Қала әкімі тұрғындармен кездесті

Соңғы екі аптада қала әкімі Қаржау Шарғабаев №1, №21, №8, №9, №19, 16, №18, №13 мектептерде қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу кезінде ол Құлсары қаласында соңғы уақытта атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспар туралы қысқаша хабарландыру жасап өтті.

Тұрғындар негізінен жол, тратуар, жол белгілерін орнату, көше жарығын қондыру, автобус маршруттарын толықтыру және өзгерту, қаңғыбас иттердің көптігі, спорттық және балалар ойын алаңдарын салу туралы мәселелерді көтерді. Көпбалалы аналар тұрғын үй мәселесіне байланысты сауалдарын да қойды. Қала әкімі Құлсары қаласы бойынша 107 шақырым жол салынатынын, ол үш кезеңге бөлінгені туралы айтты. Қалада жаяу жүргіншілер үшін 32 мың шаршы метр тратуар салу жоспарланған. Биыл 11,7 шақырым көше бюджет қаражатына жарықтандырылса, одан бөлек мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында 68 шақырым көшеге жарық орнату жоспарланыпты.

Сонымен қатар көпқабатты үйлердің аулаларын жарықтандыру жұмыстары жоспар бойынша жүзеге асуда. Автобус мәселесіне байланысты ТШО компаниясымен келісім жасалып 20 автобус алынатын да болыпты. Тұрғын үй мәселесіне байланысты биыл 5 қабатты 3 үйдің құрылысы басталмақ. Онда 300 пәтер қарастырылған. Қаңғыбас иттерді жою бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмек. Қазіргі кезде иттер арнайы улы дәрімен атылып жатқан көрінеді. Қала әкімі 2018 жылдан бастап мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейі енгізіліп, қазіргі кезде қала бойынша салықтан 377 млн көлемінде қаржы түсіп тұрғанын айтты. Бұл қаражат қоғамдастық мүшелерінің, яғни тұрғындардың өкілінің ұсыныстары негізінде қала тұрғындарына қажетті заттарға жұмсалатын болады. Қаламызда салық төлеп отырған тұрғындар осы қаржыға салынған қоғамдық мүлікке өз үйінің затындай қарауға шақырды.

- Қаламыздың көркеюі үшін бөлінетін бұл қаражатты толықтыру әр тұрғынның қолында. Тек қана күнделікті азық-түлік сатып алу кезінде немесе қызмет көрсету орындарының қызметін пайдаланғанда ақысын төлеген кезде міндетті түрде чек талап етіңіздер. Сонда сіздің жұмсаған қаржыңыздың белгілі бір бөлігі салыққа түседі. Осылайша қаламыздың көркеюіне жұмсалатын қаржы түсімі көбейетін болады,-деді қала әкімі. Ол 1 наурызда қала әкімдігі жанындағы қоғамдастық мүшелеріне өзгертулер мен толықтыру мақсатында жиналыс өткізілетінін айтты. Тұрғындар өздерінің тұратын учаскелерінен екі белсенді адамды осы қоғамдастық мүшесіне ұсынуы керек. Олар тұрғындар мен қала әкімдігі ортасында байланысты орнатып, әр учаскедегі мәселені шешу үшін халықтың ұсынысын жеткізіп отырады.

Қаладағы келеңсіздіктер туралы әлеуметтік желілер арқылы қала әкімдігіне хабарлап отыруға болатыны да айтылды. Мысалға көше тазалығы, ашық жатқан құдықтар және тағы да басқалары туралы әлеуметтік желілер арқылы қала әкімдігіне хабарлауға болады.

Қ.Дүйсенбетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521