Аудан

Қазіргі уақытта Мемлекеттік корпорациямен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласында көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Мемлекеттік корпорация 2019 жылдан бастап Blockchain (Блокчейн) технологиясын қолдана отырып, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы процестерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша ілкімді істер атқарып келеді.

Анығында, қазіргі таңда азаматтарға жылжымайтын мүлікті тіркеу үшін құрылыс салушының сату бөліміне және ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Құрылыс компаниясының сайтында өтініш бере отырып, blockchain технологиясының көмегімен сатып алу және тіркеу процесі онлайн режимінде өткізуге болады.

Сонымен, Blockchain (Блокчейн) дегеніміз не? Блокчейн – желі қатысушыларының барлық транзакциялары туралы ақпаратты «блок тізбегі» түрінде сақтайтын таратылған деректер қоры. Оны пайдалану үшінші тараптың қатысуынсыз екі жақты қауіпсіз транзакцияларды жүзеге асыруға кепілдік береді және банктердің жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген несиелерді беруін онлайн несиені өңдеу, шығындарды азайту және несие беру мерзімін қысқарту тұрғысынан жеңілдетеді.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласында кепіл шарттарын тіркеу процесін «цифрландыру» тіркеу уақытын 3 күннен 1 күнге дейін, құжаттар пакетін 4 құжаттан 1 құжатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді, шығындарды азайтады, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушы және қызмет көрсетуші арасындағы физикалық байланысты болдырмайды.

Мемлекеттік корпорация «Отбасы Банкі» АҚ-мен бірлесіп Blockchain технологиясы бойынша жалға берілетін тұрғын үйді онлайн тіркеу бойынша пилоттық жобаны да жүзеге асырған болатын. Банктің цифрлық платформасы арқылы клиенттер екі мемлекеттік қызметті ала алады – «Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды орналастыру, ұстау және есепке алу» және «Жылжымайтын мүлікті жалға беруді тіркеу».

Бүгінде қаншама қызмет алушылар осы жобаның сәтті нәтижесімен күнделікті қолданып онлайн түрде құқықтарын тіркеп жатыр.

Сонымен қатар, ипотекаға пәтер алғысы келетін азаматтар үшін де бұл процесс автоматтандырылған. Blockchain технологиясының арқасында тіркеу мерзімі 1 айдан 1 күнге дейін қысқарды. Банкке өтінім беруден бастап, кепіл тіркелгенге дейін электронды түрде үйден жасалады. Тіпті несие беру туралы шешім мен мүлікті бағалау жұмыстары онлайн форматта жүреді және бағалаушыларға жүгінудің қажеті жоқ. Клиенттің барлық транзакциялары мен ақшасы алаяқтықтан қорғалатындығында айта кету керек. Ал, өзара есеп айырысу үшін эскроу-шоттар қолданылады.

«Сауал – сізден, жауап – бізден» айдарының бүгінгі тақырыбы жылжымайтын мүлік құқығына арналады. Жылжымайтын мүлікке жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер жатады. Ал, оған заңды құқықты тіркеу – мүлікке құқығыңызды растайтын міндетті рәсім. Ол не үшін қажет? Ол мүліктің толыққанды иесі атанып, өзіңізді алаяқтықтан қорғау және келешекте оған қатысты операцияларды кедергісіз орындау үшін қажет. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік бастапқы және кейінгі нысандар болып екіге бөлінеді.

Бастапқы нысандарға ерекше атқарымдық мақсаты бар ғимараттар мен құрылыстар, қала құрылысының маңызды нысандары, ал екінші мәртеліктерге – жекелеген құқық объектілер (бірінші мәртелік объектінің құрамына кіретін пәтерлер, жапсарлас салынған үй-жайлар, дүкендер мен офистер) жатады. Соңғы жылдары Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттың жаңа түрі – кадастрлық паспорт пайда болды. Енді мемлекеттік акті мен техникалық паспорт біріктіріліп, орнына бірыңғай кадастрлық паспорт қолданылуда. Жүйенің басты ерекшелігі – артық құжаттар талап етілмейді. Кадастрлық паспорт электронды түрде жасалып, құжат айналымын жеңілдетеді.

