var base_url = 'http://www.ken-zhyloi.kz/index.php?option=com_sppolls'

ads_banner

Бетімен кеткен бала, бейқам ата-ана

Сондайда әлгі сыншыға қарап «Ау, тәрбие деген ананың сүтімен, әкенің қанымен сүйекке сіңетін тектілік емес пе?» дегің кеп кетеді. Баяғының шалдары ұлына текті жердің қызын әперуді армандайды екен. Сол үшін ел кезіп, қызы бар үйге түсіп, шай құйған бойжеткенді сынайтын болған. Тектілік дегеніміз не? Ол - мыңғырған малы бар бай болу деген сөз емес. Тектілік - ана сүтімен даритын асыл қасиеттер (ақылдылық, арлылық, көргенділік, мәдениеттілік, даналық, тағы да басқа) жиынтығы. Ғалымдар балаға әке арқылы және ана гендері арқылы берілетін қасиеттерді анықтаған. Мәселен, денсаулықтың гені әке арқылы берілсе, ақылдылық (интеллект) ана арқылы беріледі деп дәлелдеді Оңтүстік Каролина университетінің медицина мектебі қызметкерлері. Сондықтан еркек неғұрлым дені сау, денесі күшті болса, балаңыз да сондай болмақ, ал интеллект шеше арқылы беріледі. Қазақтар «Жігіттің жақсысы нағашыдан» дегенді осыған қарап айтты ма? Аса ақылды еврей халқы бала геніндегі ананың осы ролін жете бағалаған, сондықтан оларда тек ана арқылы беріледі. Мақаламыздың тақырыбынан сәл ауытқып кеттік. Айтпағымыз: тәрбиенің 90 пайызын бала ата-анасынан алады.Сондықтан бұзақы баланы көргенде, алдымен, «Ай, ата-анасы кім екен мұның?» дегенді алдымен ауызға алған дұрыс-ау. Ендеше, жылыойлық ата-аналар бала тәрбиесіне жете көңіл бөле ме?

Маскүнем әкелер

Бірде жексенбі күні 1-ықшамаудандағы «Лидер» сауда үйіне бардым. Супермаркеттің алдында күздің суығында тоңып-шашырап тұрған 9-10 жасар бала алақанын жайып: «Шырынға ақшам жетпей тұр еді, тиын бересіз бе?»- деп жалынды. Жақ жүні үрпиіп,киімі алқам-салқам боп, танауынан боғы жылтыңдап тұр. Аяп кеттім де, 100 теңге бердім. Сол кезде ар жағында тұрған және бірнеше баланы байқадым. Бұдан соң «Технодом» сауда орнына бардым. Сөйтсем манағы сұраншақ бала алдымнан тағы шықты. Сол баяғы әні – «...шырын алуға тиыным жетпей тұр». Оның өтірік айтып, ақша жинап жүргенін сонда ғана біліп, қабағымды түйіп бұрылып кеттім. Ал сол 9 жасар баланың әкесі не анасы сол сәтте ұлының қайда жүргенін біле ме екен? Ертеңгі бұзақы, қылмыскер жастар осындай қараусыз балалардан өсіп шықпай ма? Ауданымызда маскүнем, бөтелкелестерімен бірігіп ап арақ ішуден қолы босамайтын қаншама әкелер бар. Осындай отбасылардағы көзі жаутаңдаған кішкентай балалардың тағдырын ойласам, аяп кетемін. Маскүнем әке араққа тойып кеп, әйелін сабайтын, үнемі жанжалдасып жататын отбасылар қаншама? Осындай тозақта өсіп жатқан баланың психологиясы қалайша бұзылмайды? Ал біз жастар арасында суицид неге көп деп сұрақ қоямыз. Туған ұл-қызының тағдырынан арақ пен наша, есірткіні артық санайтын , жаман әдеттен арылуға не емделуге ерік-жігері жоқ еркектерді көргенде олардың санасыздығына таңғаласың.

Қатыгез бала қатал анадан шығады

Бір танысым айтқан әңгіме есімнен кетпейді. «Шешем өмірі бетімізден сүйіп көрген емес. Тіптен алыс қаладан айлап жол жүріп келсек те алдымыздан шықпайтын, «Ә, келдің бе?» деп отыра беретін» деген еді. Ия, өкінішке орай, көптеген ата-аналар «Баламызға аналық не әкелік мейірімімізді танытсақ, олар жасық, жаны күйреуік болады» деп есептейді де, баласына деген махаббатын шектеп ұстайды. Ал ата-анасының Күн секілді мейірімі мен жылуын жеткілікті ала алмаған бала барша әлем суық, қатыгез, безбүйрек екен деп қабылдайды. Осыдан төбелес болса, бірге жүрген жолдасын тапаншамен ата салатын қатыгез балалар өсіп шығады. Көптеген ата-аналар балаға деген мейірімін оларға қымбат киім, қымбат телефон әперу деп қана түсінеді. Ал мұндай қылықтың астарында « Елде жоқ қымбат телефон тек менің баламда ғана болуы керек» деген эгоизм мен мақтаншақтық жатады. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін ата-аналардың көбі баласына бөле алмаған уақытының орнын осылайша қымбат киім, зат әперумен толтырмақ болады. Қымбат телефон, тіптен қымбат машинасы да бар, ал жүрегінде ата-анасы бермеген мейірім жоқ. Осындай жастар Құлсары қаласының көшесінде түн жарымында шектен тыс жылдамдықпен жарысып, талай жол апатын да жасап жатады.

