Жерлестеріміз - Қазақстан чемпионы

Ұлыстың Ұлы күнінде Алматы облысынан қуанышты хабар келіп жетті. Наурыздың 18-і мен 20-сы аралығында Талдықорған қаласында 2002-2004 жылы туылған жасөспірімдер арасында еркін күрестен Қазақстан Республикасының чемпионаты болып өткен-ді.

Үш күнге созылған спорттық дүбірлі додаға жылыойлық балғын палуандар да қатысып, бақ сынап қайтқан болатын-ды. Нәтижесінде екі бірдей жерлесіміз Қазақстан чемпионы атанып, туған жерге зор қуанышпен оралды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып, сайдың тасындай сақа спортшылар қана атсалысқан чемпионатқа шеберлігімен көзге түскен ең ірі палуандар іріктеліп алынғаны анық. Облыстық құрама команданың сапына еніп, Атырау аймағының намысын жыртқан қос жерлесіміз Нұрдәулет Базарбаев пен Бекзат Аманғали боз кілемдегі алғашқы белдесуде-ақ қарсыластарын жығып, жеңістің биік тұғырына көтерілді. Ақтық айқаста да 48 келі салмақта күрескен Нұрдәулеттің де, 80 келі салмақта белдескен Бекзаттың да арқасы жерге тимеді. Білектің күшімен де, әдіс-тәсілді терең меңгеруімен де қарсыластарының тауын қайтарған қос палуан жүлделі І орынды жеңіп алды. Сөйтіп, екеуі де Қазақстан чемпионы атанды. Жерлестеріміздің жеңісінің арқасында Атырау облысының құрамасы командалық 3-орынды жеңіп алды.

- Палуандарымыз енді еліміздің чемпионы атанып қана қоймай, Қазақстан Республикасының құрама командасының сапында күресетін болды. Олар алдағы шілде айында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысады. Күні бүгін Түркия қаласында 10 сәуірде еркін күрестен өтетін Халықаралық турнирге қатысу үшін қызу дайындық үстінде. Онда да Қазақстан Республикасының құрамасы қатарында өнер көрсетеді,- дейді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абзал Бекенов.

Ендеше, қос бірдей жерлес-чемпионымызға алдағы уақытта да жеңісті жетістіктер тілейміз.

Е.Қошақанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521