Бұл тақырып төңірегінде ел көкейінде қордаланған сауал көп. Бүгін сол сауалдарға «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұрлан Дюсембаев жауап берді.
1-сұрақ: Жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу мерзімн нақтылап жіберсеңіз?

Жауабы: Құқықтарды тіркеу бірнеше түрге бөлінеді: 3 жұмыс күні, жеделдетілген 1 жұмыс күні, ХҚКО арқылы, нотариус арқылы 1 жұмыс күнінде және 2 сағатта тіркеу түрлері бар. ​

2-сұрақ: Егер мәмілені нотариат куәландырмаса, қай жерде жасауға болды және қызмет құны қандай?

Жауабы: Нотариаттық емес шарт Мемлекеттік корпорацияның барлық ХҚКО жасалады, шарт жасау және тіркеу құны 8500 теңгені құрайды.

3-сұрақ: Жылжымайтын мүлікке құқықтарды электрондық тіркеу тәртібі қандай?

Жауабы: Жылжымайтын мүлікке құқықтарды нотариус арқылы, «электрондық үкіметтің» веб-порталы немесе ақпараттандыру объектілері арқылы тіркеуге болады.

4-сұрақ: Жылжымайтын мүлікті тіркеуде Blockchain технологиясын қолдану қалай жүргізіледі?

Жауабы: Екінші деңгейдегі банктердін цифрлық платформасы арқылы клиенттер жылжымайтын мүлікке шарт жасағаннан кейін банк Blockchain арқылы Мемлекеттік корпорацияға тіркеуге жолдайды. Сонымен қатар, Blockchain технологиясы бойынша жалға берілетін тұрғын үйді онлайн тіркеу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырды. Банктің цифрлық платформасы арқылы клиенттер мынадай екі мемлекеттік қызметті ала алады: «Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды орналастыру, ұстау және есепке алу» және «Жылжымайтын мүлікті жалға беруді тіркеу». Оны төрт санат бойынша баспанаға кезекте тұрған адамдар ала алады:

- I және II топтағы мүгедектер;

- ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

- көп балалы отбасылар.

5-сұрақ: Жылжымайтын мүлік құқықтарын жедел тәртіппен тіркеуге бола ма?

Жауабы: Енді нотариуста жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша жасалған мәміледен кейін клиент қалауы бойынша қосымша ақы төлеп, қызмет нәтижесін төлем жасалған сәттен бастап екі сағат ішінде жеделдетілген тәртіппен алуға болады. Бүгінгі таңда нотариусқа жүгінген клиенттерге нәтижелер жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу үшін ақы төленгені жөніндегі мәлімет құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне келіп түскен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі. Көбіне бұл ипотеканы, несиені, кепілді және банктердегі басқа да қажеттіліктерді рәсімдейтін клиенттердің мүлкін құжаттау процесін кешіктіруі мүмкін.

Екінші жағдай – ХҚКО арқылы (нотариаттық шарттарды есепке алмағанда) өтінім беруге болады.

6-сұрақ: Жылжымайтын мүлік қалай эксплуатацияға қабылданады?

Жауабы: Объектiлердi пайдалануға қабылдау тәртiбi «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңынын 11 тармағында көрсетілген.

7-сұрақ: Кадастрлық (техникалық) паспортын жоғалтып алған жағдайда не істеуге болады?

Жауабы: «Жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортының түпнұсқасын беру» мемлекеттік қызмет түріне халыққа қызмет көрсету бөлімдері немесе электрондық үкімет порталы арқылы тапсырыс беруге болады.

8-сұрақ: Бұрынғы техникалық паспорт жарамды ма және қандай жағдайда қайта жасақтатуға болады?

Жауабы: Бұл ретте бұрын берілген жер учаскелеріне және пәтерлерге/үйлерге техникалық төлқұжаттардың барлығы қолданыстағы мемлекеттік актілер өз күшін сақтайды.

• пәтерлерді, үйлерді және басқа да жылжымайтын мүлікті қайта жоспарлау, реконструкциялау, қайта жабдықтау, соның салдарынан техникалық және сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген кезде;

• құқық белгілейтін құжаттағы сәйкестендіру және техникалық ақпарат пен мүліктің нақты деректері арасындағы сәйкессіздіктер анықталған кезде;

• және меншік иесінің қалауы бойынша жаңартылуға жатады.

