Болат Ербосынов көшесі қайда?

Таяуда редакциямызға Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Досан Әділов келді.

Ол 2002 жылы Құлсары қаласының бір көшесіне Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқан жерлесіміз Болат Ербосынов есімі берілгендігін, бірақ уақыт өте келе ол жер белгісіз себептермен «№190 көше» аталып кеткендігін хабарлады. Қоғам төрағасына бұл жөнінде сол көшенің тұрғыны Жандос Сабыров деген азамат айтқан екен. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін біз Д. Әділовпен бірге оның көрсеткен көшесіне аяқтай барып, тұрғындармен де тілдесіп көрген едік.

Көшенің басы қаланың орталық аурухана жақ бетіндегі 4-учаскенің «Өрік» дүкенінің тұсында Р.Қараманов көшесімен қиылысады екен. Құрсай өзегінің жағалауынан кейінгі бірінші тұрған көше ретінде толықтай асфальтталған, келесі шетінде Орталық базарға апаратын И.Таймановқа барып қосылады. Көшені жаяу жағалаған біз мұндағы тұрғын үйлер ауласының есігінде ілулі тұрған мекен-жай жазбаларына назар аударғанбыз. Алдымен, бағанаға бекітілген тақтайшаға көзіміз түсті. Онда: «Ауғанстан соғысында 1981 ж. жауынгерлік тапсырманы орындау жолында қаза болған Ербосынов Болат атындағы көше» деп жазылған екен. Рас, кейбір бояулары кете бастаған. Соған қарап, бұл белгінің осыдан 16 жыл бұрын орнатылғанына күмән келтірмедік. Өйткені оны Болаттың әкесі Жылқыбай баласының атына көше атағы берілетіндігін білген сәтте-ақ «Ақберен» өндірістік кооперативіне тапсырыс беріп, өзі жасатқан екен. Оның үстіне дәл осы белгінің жанында сол кездегі аудан әкімі Асқар Бисеновтің өзі түскен және жауынгер атындағы көшенің ашылуына орай алқызыл лента қию салтанаты бейнеленген фотосуреттер де сақталыпты.

Көшедегі көп үйлердің сыртында, кейбірінің ауласында, есігінің маңдайшасында «Ербусинов Болат көшесі» деген жазулар әлі күнге дейін ілулі тұр. Ал бірқатары екі мекен-жайды да қоса жазып қойған. Бұл - әрине, көшенің сыртындағы мән-жайлар. Мәселенің ішкі жағына үңілу үшін көше тұрғындарының өзімен тілдескенді жөн көрдік. Қоғам төрағасы Д.Әділовке хабарласып, алғаш дабыл қаққан азаматтың бірі Жандос Сабыров кезінде аудандық Әділет басқармасының берген «Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және техникалық сипаттамалары туралы анықтама» мен «Меншік иесі туралы мәліметті» көрсетті. Онда өз отбасымен тұрып жатқан пәтерінің «Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, 4-ауыл, Ербусинов Б. 43 үй» мекен-жай бойынша орналасқаны анық жазылған. Көк байрағымыз түстес бұрынғы «Азаматтарды тіркеу кітабында» да «4-ауыл Ербусинов көшесі, № 43 үйде тіркелген» деген жазу тұр. Бірақ 2017 жылы Халыққа қызмет көрсету орталығынан алған «Мекенжай анықтамасынан» үй нөмірінің №633-ке өзгертілгенін, көшенің 190-шы болып ауысып кеткенін байқадық. Аталған анықтамадан мұндағы тұрғындардың 2014 жылдан бастап жаңа мекен-жайға ауыстырылғанын аңғарамыз.

Он бес жыл Қарулы Күштер қатарында қызмет етіп, кейін денсаулығына байланысты аудан мектептерінде алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс берген №50 «а» үй тұрғыны Бисембі Шәмшиев те қазіргі №190 көшенің марқұм Болат Ербосыновтың есімімен аталғанын растады:

-Бұрын бұл көшеде асфальт жол деген атымен болған жоқ. Жаңбыр жауып, қар ерісе, мидай батпақтан аяқ алып жүре алмайтынбыз. Сол себепті біздер «Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеп жүргенде ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Болат Ербосынов атындағы көшенің тұрғындарымыз» деген сөйлеммен басталатын арыз жолдарын жазып, аудан әкіміне дейін барып, көшемізге тасжол төсетіп алғанбыз. Сөйтіп, Болаттың рухы дем беріп, көшеміз асфальтталып, ажары кіріп қалған еді. Тұрғындарымыз ел танымайтын әлдекімнің «көкесінің» немесе «атасының» көшесінде емес, бейбіт заманда Отан үшін от кешіп, ерлікпен көз жұмған батыр сарбаздың атындағы көшеде тұрғанын мақтан тұтатын. Бұл өсіп келе жатқан үйдегі балаларымыздың патриоттық рухын оятуға да үлкен септігін тигізіп келді. Көптеген тұрғындардың жауынгердің аты-жөні жазылған тақтайшаны алып тастамай отырғанының астарында осындай сыр жатыр. Осыны жергілікті билік басындағылар түсінуі керек. Сондықтан біз көшеміздің бұрынғыша интернационалист-жауынгердің есімін иеленіп қалғанын қалаймыз,-дейді Бисембі ағай.

