Дариға апа

«Кең Жылой» газетінің шығып келе жатқанына 86 жыл.

Бір ақсақалдың ғұмырымен жасты газеттің аты осы жылдар ішінде бірнеше рет өзгерді. Қарап отырсақ, соның бәрі де қоғамдық формациялардың өзгеруіне байланысты болған. Былайша айтқанда, «Замана- соққан жел...» тәмсіліне орай өзгеріп отырған. Алғаш латын әрпімен «Социалды ауыл» болса, сәл кейінірек «Социалистік ауыл» деп түзетілген, сірә, «социалды» деген сөздің тым қазақилылығынан қорықса керек. «Бұдан соң «Коммунизмге алға» (орыс-қазақ тілдерінде), Брежневтік жылымық кезеңде «Ембі», тәуелсіздігімізді алған соң «Кең Жылой» болды. Замана желі қай бағытқа ауып, ұйытқыса да газет жылыойлықтардың өткенінен шежіре шертетін бірден-бір сүйікті басылымы боп қала берді, қала береді де. Құлсары қаласында тұратын Дариға Жиенбаева апай газет «Коммунизмге алға» деп аталатын кезде баспаханада әріп теруші боп жұмыс жасаған. Газет тарихын білетін таудай ағалар мен алғашқы баспаханашы апайлар да «Қариялар азайып бара жатыр» деп Мұқағали Мақатаев аға жырлағандай азайып барады... Қазақтың қызы, абзал анасы қандай болуы керек дегенде, мынадай болуы керек деп көрсететіндей ақ жаулықты, жарасымды киінген, тектілік пен зиялылық, ақыл-парасат тұла бойынан шуақтай төгілген Дариға апаймен де сұхбаттасудың сәті түсті.

-Дариға апа, баспаханада әріптер қолмен терілетін қиын кезде жұмыс жасаған екенсіз. Сол бір жылдар туралы айтыңызшы.

-Мен баспаханаға 1958 жылы жұмысқа тұрдым. Ол кезде аудандық газет «Коммунизмге алға, Вперед коммунизму» деген атпен орыс және қазақ тілдерінде жарық көретін. Газет редакторы Сәдуақас Байтауов деген кісі еді. Көп сөйлемейтін, сабырлы адам болатын. Редакцияда Дәуіт Артығалиев, Сүндет Неталиев, Кәлен Кідібасов, Жәрдем Тайыпов, тағы басқалар жұмыс жасады. Лев Мишедаев деген корректор болды. Ұлты басқа болса да қазақшаға судай ағып тұр. Газеттің екі беті – қазақша, екі беті – орысша. Лев екі тілге де сауатты болғандықтан сол орысша-қазақша газетті бір өзі тексереді. Біз – баспахана жағында 6-7 қыз әріп терушіміз. Әр әріп қолмен теріледі, ой, мына екі қолымыз қап-қара баттасқан майдан көрінбейтін. Күні бойы, түн ортасына дейін әріп теріліп, басылып, ертесіне таңертең газет дайын болады. Баспаханада Таскира Естебаева, Ынта Жұмағалиева, Алмажай, Мақаш апайлар, Лиман деген қыз жұмыс жасады.

-Сәби шағыңыз соғыс кезіне тұспа-тұс келген екен.

-Ия, мен 1942 жылы соғыс басталған кезде өмірге келдім. Өз әкем Оңай да, әкем Ақтай да бірі соғыста, бірі тылда сол қырқыншы жылдардың куәгері болды. Ақтай әкем соғыстан оралмады, хабар-ошарсыз кеткен. Тек кейін «Боздақтар» кітабынан аты-жөнін көріп, көз жасымды тыя алмадым. Әкем Оңай қолы ұсынақты шебер кісі болған. 17-ауылда тұрғанымызда етік, мәсі тігетін. Оюлы сандық жасайтын. Ол кезде қаншама соғыстың қайғы-қасіреті зіл батпан боп еңселерін жаншығанмен адамдар бір-біріне қайырымды да мейірімді болатын. Бір-бірінен көмегін аямайтын. Нанды кәртішкемен береді. Сол наны мен ішіп отырған асын бөлісетін. Адамдардың адамгершілігі аса жоғары еді.

Дариға апаймен әңгімелесіп отырып, талай жайтқа қанықтық. Туған нағашысының белгілі, аса талантты актер Нұрмұхан Жантөрин екенін білдік. Актердің әйелінің ұлты орыс екен, кейін екі баласымен Ресейге көшіп кетіпті. Осындай текті әулетте, тәрбиелі отбасында инабатты да ибалы, сымбатты боп бойжетеді. Ауданымызға белгілі азамат Сабыр Ғабдолкәрімов аға екеуі бір-бірін ұнатып қосылады. Сабыр ағай мұғалім болатын, үнемі жұмыстан қолы босамайтын қосағын апай баладай мәпелеп күтті. Шаршап келгенде қайдан келдің демей, отағасының қас-қабағына қарады. Сабыр ағай да – репрессияға ұшыраған зиялы отбасында өмірге келген, жетімдіктің зарын тарта жүріп, етінің тірілігімен оқып, білім алған жан. Ол-дағы Дариға апайдың бетіне өмір бойы бір рет тік қарамастан, бір ауыз артық сөз айтпастан жан жарын аялай білді. Сабыр аға газетімізге үнемі хабарласып, мақалалар жазып тұратын. Көркем әңгіме, повесть жазатын, ол шығармалары республикалық газет-журналдарда басылып жүрді. Осындай сүттей ұйыған отбасында 7 перзент өмірге келді. Бәрі де жоғары білім алып, атпал азаматтарға айналды. Қазір Дариға апа – 12 немеренің әжесі. Сол немерелерінің оқу үлгерімін қарап, бірін жетелеп, бірін ойнатып, қызықтарына тоймайды. Бір кездегі ұл-қызына берген тәлімді тәрбиені енді немерелеріне де беруде.

Кезінде мектепте үздік оқыған Дариға апайдың әлі күнге қазақтың ойшыл ақындарының өлеңдерін жатқа айтатынына таңғалдық. Ашық қоңыр дауыспен ән салатыны да бар. Қазақта осындай парасатты әжелер көп болса, ұрпақ та ұлағатты боп өсер еді-ау деп ойладық. Өмірден өткен жұбайын сағына еске алып, замандастарының арасында азаматының атын ардақтап, кітаптарын қастерлеп жүрген апайдың бар болмысынан қазақ әйелдеріне тән адалдық пен адамгершілікті аңғардық. Содан соң «Шіркін-ай, әр қазақ қызы осы Дариға апаларға қарап үлгі алса, еліктеп өссе, ұлтымыздың шаңырағынан Күн күліп, ошағы маздап жатар еді-ау» деп ойладық.

С.Тәжіқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521