Қазіргі кезде жұмыстар жоқ деп айта алмаймыз, жасалынып жатыр. Елдің бірлігі көрініп, жер-жерден гуманитарлық көмектер келуде. Маңғыстаудың мәрт жігіттері де көп қолдау көрсетті. Бірақ, бұл барлық мәселені шешпейтіні белігілі.

Мұндай қиын кезеңде мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар істелуі керек. Қазіргі уақытта, үйінен айырылып, жанжаққа босып кеткен халыққа жағдай оңалғанша уақытша баспана берілуі тиіс. Ол мына мұнай компанияларындағы жатақханалар немесе киіз үйлер, уақытша тұруға ыңғайланған вагондар арқылы шешілуі қажет. Және де әлеуметтік төлемдер тағайындалып, қаржылық жағынан көмек көрсетілсе құба құп.

Тағы бір мәселенің бірі - біз көзімізбен де көріп жатырмыз, молаларды су шайып, кейбір мәйіттер су бетіне шығып кетуде. Одан бөлек, септиктер мен кәріз жүйесіндегі лас сулар да араласып, қаладағы экологиялық ахуал күрделі болып тұр. Су қайтқаннан кейін дезинфекция жұмыстары да тыңғылықты жасалғаны жөн. Бұл жерде барлық министрлік жұдырықтай жұмыла жұмыс жасап, тұрғындардың мәселесін түпкілікті шешуіміз қажет.

Менің қолымда жергілікті тұрғындардың талап-арыздары бар. Сол мәселелердің барлығын жоғары жақта көтеріп, орындалуы үшін бар күшімізді саламыз.

Ринат ЗАИТОВ,

Ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты

Бұл мәселе егжей-тегжейлі тексерілуі керек. Бірақ, қазіргі сәттегі кезек күттірмейтін нәрсе - елдің жай-күйі. Қаланы қайта жандандыру, тұрғындардың үйіне қайта оралуы - күн тәртібінде бірінші тұрған мәселе. Жағдай реттелгеннен кейін, жауаптылардың барлығы заң алдында белгілі бір деңгейде жауапқа тартылады.

2023 жылдың 1 қарашасынан бастап жіберген Сырымбек Сарсембаевтың хаттарында да көп нәрселер жарияланған. Ол хат мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына жеткен, ол кісі тиісті органдарға хатты жолдаған. Бірақ, айналып келгенде, жеткілікті жұмыс жасалмаған. Онда Жем өзенінің бойында көптеген заңсыз бөгеттердің бар екендігі айтылған-ды. Егер де, сол жұмыстар дер кезінде атқарылғанда, мүмкін мұндай алапат орын алмас па еді деген ой да келеді. Осы жайттарды ескере отырып, мен нақты айта аламын: Атырау облысында «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» қағидаты дұрыс жұмыс жасамайды. Өйткені осы апаттың негізгі себептерінің бірі де - дер кезінде нағыз керекті жұмыстардың жасалынбауының кесірі.

Қылмыстық кодексте де «аса ауыр зардап» деген бөлім бар. Өкінішке орай, бұл жерде кісі өлімі және үлкен көлемдегі материалдық шығынға жол беріліп отыр. Оның барлығы да мемлекеттік бюджеттен өтеледі. Сондықтан жауапты тұлғалардың стратегиялық маңызы бар қаланы суға кетіріп қойып, жай ғана емін-еркін жүруі мүмкін емес. Алдағы уақытта барлығы зерделеніп, зерттеліп, тиісті адамдар заң алдында жауапкершілік жүгін арқалайды. Мен ел алдында осыны нық сеніммен айтып, тиісті жаза тағайындаларына уәде етемін.

