ads_banner

Қадір түні мен Ораза айт

Биылғы қасиетті жұма күніне тап келген Қадір түнінің қасиетін қастерлеген аудан халқы сол күні кешкісін Жылыой мұсылмандары орталық мешітіне көп жиналды. Ауызашарға аудан әкімі Азамат Бекет қатысып, барша жылыойлық жамағатқа дұға-тілегін арнады. Құптан, тарауих намазы оқылғаннан кейін орталық мешіт залында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Мешіттің бас имамы Арман Исаев Қадір түнінің қадір-қасиеті туралы уағыз айтып, жамағат ішінен ораза ұстап жүрген ең жасы үлкен қариямыз Абдолла ақсақал Абдрахмановқа сый-сияпат жасады. Дәл осындай құрмет ең жас бүлдіршін Асылбек Ясинге де көрсетілді. Алғаш ораза тұтқандар да ұлығыланды. Отыз күндік оразада жылыойлық жамағаттың тарауих намазын оқуына ұйытқы болған қари Орынбек Дашынға мешітке келушілер ақшалай сыйлық жасап, бас имам арқасына шапан жауып, алғыс арқалатты. Орынбек – 2006 жылы Қытайдан көшіп келген қандасымыз. Алматы қаласындағы қарилар дайындайтын орталықта білім алған.

Қадір түнінде құлшылық қылған аудан жамағаты ата-баба аруақтарына, саяси қуғын-сүргін құрбандарына Құран-Хатым бағыштады. Соңынан мешіт асханасында 500 адамға сәресі берілді. Қадір түні барлық ауылдық округ мешіттері де жамағатқа лық толды.

Бүгін таң ала кеуімнен жылыойлықтар орталық мешітке, ауылдық округтегі мешіттерге Ораза айт намазына жиналды. Намазға дейін уағыз айтылып, таңертеңгі сағат 7.00-де бас имам Арман Исаевтың имамдық етуімен айт намазын оқыды. Намаздан соң Ораза айт мерекесі басталып, жұрт мешіт асханасына жиналып, мешіт басшылығы мен аудан азаматтарының жайған дастарханынан ауыз тиді. Нұрмұхаммед Есенәліұлы, Епбол Өтегенов, қажылар қауымдастығының төрағасы Жолдығали Тұрмағамбетов секілді ақсақалдар жамағатты айт мерекесімен құттықтады. Дұға оқылып, Абдолла қажы Абдрахманов ақ батасын берді.

Мерекелік дастархан соңы спорттық және балаларға арналған түрлі шараларға ұласты.

Қадір түнінде де, Ораза айт намазында да мешітте ине шаншар орын болмады. Сыймаған халық сыртта тұрып құлшылық қылды. Қасиетті түн мен күн аудан жұртшылығының бірлігі мен татулығын паш еткендей болды.

Е.Қошақанов

Сурет: ашық дереккөз

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner