Бір күнде қос балабақша ашылды

Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында білім берудің жаңа басымдықтарына мән берді. «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту, инженерлік білім беру жүйесін, білім беру әдістемелеріцн жаңғырту нақты жолға қойылды.

Білім беру жүйесінің ұзақ мерзімді жоспарын жасай отырып, «Балапан» бағдарламасын кемелдендіру Қазақстанда ең кішкентай бүлдіршіндердің мектепке дейінгі білім алуын қамтамасыз етуіне жол ашты. Ел бүлдіршіндерінің бүгінгі күннің қалыбына және жасы мен даму ерекшеліктеріне сай білім алуы – күнтізбенің бірінші бетінде тұрған мәселе болғандықтан, бүгінге дейін осы жоба аясында бірталай жұмыстар атқарылып келеді. Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Құлсары қаласындағы қос бірдей әлеуметтік нысан халық игілігіне берілді. Алдымен «Барлаушылар» ықшамауданында 290 балаға арналған су жаңа «Бүлдіршін» балабақшасының ашылу салтанаты өтті. Оған аудан, қала және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов, қала тұрғындары, ТШО компаниясының өкілдері қатысты. Салтанатты шарада аудан әкімі Азамат Бекет көпшілікті бүгінгі айтулы оқиғамен құттықтады.

Құрметті тұрғындар! Бүгінгі ұрпақ-ертеңгі болашағымыз. Бүгінгі күні әр баланың, әр азаматтың жүрегінде тәрбиенің негізін қалаушы – балабақша. Тәуелсіз еліміздің келешегін тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Балабақша – мектепке дейінгі тәрбие берудің негізгі арқауы. Халқымыздың әдептілік, инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлық қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіретін білім ордасы. Бүгін киелі Жылыой жерінде балдырғандардың үлкен мейрамы! Елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында 290 орындық балабақша кішкентай бүлдіршіндерімізге есігін айқара ашпақ. Бала тәрбиесі ол үлкен және жауапты іс. «Баланы бесіктен» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Елін сүюге, имандылыққа, қазақ тілін қадір тұтуға үйретудің маңызы зор. Осы қасиеттерді «Бүлдіршін» балабақшасының тәрбиешілері балалардың бойына сіңіру бағытында жұмыс жасайтынына сенімдіміз, - деп аудан әкімі жаңа балабақшаның ашылуымен баршаны шын жүректен құттықтады. Келесі кезекте «Теңізшевройл» ЖШС-ның негізгі күрделі жобалар бөлімінің басты активтер жөніндегі менеджері Рама Кантамнени компанияның әлеуметтік қолдаулары туралы мәлімдеп өтті. Оның айтуынша, 1993 жылдан бері ТШО-ның Атырау облысындағы әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды, жергілікті тұрғындар мен қызметкерлерге көмек көрсетуді қаржыландыруға бөлген ақшасы 1,4 млрд. асқан екен. Кәсіпорын өзінің «Игілік» ерікті әлеуметтік инфроқұрылым бағдарламасы арқылы Атырау облысында 110 жобаны іске асырды. Өткен жылы да мектеп, балабақша, мәдениет үйлері мен түрлі спорт кешендерін салуға 25 млн. АҚШ долларын жұмсапты.

Тұрғындар атынан Гүлмира Құбатайқызы жаңа балабақша салып беріп отырған аудан әкімдігі мен демеуші компания ұжымына ризашылығын білдірді. Балабақша құрылысын жүргізген мердігер «Орлан» ЖШС-ның бас директоры Кенжебек Мырзағалиев жаңа ғимараттың символикалық кілтін балабақша басшысы Разия Жұмағалиеваға салтанатты түрде табыс етті.

Аудан әкімі мен ТШО компаниясының өкілі жаңа ғимараттың лентасын қиып, салтанатты түрде ашты. Осыдан кейін шараға қатысушылар балабақша ішін аралап көрді. Бірінші қабатта 5 топ орналасқан. Оның төртеуі 20 баладан кіші топқа арналған, ал біреуі 25 орындық ересек тобы. Олардың барлығы талапқа сай ойын бөлмелері, жатын бөлме, кіреберіс бөлмелерімен қамтылған. Сонымен қатар бірінші қатарда жуынатын бөлме орналасқан. Балаларды тамақтандыру, денсаулығын қадағалау санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мақсатында асүй блогы, медициналық блок және кір жуу блоктары орналасып, олар заманауи қондырғылармен жабдықталған. 2-қабатта 7 топ, ән-әуен залы, психолог, әдіскерлер бөлмесі, іс тігу бөлмесі бар. Жатын бөлмелер төсек жабдықтарымен қамтылған. Сонымен қатар физиотерапия бөлмесі де бар. Балабақша ауласында 13 топқа арналған ойын алаңдары орналасқан.

Және олар қажетті ойын құралдарымен жабдықталған. Келесі кезекте аудан әкімі бастаған топ «Автожолшылар» ықшамауданындағы 290 орындық «Шұғыла» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Бұл балабақша да ТШО компаниясының «Игілік» бағдарламасы аясында салынған болатын. Балабақшаның салтанатты ашылуында алғашқы сөз кезегі аудан әкімі Азамат Бекетке берілді.

-Отанын сүюге, ата-анасын сыйлауға, өз елін қадірлеуге баланы кішкентайынан бастап баулу керек. Бүлдіршіндердің тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлінетін болса, болашақта білім мен тәрбие егіз болып, елдің болашағын көркейтетін азаматтар өсіп шығады,-деген аудан әкімі баршаны жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Одан кейін ТШО компаниясының өкілі Р. Кантамнени құттықтау сөз сөйледі. Тұрғындар атынан зейнеткер мұғалім Әмина Майлыбаева ризашылығын білдіріп, азаматтарға алғысын айтты. «Орлан» ЖШС-ның бас директоры Кенжебек Мырзағалиев балабақша басшысы Айсұлу Қариеваға символикалық кілтті табыс етті. Осыдан кейін шараға қатысушылар балабақша ішін аралап көрді. Бұл балабақшаның да жобасы алдыңғы балабақшаға ұқсас екен. Осылайша Жылыой ауданында бір күнде қос балабақша ашылып, тұрғындарды қуантты. Жер қойнауының байлығы алдымен сол жергілікті жердегі тұрғындарға тиесілі. Былайша айтқанда түскен қаржы бірінші кезекте сол аймақты дамытуға жұмсалуы керек. Жергілікті халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезіну, оны абыроймен атқару үлкен күш пен мол қаржыны қажет етеді. Ең бастысы, соған деген ниет керек. Жергілікті билік «Теңізшевройл» компаниясымен байланыс орнатып, бұл бағытта жұмыстар атқаруда.

Қайрат ДҮЙСЕНБЕТОВ.

Суреттерді түсірген: Айзада ДОЛЫБЕКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521