Зардап шеккен тұрғындарға толық шығын өтелуі тиіс. Ол үшін де, менің ойымша, аралық бақылау комиссиясы құрылғаны жөн. Қазіргі таңда, су әлі қайтпағанымен, ішінара бағалау процесі жүруі керек деп есептеймін. Себебі, кейбір ауыл тұрғындарының айтуынша, қайықпен аралағанда, кей жерлерде газ кетіп жатыр деген де ақпараттар тарады. Ол бірінші кезекте ауаны ластаса, бір жағынан ол шығынның бәрін тұрғынның өзіне төлеуіне тура келеді. Қазір біз де жағдайды өз көзімізбен көріп, болып жатқан жайттарды тереңірек түсіну үшін қайықпен аралап шығамыз. Барлығы әділ түрде болуы үшін бар күшімізді саламыз.

Абзал ҚҰСПАН,

Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Мысалы, менің қолымда ресми құжаттар тұр. Жыл бойына тасқынның алдын алу үшін қыруар қаржы бөлінген. Дегенмен, нақты жұмыстар қолға алынбады. Тасқынның себебімен күресу мен салдарының алдын алу екеуі - екі түрлі жұмыс. Түптеп келгенде, қай бағыт бойынша да жұмыстар жеткілікті жасалмаған. Оған қазіргі апаттың өзі дәлел болып тұр.

Одан кейін де ескеретін жайттар өте көп. Соның бірі, аралық бағалау жұмыстары. Себебі, су кеткеннен кейінгі бағалау мен суда тұрған үйді бағалаудың екеуі екі түрлі болары сөзсіз. Сондықтан, қазірден бастап жұмыстар басталуы керек. Үйден бөлек, тұрмыстық техникалар, төрт түлік малдың есебі, автокөліктің шығыны бар. Олардың барлығы тұрғындардың жағдайын ескере отырып жасалуы тиіс. Себебі, қарапайым халықтың барлық дүние-мүлкіне құжаты болуы екіталай. Бірақ, құжаты жоқ деп шығынды өтемесек, ол да қиянат болады. Түбі қайтадан түсінбеушілікке алып келіп, дау шығуы ықтимал. Сондықтан, егжей-тегжейлі барлығы зерделенуі керек.

Тағы бір мәселе - оқушылардың тестілеуі. Суға кеткен үйін көріп жылаған ата-анасының зарын көрген, одан қалса үйінен безіп базына кешкен оқушылардың сапалы білім алуы мүмкін емес. Онлайн сабақ өткен күннің өзінде жас-кәрісі алақандай жерде топтасқан күйде қалай білім алмақ. Түптеп келгенде, баланың табиғи апаттың орын алғанына ешқандай кінәсі жоқ қой. Сондықтан, арнайы гранттар бөліп, зардап шеккен аумақтардың оқушыларын ҰБТ-дан босатуымыз керек. Осы жағдай бойынша да тиісті министрлікке ұсыныс тасталатын болады.

Кей жерлерде мұғалімдерді ақысыз демалысқа жіберіп жатыр деген ақпарат та келіп жатыр. Ол да дұрыс емес. Шынтуайтына келгенде, апаттық жағдай ұстаздардың кінәратынан емес. Сол себепті, мұғалімдердің құқығы қорғалып, толыққанды жалақылары төленуі тиіс..

Алдағы уақытта өңірдегі осы аса ауыр ахуалды Астанадағы құзырлы министрліктерге жеткізуге уәде береміз. Бұл жерде біржақты шешім қабылданбай, барлық тараптың да құқығы қорғалуы керек. Құрылатын комиссияға тек қана мемлекеттік мекеме мамандары қатыспай, жергілікті жапа шеккен тұрғындар да кірістірілуі міндетті. Барлық жағдайды назарда ұстап, ел үшін қызмет ететін боламыз.

Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ,

Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Алапат тасқын аудандағы қаламгерлер қауымының да қарбалас тіршілігін бұзып, қалыпты арнасынан ауытқытып жіберді. Ақпарат айдынында аудандағы ахуалды жеріне жеткізе жазып жүрген жергілікті журналистер мен газет қызметкерлері де елмен бірге қиын сәтті бастан кешірді. Редакция ғимараты тасқын судың астында қалып, жаппай эвакуация кезінде бірқатар мамандар көршілес Маңғыстау, өзіміздің Майкөмген ауылдарына қоныс аударып, ортасын қауіпсіз аймаққа көшіруіне тура келді. Төмендегі мақала - сол сөзіміздің дәлелі.

