Қалам ұшына қасиет қонған (фото)

журналист Бақытжан Бозданұлының туғанына 80 жыл

Аудан журналистикасының сардары, Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты, Жылыой ауданы мен Ақкиізтоғай ауылының Құрметті азаматы, «Теңіз кенішін тұңғыш ашушы» төсбелгісінің иегері Бақытжан Бозданұлы ең алғашқы тілшілік қызметін сонау 60-жылдардың басында сол кездегі аудандық «Ембі» («Кең Жылой») газетінен бастаған еді. Қатардағы тілшіліктен бастау алған сара соқпақ бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасарлығына дейін жалғасты. Жоғары партия мектебін бітіріп келгеннен кейін Бәкең 1973 жылдан бастап облыстық «Коммунистік еңбек» («Атырау») газетінің Ембі (Жылыой), Мақат аудандарының меншікті тілшісі болып тағайындалды. Бұл міндетті ол өмірінің ақырына дейін, көзі жұмылғанша абыроймен атқарды. Уақыт неткен жүйрік десеңізші?! 2009 жылы өзінің 70 жасқа толғанын бүкіл аудан жұртшылығымен, замандастарымен, Атырау аумағындағы әріптестерімен бірге қуана тойлаған Бақытжан ағаның дүние салғанына да, міне, тура 10 жыл өте шығыпты.

Осыған орай журналист Бақытжан Бозданұлының туғанына 80 жыл толуына орай Құлсары қаласындағы Жастар үйінде «Қалам ұшындағы қасиет» атты еске алу кеші болып өтті. Өмірлік жары Баян Қуанғалиқызы мен балаларының ұйытқы болуымен өткен бұл шараға Бәкеңнің аудан мен облыс көлеміндегі қаламгер достары, әріптестері, аудан жұртшылығы мен басшылары қатысты. Кеш журналист-жазушының өмірі мен еңбек жолынан сыр шерткен «Ғибратты ғұмыр» атты деректі фильммен басталды. Кеш шымылдығын жүрекжарды жылы лебізімен ашқан Бақытжан Бозданұлының баласы Махамбет Бозданов ел азаматы атанған әкесін еске алуға келген барша жылыойлықтарға шын жүректен алғысын арнады.

bozdanov55

Жүргізушілер, кешті белгілі әнші Гүлмира Қаналиева журналист ағамызға арналған сырлы өлең-сөздерімен өрнектесе, ақын Бүркіт Базарбаев ізбасар інісі ретінде естен кетпес естеліктерімен бөлісе келіп, Бақытжан Бозданұлының тілшілік тіршілігінің түйткілдері туралы әсерлі әңгімемен қыздыра түсті.

bozdanov33

Бәкеңдей ел азаматына адал жар болу кез келген нәзік жанның қолынан келе бермейді. Ол өмірден өтсе де, артындағы өлмес мұрасын қастерлеп, көзінің қарашығындай сақтап, жарыққа шығарып жүрген Баяны бар Бақытжан шынымен де бақытты ғой. Бұл ретте қадамгердің жарына қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. Еске алу кешінің басында жиналған жұрт Баян Қуанғалиқызын орнынан тұрғызып, зор қошеметпен қол соқты. Расында да, әріптес ағамыз Бақытжан Бозданұлының туғанына 80 жыл толуы қарсаңында жұбайы Баян апаның ұйытқы болуымен баспадан «Теңіз қалай түледі?» атты еңбегі жаңартылып басылып шықса, «Қалам ұшындағы қасиет» кітабы да оқырманға жол тартуға дайын тұр екен. Бәкеңнің көзі тірісінде жазған Теңіз кеніші туралы жазған мақалалар топтамасы мен өзі туралы замандастарының естеліктеріне негізделген қос кітаптың сол кеште тұсауы кесілді. Ол облыс пен аудан журналистикасының ардагері Тәжі Ақымов пен Нұрдәулет Ақназаровтарға бұйырды. Олар, негізінен, Бақытжан Бозданұлының шығармашылығы жалғыз осы еңбекпен шектеліп қалмайтынына, болашақта оның шығармашылық «лабораториясын» зерттеген жанға әлі де құнды дүниелер табыла беретініне сенім білдірді. Қос ақсақал қос кітаптың алқызыл лентасын қиғаннан кейін оны аудандық кітапхана мен мұражайға табыс етті.

bozdanov22

Аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров пен аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғановтар да журналист аға туралы естеліктерімен бөлісті.

