60-қа жуық мекеме меморандумға қол қойды

Аудан әкімдігінде мұнай кеніштеріндегі кәсіпорындар мен зауыт, басқа да мекеме басшыларымен кездесу өтті.

Жиналысты аудан әкімі Азамат Бекет ашып, жүргізді. Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров, «Теңізшевройл» ЖШС-нің Үкімет және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев жиналысқа арнайы қатысты. Бұл күні Жылыой ауданы әкімдігі мен жұмыс беруші арасында жұмысшылардың еңбек құқықтары мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бойынша меморандумға қол қойылды.

Алдымен, Жұмыспен қамту орталығының директоры Қ.Омаров баяндама жасады. Ол баяндамасында ауданымызда тіркелген жұмыссыздар саны, оларды жұмысқа орналастыру туралы мәлімдеме жасады. Содан соң меморандумға отыратын мекемелердің тізімін ұсынып, 2020 жылы ашылатын жаңа жұмыс орындары бойынша мониторинг және жұмыссыздарды жұмысқа орналастырған мекемелерді де атап өтті.

Өндіріс, кәсіпорын басшыларын алдағы уақытта да бос жұмыс орындарына аудан азаматтарын жұмысқа орналастыруға шақырды. Жылыой ауданы бойынша жұмыссыздық мәселесі аудан әкімдігінің күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелерінің бірі және жұмыссыздық мәселесін жоюға аудан көлемінде бірқатар шаралар жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында «Теңізшевройл» ЖШС-нің ұйымдастырумен Атырау қаласында «West Way Service» ЖШС және «APEC PETROTECHNIC жоғарғы колледж» ЖШС оқу орталығында аудандық Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздыққа тіркелген тұрғындарды Теңіз кенішіндегі компанияларға сұранысқа ие құбырмонтаждаушы, дәнекерлеуші, бақылау-өлшеу құралдарының автоматикасы және т.б. қажетті мамандықтарға оқуға іріктеу өткізілді.

Арнайы тестіден өткен жұмыссыздар Атырау қаласына 3 ай оқытуға жіберіліп, ондағы жатақханасы, 3 мезгіл тамақтануы, тегін барып-келуі арнайы көлікпен қамтамасыз етілетін болады. Бұл оқу алдағы уақытта өз жалғасын табады, - деді ол баяндамасында. Жиналыс соңында 60-қа жуық мекеме басшылары аудан тұрғындарын жұмыспен қамту жөнінде меморандумға қол қойды.

Ж.Есмұханқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521