2002 жылдың көктемінде Болат Ербосынов атындағы көшенің ашылу салтанатына қатысқан №656 үй тұрғыны Махмуд Есқалиев қаза тапқан жауынгермен әскери дайындықта біраз уақыт бірге болғанын, есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында жергілікті әкімдік игі бастама көтергенде қатты қуанғанын жасыра алмады. Сол сәтте Болаттың әкесінің тапсыруымен ұлының аты-жөні жазылған тақтайшаны пәтерінің көрнекті жеріне қағып қойғанын, сол жазу әлі күнге тұрғанын, алып тастағысы келмейтінін, көшеге бұрынғы атауы қайта берілгенін қалайтынын жеткізді.

Махмуд пен Бисембі және бірнеше тұрғынмен тілдесіп, бұл көшенің осыған дейін Болат Ербосынов есімімен аталғанын есіткеннен кейін біз боздақтың әкесі Жылқыбай Ербосынов ақсақалдың үйіне бас сұқтық. Ол кісі баласының атындағы көше жайлы есіткен хабарға, әрине, ренішті. Сөз арасында сол кездегі Құлсары қаласының әкімі Еркін Сатанғұловтың 2002 жылдың 15 наурызында шыққан №470 шешімінің көшірмесін көрсетті. Ол «Жылыой аудандық ономастикалық комиссияның Ұйғарымын іске асыру шаралары туралы» деп аталады екен. Түсінікті болуы үшін шешімінің мәтінінің басын сол қалпында толық келтіргенді жөн көрдік:

«Жылыой ауданы әкімшілігі жанындағы аудандық ономастикалық комиссияның 25 ақпан 2002 ж. №1 Ұйғарымын басшылыққа ала отырып ШЕШІМ етемін:

1. Құлсары қаласы, 4 ауыл «Мереке» кинотеатрының Солтүстік–Шығыс жағындағы «Өрік» дүкенінен басталатын көше қатардағы жауынгер, 1980-1981 ж/ж. Ауған соғысына қатысып, интернационалдық борышын өтеу кезінде ерлікпен қайтыс болған Ербосынов Болат атына берілсін.

Аудандық сәулет және қала құрылысы саясаты бөліміне осы шешімді қаланың бас жоспарына енгізу міндеттелсін...» деп тайға таңба басқандай анық жазылған екен. Соңында Құлсары қаласының әкімі Еркін Сатанғұловтың қолы тұр.

-«Балама көше атағын беруді ешкімнен сұрағаным жоқ. Сол кездегі билік басындағылар өздері бастама көтерді. Қалалық әкімдік басшылары Ауғанстанда қаза тапқан менің ұлым Болат пен Ерболат Омаровқа көше атағы берілетінін хабарлады. Оны таңдауды өзімізге берді. Мен 4-учаскеден, Құрсайға жақын, «Өрік» дүкені артындағы көшені таңдадым. Онда асфальт жол жоқ еді. Ашылар қарсаңда «Ақбереннен» арнайы ескерткіш тақталар жасатып, үлкенін көшенің басындағы бағанаға бекіттім. Қалғанын сондағы көше тұрғындарына таратып берген едім. Сол кездегі аудан әкімі Асқар Бисенов, қала әкімі Еркін Сатанғұлов, Ауған соғысы мен өзге де еңбек ардагерлерінің, қарайған халықтың қатысуымен ұлым Болат Ербосыновқа салтанатты жағдайда көше атағы берілді. Бірақ арада ондаған жыл өткен соң, оны ешкімнің келісімінсіз өзгертіп жіберу қандай заң талаптарында қарастырылған? Сондықтан бұл мәселені аяқсыз қалдыруға болмайды,-деді Жылқыбай ақсақал ашына.

Біз, әрине, сол кездегі қаланың №470 шешімін «қаланың бас жоспарына енгізуге міндеттелген» қазіргі аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айбек Жалеловке де жолығып, мәселенің мән-жайын анықтауға тырыстық. Бірақ жауапты маманын шақыртып алған ол қаланың осы бөлігінің картасын алдыма жайып салды. Ондағы белгі бойынша Болат Ербосынов көшесі қазіргі №190 көше емес, 4-учаскенің ішкі бөлігіне қарай орныққан №192 мен №191 көшелердің ортасынан орын тепкен болып шықты. Біз бұл жерді де келіп көргенбіз. Көшенің басы жоқ. Тұрғындар өз бетімен ауласын кеңейтіп, адам өтетін жерді бітеп тастаған. Өзге бөлігін арамшөп басқан, жұрттың ескі үйлері мен қисық шарбақты, сарай-шоланы орналасқан ауыл ішіндегі елеусіз «проезд» ғана екендігі көрініп тұрды. Қала әкімінің 2002 жылғы шешімінде көрсетілгендей, «Мереке» кинотеатрының солтүстік-шығыс жағындағы «Өрік» дүкенінен басталатын көше» деген бағытқа да тура келмейді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Құлсары қаласы 4-учаскенің тұрғындары өздері тұрып жатқан №190 көшені бұрынғыша Болат Ербосынов есімімен атайды. Ал қаланың картасына сүйенген аудандық сәулет және қала құрылысы бөліміндегілер басқаша сөйлейді. Яғни қағаз бен іс жүзіндегі көше атауы бір-біріне керағар. Сонда бұл кемшілікті кім түзетеді? Қалай болғанда да Ауғанстан жерінде ерлікпен қаза тапқан боздақтың есімі тасадағы тар «қапаста» емес, о баста берілген қаланың көрнекті жеріндегі көрікті көшесінен көрініс табуы тиіс емес пе?! Оған көзі қарақты оқырман қауым не дер екен?

Ербол ҚОШАҚАНОВ,

арнаулы тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521