Қазақ қыздарының қайсарлығына тәнті болдым

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орын алғанда мен Алматы қаласындағы зооветеринариялық институтта оқып жүр едім.

Сол кезде алаңға шыққан қазақ жастарының нақты санын қазір тап басып ешкім айта алмайды. Бұл жерде мәселе санда емес. Мені бәрінен де бұрын қуантатыны – 17-25 жас аралығындағы студенттердің бірінші болып 70 жылға тарта тоң боп қатып қалған тоталитарлық жүйенің көбесін сөккені еді. Жарты ғасырдан астам осы жүйенің езгісінде болып, бас көтерместей жаншылып қалған елдің жастарының бойындағы намыс оты қайдан ұшқын алды? Мүмкін, бабалар рухы оятты ма? Қалай болғанда да қызыл империяның отарлау саясатының салқынымен мұз болып қатып қалған жүректер Желтоқсанның мұзға жаққан алауымен еріп, халықтың бойында намыс оты лапылдап жанды. Сол алау тұтас алып СССР-дегі үлкен сеңнің қозғалуына септігін тигізді.

Мен сонда студент қазақ қыздарының қайсарлығына қайран қалған едім. Жай көзге нәзік жанды боп көрінетін өрімдей жас бойжеткен Ләззаттар мен Сабиралар орыс солдаттарына қарсы жігіттермен қатар табанды түрде қарсылық көрсетті. Мұндай тектілік, ержүректілік тек Әлия мен Мәншүктерді туғызған қазақ халқының ғана қанында болса керек. Қазір сол Желтоқсанның мұзға жаққан алауының ішінде ұлтымыздың намыс оты болып лаулап жанған сол қарындастарымызға Халық Қаһарманы атағын берсе де артықтық етпес еді. Өйткені жалаң қолмен мұздай қаруланған әскери жасаққа қарсы ұмтылу кез келген ер-азаматтың қолынан келе бермесі анық.

Қазір көпшілігі ел тәуелсіздігі бейбіт жолмен келді деп ойлайды. Желтоқсан оқиғасы болмаса, еліміз үшін егемендікке жол ашылар ма еді? Жетпіс жылдай кейін бодандықтан бостандыққа қол жеткізсек, ең алдымен, Желтоқсан құрбандарына қарыздармыз. Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджановалар – тәуелсіздіктің алғашқы құрбандары. төгілген қанымен келді. Жап-жас қыз-жігіттер еліміздің еркіндігі, халқымыздың азаттығы үшін өз өмірлерін құрбан етті. Олардың қасында біздің алаңда жеген соққымыз, көрген қиындығымыз бен қорлығымыз түкке тұрғысыз.

Қазір Қазақстан мемлекеті өсіп-өркендеп, өркениет көшінен қалмай келеді. Желтоқсанның ызғары қатты болғанымен, тәуелсіздіктің жемісі тәтті болды. Оның игілігін сіз бен біз көріп келеміз. Еліміз қандайма бір жетістікке жетсе, ұлтымыздың ұландары қандайма бір жеңіске ие болса, біз мұның барлығын тәуелсіздікпен тығыз байланыстырамыз. Ал мұның астарында алаштың азаттық жолындағы күресіне рух берген, намысын оятқан Желтоқсан оқиғасы жатқанын ұмытпауымыз керек. Ол жастарымызды патриоттық сезімге баулып, отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелейді.

Мұрат Мұқанов,

Желтоқсан оқиғасына қатысушы,

Құлсары қаласы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521