Осыдан 31 жыл бұрын су тасқынының салдарынан Құлсары халқының шеккен зардабын үлкендерден естіп, көзбен көрмесек те тыңдап отырып-ақ үрейіміз ұшатын. 1993 жылдың көктемінде Құлсарыға бір түнде су келіп, сай-салаға жақын орналасқан учаскелердің бәрін жайпап өтіп, тұтқиылдан келген тілсіз жау қала ішінің астан-кестеңін шығарып кетіпті. Биылғы жылы қайталанған су тасқынымен де құлсарылықтар бірнеше күн қатарынан арпалысты. Әр ауылдың жанашыр азаматтары өз учаскелерінің жанында орналасқан су арналарының жақтауларын биіктетіп, тасқынға тосқын жасау үшін біраз тер төкті. Ел мен елді, қала мен ауылды бір-біріне жалғап, тоғыз жолдың торабында орналасқан мұнайлы ауданды су құрсауында қалдырмау үшін барын салып күресті. Алайда, төккен тер мен бар еңбек зая кетіп, Құлсарының жартысынан көбі суға кетті...Өкінішті!

Қалада су тасқыны орын алмай тұрып, тілшілік тірлігімізді атқарып, тасқынға қарсы жасалып жатқан жұмыстардың ресми ақпаратын халыққа тарату үшін күні-түні учаскелер арасында жүгіріп жүргенбіз. Қаладағы нағыз қарбалас сәуір айының 5-жұлдызында басталды. Біздің жұмыс кеңсеміз қаланың орталығында орналасқан болатын. Таңертең сағат 9-ға жақын жұмысқа жақын жерлерден адамдардың шулаған дауыстарынанақ жағдайдың мәз емес екенін бірден түсіндік. Әріптестерімізбен бірге жылдам-жылдам қимылдап, әрқайсымыз өз компьютерлерімізді, құжаттарымызды барынша биікке шығарып, судан сақтанудың амалын жасадық. Сол аралықта көше жақтан сирена ойнаған дауыс естіліп, ауданда төтенше жағдай жарияланғаны туралы әлеуметтік желілерде хабарлар тарап үлгеріпті. Сол кездегі бастан кешірген қорқынышты сезімді, үрейлі дауыстарды, жанұшыра үйлеріне асыққан көшедегі тұрғындардың суыт жүрісін сөзбен баяндап жеткізу мүмкін емес.

Жоғарыда айтып өткенімдей, жағдайдың мәз емес екенін түсінген сәттен-ақ Құлсарыдан кетудің амаләрекетін жасап, басымызға күн туғанда пана болар қауіпсіз мекен іздеп, көп ұзамай Боранқұлға отбасымызбен жол тарттық. Үйімізде кішкентай бала болған соң судың іргемізге дейін келгенін күтіп отырмай-ақ ерте қимылдауды жөн көрдік. Сөйтіп, 5-і күні түс ауа бар керек-жарағымызды көлікке тиеп, жолға шықтық. Қауіп күшеймей тұрып-ақ бас-аяғы бір сағаттарда көздеген жерімізге жетіп үлгердік. Боранқұлда туған нағашы атам тұратын болған соң өзгелер секілді мектептерге орналасуды жөн көрмедік. Одан да бейтаныс жерге бас сауғалап келген құлсарылық тұрғындар орналассын дедік. Сол кездегі боранқұлдықтардың қонақжайлылығы мен кеңдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ер азаматтар жағы Құлсарыға қол көмекке аттанып кеткен екен. Содан жағдайдың қиындап бара жатқанын көріп, ақылдасып, ауыл тұрғындары Құлсарының халқына көмек көрсетуді бір ауыздан қолдай кетіпті. Сыйғандары мектепке, сыймағандарын өз үйлеріне орналастырып, әр үйде 7-8 отбасының мүшелері орналастық. Бала-шаға, у-шу. Десе де, «көңіл сыйса бәрі сияды» дегендей, бәріміз сол аядай ғана ауыл үйлерінде сыйысып, бір үйдің адамдарындай бір аптадай уақыт қауіп сейілгенше күн кештік...

