var base_url = 'http://www.ken-zhyloi.kz/index.php?option=com_sppolls'

ads_banner

Данияр қарт кісіні судан құтқарып қалды

Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ерлер қай кезде де болған. Атқа қонып, ақ найза ұстамаса да, адамзаттың өмірін ажалдан арашалаған жандарды бүгінгі бейбіт заманның батыры десек болады. Сондай ержүрек жандардың бірі – құлсарылық Данияр Райымбековті аудан әкімі Азамат Бекет қабылдады.

s

Ол қабылдауға ата-анасымен келіпті. Бір үйдің жалғыз ұлы өзінің мұндай іс-әрекетін ата-анасынан алған тәрбиемен байланыстырды. Биыл Данияр Сафи Өтебаев атындағы колледждің 2 курсын тәмамдаған. Сөйтіп, студент 7 маусым күні таңертең ертемен өндірістік тәжірибеден өтуге кетіп бара жатады. Әдеттегідей ол орталық базар маңындағы көпірдің үстімен келе жатқан. Бір кезде екі келіншектің жанұшыра айқайлаған дауыстарын естиді. Жандарына жүгіріп барса, Құрсай өзегінде бір адам суға батып бара жатыр екен. Жанұшыра жанталасқан адамды құтқару үшін Данияр еш ойланбастан суға секіріп кетеді.

-Тек сөмкемді ғана жерге тастап, киімдерім мен аяқкиімімді шешпестен суға беріп кеттім. Дәл сол уақытта ойымда тек сол кісіні судан құтқару ғана болды. Өзім де аса жүзе алмаймын. Басқа адамдар да жүгіріп келіп, жәрдемдесіп жатты, әйтеуір, судан шығарып алдым. Сөйтсем, батып бара жатқан адам – 70-ке таяп қалған ата екен. Аяп кеттім,-дейді Данияр. Ал анасы бұл жағдайды естігенде жүрегі алып ұшып оқиға орнына жеткен. Оған Даниярдың өзі телефон соғып, тек үстінің су болып қалғанын жеткізген. Анасы оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі сол жерден біліпті. Жас жігіттің арқасында өмірі ажалдан арашаланған қария суға оқыстан құлап кеткенін айтып, Даниярға алғысын жаудырыпты.

Аудан әкімі Азамат Бауыржанұлы Даниярдың осы ісі нағыз ерліктің үлгісі екенін айтты:

-Өз өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан біреуге қолұшын созу – сирек кездесетін жағдай. Суға жүзе алмайтыныңды айтып қалдың. Соған қарамастан басыңды қатерге тіккен екенсің. Ең бастысы, барлығы сәтті аяқталды. Ал егер сен ол кісіні құтқармағанда аудандағы бір отбасы қайғыға батар еді. Бала әкесінен, немере атасынан айрылар еді. Бұл ісің барлығына үлгі болатыны сөзсіз. Деніңе саулық, отбасыңа амандық тілеймін,-деді ол кездесуде зор ризашылықпен.

s

Бұдан соң Данияр Райымбековті алғысхатпен, сыйлықтармен марапаттады. Ал осындай ержүрек ұлды өмірге әкелген анасына гүл шоқтарын табыс етті. Бұдан соң төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен Сафи Өтебаев атындағы колледждің директоры Марат Ибраев сөз сөйлеп, ерлікті бағалау келешек ұрпақты тәрбиелеу үшін аса қажет екенін айтты. Барлығы да жылыойлық нар жігітке алғыс айтты.

П.ҚИЗАТОВА

Суреттер А.Долыбекованікі

Жарнама

ads_banner2

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_banner2

ads_banner