БИЛІКТІҢ БЕДЕЛІ БІЗГЕ БАЙЛАНЫСТЫ

23 маусым - Мемлекеттік қызметшілер күні

Елбасымыздың Жарлығымен кәсіби мерекелер қатарына Мемлекеттік қызметші күні мерекесінің қосылуы сала қызметкерлерін бір серпілтіп тастағаны белгілі. Қай мемлекетті алсаңыз да, оның өсіп-өркендеуіне үлесін қосып, маңдай терін төгіп жүрген – мемлекеттік қызметтегі азаматтар.

Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екені белгілі. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Өйткені мемлекеттік қызметші биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген дана сөз бар. Сондықтан қашанда жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады.

Мен жоғары оқу орнында алған біліміммен мемлекеттік қызметтің кадр саласында біраз уақыттан бері қызмет атқарып келемін. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлі мен орны бөлек. 23 маусым мемлекеттік қызметшілер мерекесі ретінде аталып өтілуі, бір жағынан, халықтың бізге сенім артқанының, қолдауының айғағы болса, екінші жағынан, бізге бұрынғыдан аса жауапкершіліктің артуына себеп болды. Қазіргі таңда аудан бойынша 127 мемлекеттік қызметші жұмыс жасауда (штат саны – 134). Ал 22-29 жас аралығында жұмыс жасап жатырған 30 мемлекеттік қызметші бар. Жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді.

Шындығында да, мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білім пен іскерлікті ғана емес, халықпен жұмыс жасауда әдептілікті, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да Елбасымыз «100 нақты қадам Ұлт жоспарында» кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың жаңа бағыттарын айқындап, мемлекеттік қызметшілер алдына үлкен міндеттер қойып, оны іске асырудың негізгі қадамдарын бекітіп беріп отыр. «Ұлық болсаң, кішік бол» дейді дана халқымыз. Сондықтан да, қай істе болмасын алдыңғы қатардан табылу, өзiнiң iс-әрекетiмен мемлекеттiк билiктiң беделiн нығайту мемлекеттік қызметшінің басты парызы болуы керек деп білемін. Бұқарамен байланысып, іскерлік қарым-қатынас жасауға мемлекеттік қызметшілердің үлгі бола білуі маңызды. Ол үшін әрбір мемлекеттік қызметші өзінің қызмет этикасын, функциональдық міндетін жетік білуі шарт. Сонымен қатар қызмет әдебін сақтай білуі керек. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сай кәсіби еңбегіне жанашырлық таныту Конституциялық құқықтарын меңгерудегі біліктілігіне негіз болмақ. Сонда ғана қоғамның ілгерілеуіне ықпал етер қозғаушы күш - мемлекеттік қызметшінің өркениетті ел мүддесі үшін үлесі зор екені айқын.

Білікті кадр ғана ел дамуының негізгі тетігі болатыны белгілі. Жылыой ауданының мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жатқан қызметкерлері де қойылып отырған талап пен сенім биігінен көрініп, өздерінің міндеттерін лайықты атқарып келеді деп айта аламын. ҚР Президентінің мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге қойып отырған міндеттерін де орындауға өз үлестерін қосады деген ойдамын. Еліміздің өсіп-өркендеуіне, Елбасы мен Үкіметіміздің саясатын жергілікті жерде жүзеге асыруға сүбелі үлес қосып, оның ыстығы мен суығына төзіп, білімдері мен іс-тәжірибелерін ел болашағына арнап жүрген әріптестерімнің еңбектері қашанда құрметке лайық.

Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жатқан барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын, ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық, береке-бірлік тілеймін. Осындай өнегелі, мәртебелі мамандықтың иесі атанып, ел игілігіне атқарып келе жатқан еңбектерінің жемісін көре берулеріне тілектеспін.

Гүлсім Мирманова,

аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521