Ш.ХАМИТОВА,

бас редактордың орынбасарыжауапты хатшы

Тасқын кезінде тілсіз жаумен табанды түрде текетіреске түскен елді мекеннің бірі – Тұрғызба ауылы. Тасқын су аталған округ орталығын түгелдей қоршап алды. Картадан қарасаңыз, сол сәттегі ауыл мұхиттың ортасындағы Жапония мемлекетін көзге елестететін еді. Аудан орталығымен қатынасты ұстап тұрған жалғыз Тұрғызба-Құлсары тасжолын да су шайды. Бірақ тұрғызбалықтар мойымады. Алтын бесігін табиғи апаттан аман алып қалды.

Тасқын асфальтты алқымнан ала бастаған күні ауылға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов келді. Ол тұрғындарды шұғыл түрде қауіпсіз аумаққа көшіру жөнінде түсінік жұмысын жүргізді. Алдыңғы кезекте әйел-балалар мен үлкен кісілер көшірілді. Бірақ ер-азаматтар мен оларға қызмет қылып жүрген жарлары, бірқатар ауыл тұрғындары қоныс аударудан бас тартты. Өйткені үміт нышаны әлі бар-ды. Ауылды қорғауда әсіресе жастар жағы ерледі. Оларды ұтымды ұйымдастыра білген Бағытжан Әбдісалықов, Түгелбай Бекжанов сынды бас көтерер азаматтар еді. Олармен ауыл әкімі Данияр Айтпенбет пен әкімдіктің бас маманы Сламғали Досқалиевтер де күш біріктірді. Бұл бір жергілікті билік пен халықтың бірлігін сынға салған сындарлы сәт болды. Ауыл маңындағы барлық жайылым жазықтығы телегей теңіздей суға толып, арыны алқымнан алғанда «кемедегінің жаны бір» болады екен.

Тасқын басталған алғашқы сәуірдің 2-сінен 3-іне қараған түнде ауданнан келген техника күші жоқ, ауыл тұрғындары өз қолындағы арнаулы көлігі мен тракторын ортаға шығарды. Тіпті, баяғы совхоздың сарқыты - «МТЗ», «Беларусь»-тер де пайдаға асып кетті. Ауылдың Абзал Балғынбаев, Ернұр Есқайыров,Асқар Әбілов,Аманқос Мұстафин, Түгелбай Тұрсынов, Тұрар Әбдешов, Асхат Алдабергенов сынды азаматтар қолда бар техникасымен топырақ тасып, жер күреп, жаға бекітуге тез кірісті. Бір түнде ауылдың қара жұмысқа жарамды ер-азаматтары мен жастары тынымсыз тер төгіп, Тұрғызбаны айналдыра жеті жерден бөгет тұрғызып шықты. Олар, негізінен, тасқын қауіп төндірген «Беріштөбе», «Ықсантүбек», «Ескі құрылыс» пен «Жаңа құрылыс», «Кебіркөл», «Орталық» және «Бірінші Қора» тұстарынан мықтап бөгелді. Қора-қопсыда, сарай мен шоланда жатқан қапшықтар жиналып, топырақ қапталып, дереу жаға бекіту жұмыстары да дереу қолға алынды. Оған жастармен бірге мектептің жоғарғы сынып оқушылары да жұмылды. Дер кезінде алынған шұғыл шаралардың арқасында тасқынның алғашқы толқынының тұмсығы тасқа тірелді. Бірақ қуануға әлі ерте еді. Құлсарының жартысына жуығын алған алапат тасқын ауданға үлкен шығын әкелді. Ағысы сағат сайын артып, көтерген бөгеттерге өршелене ұмтылды. Алғашқы қойылған қаз-қатар қаптар су астында қалып, су деңгейі күн санап көтеріліп бара жатты.

Бірақ тұрғызбалықтар қайтқан жоқ. Ауылды аман қалып қалу үшін белді бекем буған азаматтарға ауданның жедел штабынан да қосымша күш жеткізілді. Бұл ауыл әкімі Данияр Айтпенбет пен №4 мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Сымбат Қабдырахмановалардың ықпалымен келген транспорт құралдары еді. Нәтижесінде «КТЛ» «Интертаско», «Казкомсервис», «КазГлобалСолюшн», «АВС лимитед», «Сенімді құрылыс» сынды мердігер мекемелерден барлығы 6 погрузчик пен 10-ға тарта самосвал техникалары көмекке келіп, оларға ауылдың 4 тракторы да қосылды.

