Қылмыстық жауаптылықтан құтылғанымен...

Тышқанға қарсы қолданатын жапсырма сатып, пайда көремін деп бәлеге қалды.

Теңіз кенішіндегі мердігер мекеменің бірінде аға дезинфектор болып қызмет атқаратын жігіт ағасы жасынан асқан бір азамат «ТОМСАТ» маркалы тышқанға арналған жапсырмаларды сатып, пайда көрмекші болады. Ол әлгі жапсырмаларды тапсырыс берген мекемелерге жеткілікті мөлшерде орнатып беруі тиіс-ті. Бірақ ол өз міндетін толық орындамай, «Томсатты» кем жапсырып, қалғанын құлқын қамы үшін «жеп» қалуға көшті.

Айталық алғашында мекеменің қоймасынан әрқайсының құны 280 теңге тұратын, барлығы 720 дана «ТОМСАТ» алды. Оның тек қана 384 данасын ғана тапсырысшы мекемеге орнатып, қалған 94 080 теңгенің 336 дана жапсырманы қара түсті қоқыс салатын пакетке орап, тығып тастайды. Кейін онысын мекеменің қарауында жасайтын жүргізушінің көлігімен Теңіз қалашығындағы бір серіктестіктің күзет ғимаратына жеткізіп, «қысқа киімдерім еді» деп өтірік айтып, жасырып қояды.

Дәл осындай жолмен дезинфектор бұдан кейін де екі рет мекеме мүлкін жымқырады. Сөйтіп барлығы 1056 дана «ТОМСАТ» маркалы тышқанға қарсы жапсырмасын жасырын ұрлап, мекемеге 295 680 теңге шығын келтірді. Бірақ жапсырмалар жасырынған мекеме көлігі бір күні полиция қызметкерінің кезекті тексеруі кезінде тоқтатылды. Сөйтіп дезинфектордың ұрлық әрекеті әшкереленіп қалды. Қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеті үшін Қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-бөлігінің 3) тармағымен айыпталды. Себебі ол «өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қызмет бабын пайдалана отырып, иемденіп алу болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық әрекетті жасаған-ды».

Абырой болғанда айыпкерге медиатор көмекке келді. Кәсіпқой емес медиатор Ж.Избергеновпен 24 маусымдағы бекітілген медиациялық келісімнен жәбірленушінің сотталушыға қоятын талабының жоқтығы, медиациялық тәртіппен келісімге келіп татуласқаны, келтірілген зиянның орнының толтырылғаны белгілі болды. Басты сот талқылауында дезинфектордың қорғаушысы сотталушы мен жәбірленушінің өзара медиация тәртібімен келіскенін айтып, істі тоқтатуды сұрады. Сотталушы мен жәбірленушінің арасында жасақталған медиациялық келісімді сотқа ұсынды.

Аудандық соттың қаулысымен екі жақтың татуласуына байланысты келісім бекітіліп, айыпкер қылмыстық жауаптан босатылып, іс қысқартылды. Залал орны толтырылған соң, мекеме 295 680 теңге материалдық шығын өндіру туралы талап арызынан бас тартты. Ұрланған 1056 дана тышқанға қарсы қолданатын жапсырма жәбірленушіге кері қайтарылды.

Әрине бұрынғы дезинфектор қылмыстық жауаптылықтан құтылды. Бірақ ол әріптестер алдындағы сенім мен абыройынан бір, жұмыс орнынан екі айрылды. Бұл жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүретін өзге азаматтар үшін ащы сабақ болса керек.

Ж.Төкешова, аудандық соттың жетекші маманы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521