ads_banner

Бос пәтерлер иесін тапса...

Жеке кәсіпкер Құрманбек Нұрғалиев «Оңтүстік аэропорт» ықшамауданына тасжол салу мен қалада тұрғын үй құрылысы мәселесін көтерді. Жол мәселесіне орай қала әкімі Қаржау Шарғабаев жауап берді.

- Жалпы қала бойынша 107 шақырым жолды жөндеу жоспарда бар. Оның ішінде 1-кезеңде қалада 45 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. «Оңтүстік аэропорт» ықшамауданы осы бірінші кезеңде қаралған. Наурыз айында жол төсеу жұмыстары басталады. Ал тұрғын үй бойынша биыл «Атырау» ықшамауданында 5 қабатты, 100 пәтерлік 3 тұрғын үй құрылысына қаражат қарастырылды. Құрылыс жұмыстары 2019-2020 жылдарға жоспарланған. Ол пәтерлерге ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар орналастырылады,-деді қала әкімі. Облыс басшысы жол құрылысы кезінде кейбір тұрғындар материалдарды ұрлап жататынын айтып, осы мәселенің алдын алу бағытындағы шараларды қала әкіміне қолға алуды тапсырды. Қала тұрғыны Бижамал Қойбағарова «Автожолшылар» ықшамауданы көшелеріне көше жарығын орнату мәселесін көтерді. Бұл сауалға да қала әкімі жауап берді. Оның айтуынша, қала көшелеріне 11,7 шақырым көше жарығын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өткен. Онда тұрғынның айтып отырған 4-учаскедегі №197 көшенің 750 метр көше жарығы да енгізіліпті. Жұмыстарды бастау үшін қаражат та қарастырылыпты. «Бұдан бөлек мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы негізінде қалада 68 шақырым көше жарығын жүргізу жұмыстары 2019-2021 жылдар аралығында жүргізілетін болады» деді қала әкімі. 5 бала тәрбиелеп отырған жесір ана Эльмира Бахова әлеуметтік көмек көрсетіп, жұмыспен қамтамасыз етуді өтінді. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Серік Қамидолла тұрғынға қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетінін түсіндірді.

- Сізге ай сайын 15 мың теңге көлемінде жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек тиесілі, құжаттарыңызды жинақтап, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына тапсыруыңыз қажет. Сол жерде сізге ақылы қоғамдық жұмыс ұсынылады,- деп түсіндірді бөлім басшысы. Облыс басшысы тұрғынның қандай мамандығы барын сұрап, қазіргі кезде мекемелер мамандық талап ететіндігін, аталған бөлім арқылы мамандыққа оқуға мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

«Жылыой кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің директоры Қуаныш Аязбаев 2019 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына республикалық бюджеттен, сонымен қатар ауылдық жердегі кәсіпкерлікті қолдау бағытында шағын несие беруге жергілікті бюджет есебінен қанша қаражат қарастырылып отырғанын сұрады.

- Биыл облысымыздағы жаңа жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 963 млн теңге қарастырылуда. «Бизнес аймақ» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту үшін жергілікті бюджеттен 150 млн теңге көлемінде қаралмақ. Сонымен қатар микроқаржыландыру ұйымы құрылуда, оған 250 млн теңге бөлінеді. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаларға облыс бойынша Жылыой ауданы кәсіпкерлері белсенді қатысып, өз жобаларын ұсынып, қаржыландырылып отыр. Оның көпшілігі қызмет көрсету мен сауда-саттық бағытында. Жалпы өткен жылы 187 кәсіпкерге қолдау көрсетілді ,- деді облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов. Облыс әкімі аудан бойынша аталған бағдарламалар аясында қанша кәсіпкер қамтылып отырғанын сұрады. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қанат Мыңбаев бағдарлама аясында жылыойлық кәсіпкерлер 107 жоба ұсынып, 3 млрд теңгеден астам қаражат алып отырғанын жеткізді. Қазіргі кезде ауылдық жерлерден ұсынылған 5 жоба 50 млн теңге алған. Сонымен қатар кәсіпкерлер 100 млн теңгеден асатын 15 жоба ұсынып, 2-деңгейлі банктермен қаржыландыру мәселесі қаралып жатқанын атап өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан шағын несие беретін «Атамекен» ұйымы құрылып, биыл өз жұмысын бастамақ. Облыс әкімі аудандағы көпқабатты үйлердегі бос тұрған пәтерлерді сатып алып, тұрғын үй кезегінде тұрған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға беру мәселесін қарауды ұсынды. Осы мәселені аудан әкімдігі мен кәсіпкерлерді бірлесе отырып шешуге шақырды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ернар Ысмағұл қаладағы көпқабатты 87 үйде 500-ден астам бос тұрған пәтер бар екенін айтты. Аудан әкімінің орынбасары Қахарман Бағыновтың айтуынша, оның ішінде 125-і банктерде кепілдікте тұрған пәтер көрінеді. 12 пәтердің иелері анықталмаған.

Аудан әкімі Азамат Бекет банкте кепілдікте тұрған бос пәтерлерді сатып алып беру мәселесі бойынша өз ұсынысын білдірді. Ол банкке төлейтін алғашқы жарнасын төлеп беруге көмек көрсетіп, үй жалдап отырған отбасыларға пәтерлі болуға жағдай туғызуға болатынын жеткізді. Сол жалдауға төлеп отырған қаражатты банкке төлеп, ек-үш жылда өзінің жеке пәтеріне ие болатынын түсіндірді.

Қ.Дүйсенбетов.

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner