ads_banner

Еліктеудің жөні осы деп...

Көз алдыма мына бір көрініс елестейді. Құлсары қаласындағы орталық базардағы киім сататын бутиктерді жағалап жүргенде бір таныс келіншекпен ойда жоқта кездесіп қалғанмын. Өзі пойызынан кешіккен жолаушыдай өте асығыс. «Кешке тойға баратын едім. Соған көк түсті көйлек іздеп жүрмін»,-дейді ентігіп. «Неге көк түсті көйлек? Қызыл көйлек немесе сары көйлек кисең, тойға кіргізбей ме?»- деп әзілдедім. «Жоқ, атай көрме, тек қана - көк көйлек...Себебі біз-қалыңдыққа құрбылар боп еріп жүреміз. Бәріміз біп-бірдей болып көк түсті көйлек киюіміз керек. Қой, мен кетейін, көк көйлек таба алмай қалып масқара болармын»,- деп асығыс жөнеле берді. Аң-таң болып тұрып қалдым. Көз алдыма көлбеңдеген бір көк көйлек елестейді. Құрбылармен бірдей көйлек киюіміз керек дейді, ал бутиктерде сол түстес көйлегі түскірі табылмаса, қайтеді? Ау, біздің қазақ халқының салт- дәстүрінде қалыңдықтың қасындағы нөкер қыз-келіншектер тойда бірдей түсті киім кисін деген жазылмаған заң бар ма еді?! Осылай он ойланып, жүз толғанып жүріп келемін. Танысым сол көк көйлекті тапты ма, әлде таба алмай қарадай пұшайман боп, өз жүйкесін өзі жұқартып, салы суға кетіп, сілесі құрыды ма, білмеймін? Қанша дегенмен бұл да жүйкеге салмақ түсіретін стресс қой. Тағы бір картина көз алдыма келе қалды...

Міне, бір дүкеннен танысым арман болған көк көйлекті тапты-мыс, бірақ бағасы удай қымбат екен. Қымбат болса да амалсыздан әмиянын ақтарып, бала-шағасының аузынан жырып, көздің құрты-көк көйлек үшін ең соңғы тиынын сатушыға санап берді. Себебі балалары аш қалса да, банктен алған бірнеше «кредиті» болса да, тойдан, «қатардан қалмау керек» деген жалған намыс қазақтың жанын жай тапқызар ма? Бәлкім, сол көк көйлегі түскір үшін күйеуімен, енесімен тілге кеп, ұрсысып, отбасының берекесі бұзылды ма екен? Осындай пәлсапалық ойлар миыма маза берер емес.Журналистердің аяқастынан тіршіліктің тірнектей түйіткілдеріне шұқшиып, социологиялық зерттеу жүргізіп кететіні бар... Әлгі келіншектің бар ғой киім шкафында қызыл, жасыл, қоңыр ала, ақ шаңқан көйлектері самсап тұруы да мүмкін, соны киіп барудың орнына көк көйлек...Тфу, тағы да көк көйлекті ойлап кетіппін ғой! Тойға бірдей көйлек киіп бару керек деген қағида қазақ салтында болған ба деген сұраққа жауап іздеп бүкіл кітап, ғаламторды парақтасам да бірде-бір деректі таба алмадым. Орыс халқында, сондай-ақ православие, католик дінін ұстанатын шетелде күйеуге шығып жатқан қызға бір топ құрбылары ере жүреді. Әлгі бір топ қыз бірдей түсті көйлек киіп, қалыңдықтың шашбауын көтеріп қасында жүреді. Біздің қазақтың қаракөз қыз-келіншектерінің еліктеп жүргені осы өздері кинодан, сериялдардан көрген жат елдің жат салты. Еліктеудің жөні осы екен деп елп ете қалатын қазақтың қыз-келіншектері «Тойда қалыңдықтың подружкалары бірдей түсті көйлек киеді» дегенді ойлап тауып ала қойған. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды» дегендей, бұл еліктеп- солықтаудан пайда болған «салтты» одан әрі түрлендіріп әкеткендер бар. Енді тек «қалыңдықтың подружкалары» ғана емес, сол үйдің кемпір-шалы, бала-шағасы да бірдей түсті киім кию керек дегенді бір іші пысқан ерке, шалдуарлау келін ойлап таба қойса керек, сол-ақ екен бүкіл Жылыой ауданында осы жаңа «салт» қолданысқа еніп кеткен.

Жоғарыдағы байғұс келіншектің етегіне сүрініп, қабынып, көк көйлек іздеп жүргені содан. Сонда еліктегеннен кім не ұтты? Еліктеу демекші, көршіміз орыс халқына еліктеп осы жаңадан қолданысқа енгізіп жіберген бір ерсі «дәстүрді» де мақаламызда айтып өтпекпіз. Славян халықтары ұстанатын православие дінінде жаңа туған нәрестені шіркеуде шоқындырады. Шоқындырған сәтте сәбидің өкіл әкесі мен шешесін белгілейді. Оларды орыстар «крестный отец»,«крестная мать» немесе «кум», «кума» деп атайды. Құдай алдында баланың шоқынғанына куә болған екі өкіл ата-ана сәбидің биологиялық әке-шешесі қайтыс болса, оны қамқорлығына алып, ата-анасына айналады. Міне, христиан дініндегі осы қазаққа жат салтты да қазақтың қыз-келіншектері қағып алып, көзсіз еліктейді. Перзентханада сәби өмірге келісімен жылыойлықтар «крестный отец» пен «крестная мать» деп жақын-жуықтарының бірін белгілейді. Әлгі «крестныйлар» (досы, жеңгесі, қайынсіңлісі не апасы) баланы перзентханадан алып шығуға тиісті. Олар сәбиге ойыншық сатып алады, қызылды-жасыл шарлармен,құшақ-құшақ гүлдермен думандатып, лимузин жалдап, шоу ұйымдастырып жіберетіндер де бар. Сәби күн санап, сағат санап өсе бастайды. Енді «крестный отец» пен оның жұбайы «крестная мать» сәбиге 1 жасқа толғанда қымбат ойыншық, 2 жасқа толғанда сүйретпе, 10 жасқа толғанда велесепед дегендей тарту-таралғы жасауға тиісті-мыс. Ау, қазақ қашан балаға «крестныйлар» тағайындап еді? «Крестный» деген «крестины» деген өзге тілден шыққан өзге елдің салты емес пе ? Ата-бабаларымыз толғатып жатқан келіншекті адалбақанға асылдырып, кіндік кесетін пышағын отқа жанып, әлеңкедей жаланған кіндік шеше - дала акушері кіндігін кесіп, жөргекке орап алатын. Кіндік шешеге тарту-таралғы берілетін. Аты айтып тұрғандай, тек сәбидің кіндігін кескен адам ғана кіндік шеше болады. Ал «крестныйларыңыз» не? Еліктеудің жөні осы деп ұлтымыздың сан ғасырдан бері қалыптасқан дәстүрін бұзу, дініміз ислам бола тұра «шоқынды өкіл әке-шеше» тағайындау ерсі әрі күнә емес пе? Жастардың, дәлірек айтсақ, кейбір тәлпіш келіншектердің ойлап тапқан рационализаторлық (жаңашыл) көрсеқызар қылықтарын көре тұра ақ сақалды, ақ жаулықты үлкендер оларға неге қой демейді? Сан ғасырлар бойы уақыттың сынынан өткен ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтайық. Себебі олар - даналыққа негізделген, шындығында да, асыл қазыналарымыз.

С. ШӘТЕНОВА.

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_banner2

ads_banner