Балаға әлемдік әдебиет пен классикалық өнер туындысы туралы ұғындыратын, білім мен ғылымға құлшындыратын ата-аналар көп пе?

Аз емес, әрине. Бала тәрбиесіне көңіл бөлетін, тіптен сол үшін педагогикалық оқулықтарды да оқып жүретін ата-аналарды білемін. Өкінішке орай, ата-аналардың көпшілігінің той-садақадан, толып жатқан туған күндер мен ананың әкесіне ас берген, мынаның көкесінің юбилейі, пәленшенің немересінің тұсаукесер тойы тәрізді отбасылық шаралардан қолы тимейді . Ал мұндай отбасыларда қонақасыда түн жарымында майлы тағам жей бергендіктен қарны шығып, қырыққа келмей жатып қан қысымы көтеріліп ауыра бастайтын , ақшаны көбірек табу керек деп есептейтін, тоғышар азаматтар шығады. Немесе өсек айтудан қолы босамайтын анадан дәл сондай сумақай келіншек тәрбиеленіп шығады. Ата-аналарға онсыз да смартфонға шұқшиып отырасыз, сол кезде ғаламтордан педагогикалық тәрбие мәселелеріне арналған мақалаларды да оқысаңыз деген тілек айтқым келеді. Мұның ата-аналарға көмегі мол. Ал өзіміздің бағзы бабалардан, ата-әжелерден мұраға қалған қазақы тәрбиеге жетер тәрбие жоқ қой, негізі.

Жүкті оқушы қыздар саны жыл санап артуда

Статистика бойынша ауданымызда мектепте қабырғасында екіқабат боп қалатын қыз балалар саны көбеюде. Бұл неліктен? Бірде мектептегі ата-аналар жиналысына баруға газеттің жұмысынан босай алмай, орныма университет бітіріп, жұмыс жасап жатқан қызымды жібердім. Жиналыста пікірталас кезінде қызым тұрып: «Мектеп оқушылары, әсіресе қыз балалар түрлі «бешірлерге» көп барады. Оларды ата-аналары неге жібереді? Оқушы қыздар ерсі боянады» ,-депті. Сонда не болды дейсіз ғой, өзге ата-аналар мен мұғалім оған дүрсе қоя беріпті: «Неге бармайды, барсын. Онда тұрған не бар? Кезінде өзің де мектепте жүргенде талай барған шығарсың»,- деп... Өкінішке орай, сабақтан тыс, кешке, түнде үйлерінде «бешір» жасайтын оқушылар мен «бешір» жасататын ата-аналар көп. Ондай «бешірлерге» ата-анасы жібермей , бара алмай қалған оқушы ертесіне өзге сыныптастарына көзге шыққан сүйелдей көрінеді. «Өй, анау-үйден шықпайтын үйкүшік, ал біз болсақ, «бешірді» де, көшені де емін-еркін кезе алатын саңлақтармыз» деп есептейді ата-анасы «бешірге» жібере салатын өзгелері. Мұндай «бешірдің» білім кенін қазып, білім-ғылым үйренуге тиісті шәкіртке қаншалықты пайдасы бар? Ондай «бешірлердің» орнына неге түрлі үйірмелер, тәлім алатын сабақтарға қатыспасқа. Ата-анасы оларға «Жоқ, рұқсат етпеймін. Ертең кәмелет жасына жеткен соң «бешірдің» түр-түріне, таусылмайтын той-томалаққа, толып жатқан «юбилейлерге» молынан барасың. Одан қалыс қаламын деп қорықпа! Ал әзірге сенің біреудің үйінде болатын түнгі «бешірге» баруға жасың кәмелетке жетпеген»,-деп неге түсіндірмейді? Екіншіден, бәлкім, осындай «бешірлерде» мектеп оқушыларының аяғы ауыр боп қалатын оқиғалардың кездеспесіне кім кепіл? Егер «Қыз балаға қырық үйден тыйым болса» ауданымызда осыншама екіқабат оқушы қыздар болмас еді ғой. Жоғары сынып оқушыларына мектепте би ұйымдастыруға да болады. Мұғалімдердің бақылауымен, әрине. Қазір оқушылардың көбі түнде той болып жатқан мейрамханаларда даяшы қызметін атқарады. Күніне 2000 шамасында ақы алатын көрінеді. Тойда жасөспірім қыз балаларға тиісіп, қылмыңдамайтын жігіттер болмасына кім кепіл ?! Соңы жүкті болып қалуға соқтыратын келеңсіздік те осындайдан басталуы да мүмкін. Әлі оң-солын тани қоймаған балапан жастың ересек жігіттердің алдап-арбауына түсіп қалмасына кім кепіл? Жалпы аз ғана тиын-тебен үшін оқушы балалардың жалданып жұмыс жасағанына жүрек те ауырады. Бәлкім, отбасының тұрмысы қиын шығар? Олай болмаған жағдайда ішімдік ішкендер жүретін тойханаларға жасөспірімдерді жібермеген жөн.

С.Тәжіқызы.

Жарнама

ads_banner2

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_banner2

ads_banner