Ғаламтор жұлдызы – Шәкірат

«Көршің тілші болса...» деген видеороликті әлеуметтік желіден көрген боларсыз.

Сол ролик шыққан күні-ақ еліміздің бүкіл жастары өз парақшаларында бөлісіп, авторларға үлкен қызығушылық танытқан болатын. Видеодағы тілшінің рөлін қатырып тұрып сомдаған жігіт – қаратондық Шәкірат Елемесов.

Жалпы вайнер деген кім? Бүгінде вайн бейнероликтері қазақстандық ғаламтор тұтынушылардың арасында нағыз қызығушылыққа ие. Бұл әртүрлі өмірлік жағдайлар негізінде жасалған пародияға негізделеді. Осылайша қызықты деген жазбалар мыңдаған көрілім жинап қана қоймай, бейнероликтердің иелеріне танымалдылық пен табыс әкеледі.

Бұған дейін жастар Шәкіратты квнші ретінде таныса, қазір ол көпшілікті күлкіге қарық қылатын видеороликтерімен танымал бола түсті. Оның әлеуметтік желіге салған вайндарын бәрі асыға күтеді. Ал шықса болды, желдей ұйтқып тарайды. Бұл жөнінде Шәкіраттың өзімен сөйлескен болатынбыз.

- Шынымды айтсам, мыңдаған адам біздің видеоролигімізді қарап, бөліседі деп ойламаппын. Тек жарты сағатта ұялы телефонмен түсіре салған аз минуттық дүние болатын.

- Ендеше, «Көршің тілші болса...» деген танымал видеоролик жөнінде айтып өтсеңіз.

- Бір күні шарбақта досым Абылай екеуміз жан-жағымызға қарап әңгімелесіп отырғанбыз. Шарбақтағы ретсіздікті көреміз де, мен тілші болып, Абылай көрші болып сынауға көшеміз. Жердегі шелектің алынбағанын, егіннің суарылмағанын, шөптің жұлынбағанын, итке тамақ берілмегенін әзілмен көрсетеміз. Ал көршісі тілшіге бұлардың жазбауын сұрап, өтініш білдіреді. Біраз уақыттан кейін манағы тілші сол үйге қайта барса, баяғы жартас - сол жартас. Содан «Көршің тілші болса – бәле» атты екінші видеоролигіміз шықты. Адамдар мұның астарын түсінбеуі мүмкін. Дегенмен бұл видеомыз біраз жерге дейін барып, танылып қалыпты (күліп).

- Сіздің актерлік шеберлігіңізге көпшілік таңғалады. Неге өнерге бет бұрмадыңыз? Жалпы өзіңіз туралы әңгімелеңізші.

- Мен Жаңа Қаратон кентіндегі №22 мектепті бітіріп, Атыраудағы Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінде білім алғанмын. Мамандығым бойынша қызмет жасамаймын. Ал КВН ойындарына студент кезімнен қатыстым. Дикциям тәуір болған соң, жүргізушілікпен айналысып жүрмін қазір. Әрине, киноға шақырып жатырса, қуана-қуана түсер едім. Абылай деген талантты досым екеуміз кастингтерге қатысып, бағымызды сынап көрмекпіз. Бұл – біздің арманымыз.

- «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Сіздің аспаптарда да ойнайтыныңызды білеміз.

- Ия, домбыраның құлағында еркін ойнаймын. Шынымды айтсам, арнайы мектептерде оқығаным жоқ. Жалпы ата-анам да өнерге жақын жандар ғой. Солардан көріп, өз бетіммен үйреніп алғанмын. Сондай-ақ гитара тартқанды, поэзия оқығанды жаным сүйеді.

- Әңгімеңізге рахмет.

П.ЖАУЫНБАЙ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521