Қаһарман қала қоршауында ерлікпен қаза тапты

Аталарын табуға "Кең Жылой" газеті көмектесті.

Таяуда редакциямызға Құлсары қаласының тұрғыны Жайлыбай Есқалиев есімді азамат келді. Ол өзінің туған атасы, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер Есқали Бегалиев туралы тың деректі "Кең Жылой" газетінен тапқан еді. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде өмірге келген Есқали атасы бұрынғы Жылой кентінің маңында туып-өскен, сол жердің топырағына кіндік қаны тамған. Соғысқа дейін қандай кәсіппен айналысқаны, қай колхозда қызмет атқарғаны жөнінде дерек жоқ. Тек белгілісі - шамамен 1942 жылдың бас жағында қан майданға аттаныпты.

-Атам ескіше сауаттанған, молдалығы бар деп есіткенмін. Бойында қасиеті де болса керек. Соғысқа немере інісі, яғни ағасы Жекейдің баласы Ермек атамызбен бірге аттанады. Кетерінде: «Менің осы кеткенім кеткен. Енді қайтып оралмаймын. Алланың қалауымен Ермек бауырым елге келер!» - деп өзінің қаза табатынын алдын ала болжап кеткен екен. Айтқаны айнымай келді, - дейді Ж.Есқалиев.

Елін жаудан қорғауға аттанғанда жасы 44-45-тердің шамасында болған жылыойлық жауынгер Есқали Бегалиевтің өзі айтқандай, расында да, ол қан майданнан оралмады. Артынан не қара қағаз, не өзгедей хабар ала алмаған туысқандары күте-күте күдерін үзгендей болып еді. Тек бертінде ғана ғаламтордан, яғни, 6-7 жылдың төңірегінде Есқалиевтер де өз аталарына іздеу салады. Міне, сол сәтте Есқали Бегалиев туралы «хабар-ошарсыз кетті» деген дерек табылады. Тек өткен жылы ғана Есқалиевтер әулеті үшін үлкен қуанышты оқиға болды. Онда да сүйіншілеген жақсы хабар сырттағы ғаламтордан емес, өзіміздің Жылыойдың төл басылымы - «Кең Жылой» газетінен келді. Маңғыстау облысының Боранқұл елді мекенінде тұратын Жәнібек Науаровтың соғыстан оралмаған боздақтарды, соның ішінде бір топ жылыойлық жауынгерлерді де іздеп тауып, тың деректерді аудандық газетке жариялап келгені белгілі. Міне, сол «Кең Жылой» газетінің 2018 жылғы 22 ақпандағы №8 (7796) санынан Жайлыбай Есқалиев пен оның отбасы өз аталарының аты-жөнін көріп, қуаныштан төбелері көкке екі елі жетпей қалды. Бірнеше жылдан бермен қарай із-түссіз жоғалып кеткендер қатарында болып келген жауынгер аталары Ленинград майданындағы жаумен кескілескен шайқасқа қатысып, қоршаудағы қаһарман қаланы қорғап, Отан үшін жанын пида еткен екен. Онда:«Бигалиев Искали (Бегалиев Есқали). 1897 г. (1889). Рядовой. ЛенФ. 85 сд 59 сп. Куривский РВК. Умер от ран. 08.09.1942 г. Госпиталь: ЭГ 1359. Источник информаций: Филиал ЦАМО (военно-медицинских документов) Ленинградская обл, г.Ленинград, Пискаревское кладбище» - деп қалай жерленген жеріне дейін толық жазылған екен. Жарты ғасырдан астам уақыт бойына аталарынан бірде-бір хабар таба алмаған Есқалиевтер отбасы үшін бұл күтпеген қуаныш болды.

Сөйтсе аталары, қатардағы жылыойлық жауынгер Есқали Бегалиев қаһарман қала Ленинградты неміс фашист басқыншыларынан қорғай жүріп, ауыр жараланып, госпитальда көз жұмған екен. Ал Есқали ақсақалдың жары Хадиша Жекеева мен жалғыз ұлы Әбіл Жекеев әкесі туралы бірде-бір дерек біле алмай өмірден өтіп кеткені өкінтеді.

b

Атасын тапқан Жайлыбай Есқалиевке биыл ғана басына барып, зиярат етудің сәті түсті. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында, яғни мамырдың 6-сы күні қасына өз ұлы Арман мен Жасұланды, үлкен ағасының баласы Есенқұлды ертіп алып, бұрынғы қаһарман қала Ленинградқа сапар шекті. Мамырдың 8-і күні таңда қалаға табан тіреген олар картада көрсетілген бауырластар зиратына да келіп жетеді.

- Пискаревское кладбище – өте үлкен қауым екен. Біз барғанда сол бір сұрапыл соғыс жылдары қаһарман қаланың қоршауында қаза тапқан тұрғындар мен жауынгерлерді еске алып, зират басында митинг өтіп жатты. Сол қаралы жиынға қатыстық. Қауымның ауласының ішінде өз әкімшілік үйі бар болып шықты. Біз сондағы әкімші әйелмен кездесіп, жөн сұрадық. Ол кісі қызметтік бөлмесіндегі компьютерін ашып, ондағы мұрағат деректерін парақтады. Атамыздың аты-жөнін тауып, зираттың қай жерінде жатқанына дейін айтып берді. Қауым құжаттарынан біз атамыздың сүйегі №113 құлпытастың астына қойылғанын білдік. Ауылдан келген төртеуміз сол жерге барып, мен аруағына бағыштап Құран оқып, туған жерден алып келген топырағымызды басына жастадық,-дейді Жайлыбай аға.

Жерлестеріміз қаһарман қалада бір тәулікке аялдады. Биылғы Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Ресейдің Санкт-Петербор қаласында қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткіші ашылғаны белгілі. Жайлыбай аға бастаған Есқалиевтер сол күні мерген қыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Әлия Молдағұлова атындағы көшеде орналасқан, оның өзі оқыған №143 мектепте, төрт жасынан бастап тәрбиеленген интернатында болып, Жеңіс күнін қаһарман қалада қарсы алды. Ата аруағына тағы да зиярат етіп, басынан топырақ алып, Мәскеу арқылы туған жерге оралды. Осылайша атасының жауынгерлік жолымен жүріп, ер етігінің ізі қалған жерді басып өтті. Елге аман оралған Жайлыбай бастаған ұрпақтары бауырластар зиратынан әкелген топырақты Есқали ақсақалдың баласы жатқан Қосшағыл қауымына әкеп көмді.

Осылайша 75 жылдан астам уақыт хабар-ошарсыз кеткен тағы бір жылыойлық жауынгер дерегі табылып, рухы туған елімен қауышты.

Ербол ҚОШАҚАНОВ,

арнаулы тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521