар да, «Қаражорға» биін нақышына келтіріп билегендер де болды. Өзі шығарған өлең шумақтарымен дараланған ақындар да табылды. Соңғы кезеңде жігіттер классикалық үлгіде киініп шығуы тиіс. Бұл олардың сымбаты мен жүріс-тұрысын айқындайтын шешуші кезең болатын. Бұдан соң барлығы қыздармен әдемі вальс биледі. Байқауды қорытындылаған әділқазы мүшелері жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпағанын айтты. Дегенмен кімнің жеңімпаз атанары өнерінен, білімінен, сахна мәдениетінен-ақ білінген еді. Осылайша кіл мықтыдан кім мықтыны анықтаған жігіттер сынында жүлделі 3-орынды Дәурен Рзабеков иеленсе, 2-орынды Есімхан Сағиев жеңіп алды. 1-орынды Ербол Шымырбай қанжығасына байлады. Ал Бас жүлдені Әлібек Амандықов иеленіп, «Жігіт сұлтаны – 2018» атанды. Барлық қатысушылар мен жүлдегерлерге алғысхат пен ақшалай сыйлық табыс етілді.

П.ҚИЗАТОВА,

арнаулы тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521