bozdanov77

Оның шыншылдығын, мақала жазу кезіндегі ақты – ақ, қараны – қара деп көрсете білген туралығын нақты мысалдармен айшықтай білді. Тарихшы-өлкетанушы Аманғали Әміржанұлы Бақытжан Бозданұлының кейбір тағылымдық-танымдық маңызы зор 10 мақаласы мен «Біздің заманның бір әулеттегі кейіпкерлері» атты кітабынан үзінді жинақтап, «Туған топырақтың танымал тарландары» деген атпен кітапша құрастырып әкелген екен. Сол рухани дүниені жары Баян апайға табыс еткен ол журналист ағаның біз білмейтін кей қырлары туралы әңгімеледі. Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы, жерлесіміз Исатай Балмағанбетов те әріптес ағасымен алғашқы таныстығы, еңбек жолы мен шығармашылығы хақында сыр шертті. Сонымен қатар, Ақмешіт шырақшысы Ислам қажы Мырзабекұлы, Ауған соғысының ардагері Сисен Қонаров және басқалар да журналист-жазушы ағамыз жайлы жүрекжарды жылы лебізін білдірді.

bozdanov66

Жалпы өткен дәуірдегі қай-қай журналисті алмайық, осынау «арқалағаны - алтын, жегені - жантақ» деп аталатын қызығынан қиындығы басым журналистика саласына өзінің өлең өлкесіне алғаш имене қадам басқан жауқазын жырлары арқылы келген. Бәкең де қаламның қасиетін сонау балалық шағынан сезініп өсті. Балғын жүрегін баурап алған нәзік сезім сырлары ақша қардай аппақ қағазға жыр болып төгілді. Тырнақалды туындылары сол кездегі аудандық, облыстық газеттерде жарық көріп, ақиық ақын Берқайыр Аманшин секілді ағаларынан лайықты бағасын алған болатын. Сондықтан еске алу кешінде Бақытжан Бозданұлының ақындығынан айналып кету мүмкін емес еді. Бұл да қарымды қаламгердің көпшілік біле бермейтін бір қыры болса керек.

Сол күні Бәкеңнің шығармашылығынан туған ән-жырлар да оқырман қауымның жүрегіне жол тартты. Журналист ағамыз жас кезінде С.Островскийдің сөзіне жазылған Б.Мокроусовтың «Жди солдата» әнінің мәтінін қазақшаға аударған екен. Сахнада сазгер Қуаныш Бекеновтің баянда сүйемелдеуімен балғын әнші Мәди Дүйсенғали сол әнді «Күт мені» деген атпен қазақша нұсқасында шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ал оқушы Нұрайлым Нұрлыбаева Бақытжан Бозданұлының «Біздің елде еңбегі бағаланады» атты өлеңін мәнерлеп оқып берді. Кеште, сондай-ақ, күйші Тілес Тілеуқұлов Ә.Желдібаевтың «Еркесылқым», Құрманғазының «Байжұма» күйлерін күмбірлетіп, жас әнші Таңатар Темірханов «Қазақ елі» әнімен айшықтады.

Соңында сөз алған қаламгердің жары Баян Бозданова абзал азаматты сағынышпен еске алып, шығармашылық кешті ұйымдастыруға ұйытқы болған барша азаматтарға аналық алғысын арнап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Кеш шымылдығын жүргізуші Гүлмира Қаналиева ақын Ербол Қошақановтың әріптес ағасы Бақытжан Бозданұлына арнаған жыр шумақтарымен аяқтады. Расында да, ақын інісі жазғандай:

Боз даласы Жылыойдың мұңданады,

Бақытжандай жоқтайды тұлғаны әлі.

Ақ қағазы аңсайды қолтаңбасын,

Үстелінің үстінде тұр қаламы.

...Елдің жайын Бәкеңдей жаза алатын,

Тілші бар ма жан-тәні таза жақын?!

Қанша 10 жыл өтсе де ұмытпас ел,

Кең Жылыойдың Құрметті азаматы!-дегендей, Бәкеңнің мәңгілік өмірі енді басталды. Оның шығармашылығын шынайы зерттеп, жазу келер ұрпақтың еншісінде.

Кештен кейінгі еске алу шарасы Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің асханасындағы ас беру рәсімімен жалғасып, қаламгердің рухына бағыштап Құран-Хатым оқылды. Журналистика мен өмір жолында үзеңгілес болып бірге жүрген әріптестері Тәжі Ақымов, Төлеген Жаңабайұлы, Төлеген Берішбай, Меңдібай Сүмесінов, Меңке Бердіғалиев, Нұр-Мұхаммед Есенәліұлы және басқалар Бәкең жүріп өткен ғибратты ғұмырдың тағылымды тұстарынан әсерлі әңгіме өрбітті.

bozdanov44

Кеште және одан кейінгі ас үстінде де Бәкеңнің рухын қастер тұтқан жылыойлықтар журналист Меңдібай Сүмесіновтің «Бақытжан Бозданұлының атына Құлсары қаласынан бір көше атағы берілсе!» деген ұсынысын қызу қолдады.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521