Соның арқасында бөгеттерді қосымша биіктету, нығайту және бекіту жұмыстары күшейтілді. Оларда түнімен кезекшілік ұйымдастырылып, бөгеттер тәулік бойына күзетілді. Қыз-келіншектер, шаруаға жарамды әйелдер жеті жерден тігілген палатканың ішінде асхана ұйымдастырып, еразаматтар мен жастарды үздіксіз тамақтандырып отырды. Орта мектеп спортзалы азық-түлік базасына айналды. Ондағы жұмысты Әлібек Мейірманов жүйелі түрде үйлестіріп тұрды.

Тұрғызбаны ала алмаған тілсіз жау қаламен қатынасты үзуге тырысты. Трассадағы көпірге қатер төндіріп, нөпір су асфальттың үстіне шығып кетті. Ауыл азаматтары сонда да табандылық танытты. Олардың бір бөлігі бүлінген көпірдің астын жөндеуге кіріссе, екінші бір тобы ағыс шайған жолдың жиегін бекітіп, қосымша топырақ төгіп, қалпына келтіруге жұмылды. Су тасжолды жарып кетсе, Жаңа Қаратонға қауіп төнеді. Сондықтан тұрғызбалықтар өз қамы үшін ғана емес, көршілес кенттің де қауіпсіздігі үшін күресті. Бұл – сәуірдің 6-сы күні еді. Бір мезетте ауыл халқы эвакуацияланып, қауіпсіз аймаққа көшіп жатты.

... Бүгін, міне, күні – түні тынымсыз төгілген тер текке кетпеді. Ауыл халқының бірлікпен қылған тірлігінің арқасында Тұрғызбаны тасқын су баса алмады. Қазір тұрғындар бұрынғы мамыражай өмірге қайта оралып, өңірдегі өзге жұртқа үлгіөнеге көрсете білді. «Бірлігі күштіні жау алмайды» деген осы да.

Е.ҚОШАҚАНОВ

2024 жылдың бірінші тоқсанында Мемлекеттік корпорация өз күшімен мемлекеттік қызмет көрсету барысында тіркелген 1319 бұзушылықты анықтады. Салыстырмалы түрде, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 249 бұзушылықты құраған.
- Мемлекеттік корпорация анықталған фактілерді құқық қорғау органдарына беріп, нәтижесінде 12 қылмыстық іс қозғалды.

- «Азаматтарға арналған үкіметтің» 90 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 2 қызметкердің лауазымы төмендетілді, 9 қызметкермен еңбек шарты бұзылды.

- Бұзушылықтар ХҚКО-лар мен мамандандырылған ХҚКО-лар қызметінде, жылжымайтын мүлікті тіркеуде, жер кадастрында және т. б. бойынша анықталды.

- Бұл фактілер бойынша Алматы қаласы, Алматы, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде. Осы орайда, Мемлекеттік корпорация сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік қағидатын ұстанатынын атап өтуіміз керек. Қауіпсіздік қызметінің мамандарымен бұзушылықтарды ашу бойынша үлкен жұмыс жүргізіледі. "Азаматтарға арналған үкімет" құқық қорғау органдарымен өзара тығыз байланыста және анықталған құқыққа қарсы іс-қимылдар туралы барлық фактілер дереу қарастыруға жіберіледі.

Қазіргі уақытта "Азаматтарға арналған үкімет" пен ҚР ҚМА арасында бірлескен Меморандум әзірленуде. Ол көлік құралдарын мамандандырылған ХҚКО-ларда заңсыз тіркеуге қарсы күрес жүргізу барысында тараптардың ынтымақтастығын нығайтуға және күш-жігерін үйлестіруге бағытталған.
Сонымен қатар, 2023 жылдың 16 қазанынан бастап сыбайлас жемқорлықтың құрамдас бөліктерін азайту үшін Мемлекеттік корпорация жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырылатын емтихандардың өткізу тәртібін қатаңдатуға мүмкіндік беретін 3.0 ЖЖЕ жүйесін енгізгенін еске саламыз.

Страница 1 из 487

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521