«Адалдық алаңы» сіздермен бірге!

Жемқорлық, әділетсіздік, қиын проблемалар... міне, осы мәселелерді шешуге ауданымыздағы «Адалдық алаңы» кеңесі атсалысады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі бастамасымен елімізде «Адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырылуда. Соған сәйкес «Адалдық алаңы–Жылыой» жобасы да (кураторы аудан әкімі орынбасары Фарида Ахметова) ауданымызда өз жұмысын бастаған болатын. Бұл жобаның кеңсе басшысы Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық колледжі директоры Мадина Абдиғалиева болса, құрамына «Жылыоймұнайгаз» басқармасының кәсіподақ комитетінің төрағасы Мәлік Орынғалиев, С.Өтебаев атындағы мұнай және газ технологиялық колледжі директорының орынбасары Маруся Сарбалиева, Білім беру саласы ардагері Гүлжан Станова, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Жылыой аудандық бөлімі директоры Ерболат Төлендиев, Аналар кеңесі мүшесі Елена Қарасаева, Жылыой аудандық мәслихатының депутаттары Сәуле Мамбетова,Талғат Майлыбаев, Аманбек Мұқановтар, «Кең Жылой» газетінің бас редакторы Сәулеш Шәтенова енген.

Бұған дейін «Адалдық алаңы» мүшелері бас қосып, ауылдарды аралады. Өткен аптада кеңес мүшелері тағы да отырыс өткізді. Бұл жолы ауданымыздағы көпбалалы және тұрмыс жағдайы төмен отбастарындағы балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылып жатқаны сарапқа салынды. Аудандық білім бөлімі биыл осындай отбастарынан шыққан балалардың жақсы демалуына көңіл бөлген. «Аджип» компаниясының демеушілігімен Италиядағы «Чезенатико» лагерінде 3 оқушы демалса, Көкшетау, Қапшағайдағы лагерьлерде жиырмадан астам жасөспірім тыныққан. Осал топтардағы 50 бала Бурабайға бармақ. Алайда кеңесте алдағы уақытта көпбалалы, жағдайы төмен отбастарынан бұдан да көбірек бала демалыспен қамтылуы тиіс деген тұжырым жасалды.

«Адалдық алаңы-Жылыой» енді аудандық емхананың жай-күйімен танысып, ондағы сырқаттардың кезек күтудегі қиындықтары мәселесін талқыламақ.

С.Тәжіқызы

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521