Батырдың келіні болу оңай емес

«Кең Жылыой» мәдениет үйінде жазушы, батыр Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті.

Бұл рухани кездесуге халық көп жиналды. Жазушы әңгімесін өзінің келін болып түскен шаңырағындағы қызықты оқиғаларынан бастады. «Бір күні Б.Момышұлының жұмыс кабинетіне кіріп, үстелінің үстіндегі заттарды жинастырып қойдым», - дейді. Оны көрген атасы қатты ашуланыпты. «Содан кейін ғана батырдың жұмыс үстелі солай шашылып тұруы керектігін білдім. Солай біртіндеп, сол шаңыраққа үйрене бастадым», - дейді жазушы.

Зейнеп Ахметова осындай біраз өнегелі әңгімелерімен бөлісті. Жазушы ұлттық идеология, қазақы тәрбие және әсіредіншілдер мен жемқорлық туралы да өз ойын ашық жеткізді.

Оның ойынша, баланың тәрбиесіне бірінші кезекте ата-анасы жауапты. – Қыз балаға қырық үйден тыйым болуы қажет. Келіндік өмірге дайындайтын да – анасы. Себебі келін болып түскеннен кейін оның қандай тәрбие алғаны көрініп тұрады, - дейді.

Жазушы ене мен келіннің қарым-қатынасын, ұлттық намыс туралы да ойларын өзінің қарапайым мысалдарымен түсіндірді. Содан соң кездесудің екіжақты болғаны дұрыс деп, көрермендер қойған қоғамдағы ажырасудың себептері туралы, өзінің қайыненесі туралы және т.б. көптеген сұрақтарға жауап берді. Кейбір сұрақтарға әдемі әзілімен жауап қайтарды. Мұнайшы зейнеткер, Аналар кеңесінің төрайымы Мұстахима Малашқызы жазушыға Жылыойға келіп, кездесу өткізгеніне алғыс айтып, шапан жапты.

«Ембімұнайгаз» Акционерлік Қоғамының кешті ұйымдастырушылары Зейнеп Ахметоваға арнайы сыйлығын табыс етті.

Кездесу соңында жазушы оқырмандарына өз қолтаңбасын берді.

Ж.Шаңқанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521