Ит жылы құт жылы болды

Киелі мекен – Кең Жылыойдың байтақ даласының төсімен тағы да бір жылдың көші алға жылжып өтіп барады.

Уақыттың осы бір төрт мезгіліне көз жүгіртсек, онда он екі ай деген тараудан тұратын бұл жылдың әр күні ауданымыз үшін түрлі оқиғаларға, жаңалықтарға, жеңістер мен жетістіктерге толы екенін аңғарамыз. Әрине, әттеген-ай дегізетін кездер де кездесті. Бірақ бұл мақалада алдағы жаңа жылдан тек жақсылық қана күтетін қазаққа тән болмысымызбен «жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып», өтіп бара жатқан жылдың салған сара соқпағынан ізгіліктің ізін іздеуге тырыстық.

Алдымен, өндірісі өркендеген өңірімізде кәсіпкерліктің жыл өткен сайын қанат жайып келе жатқандығын айқын аңғарамыз. Өйткені Ит жылында ауданда көптеген кәсіпкерлік нысандары ашылып, пайдалануға берілді. Әрине, қашанда жақсылықтың жаршысы болуға асығатын журналистер қауымы оның барлығын да қалт жібермей жалпақ жұртқа жария етуге ұмтылды. Бірақ соның ішінен өлкемізде тұңғыш рет тұсауы кесілген Құлсары қаласындағы жылыжай кешенін ерекше атап өтуге болады. Облыс әкімінің қолдауымен құны 1 млрд. 466 мың теңгеге бағаланған бұл жоба аудандық әкімдік пен «Теңізшевройл» ЖШС және «Атырау – Сауда» ЖШС арасындағы үш жақты келісімшарт негізінде жүзеге асты. Ондағы 20076 шаршы метр алқапқа жыл ішінде 670 тоннаға тарта қияр, қызанақ, бұрыш секілді басқа да көкөніс пен бау-бақша дақылдары өсірілді. Жаңа жылда ресми түрде пайдалануға берілген жылыжайдың ашылуына сол кездегі аудан әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы келіп, бау-бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге атсалысқан «ЕСС Саппорт Сервисез» ЖШС-не ризашылығын білдірді.

Жалпы ауданда кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Cтатистикалық дерекке жүгінсек, онда өткен қараша айының 1-індегі мәлімет бойынша өңірімізде 6732 кәсіпкерлік нысаны тіркелсе, оның 5640-ы нақты жұмыс жасап тұрған субъектілер екен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға артқан. Онда қос қолға бір кәсіп көзін тапқан жандар қатары жарты жылда 13868-ден 17 мыңнан астам адамға көбейді. Жоғарыдағы ашылған жылыжай – халықты жұмыспен қамтыған сондай бір кәсіпкерлік нысанының бірі.

Жыл басында әдеттегідей әр деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп берді. Міне, сол сәтте аудан әкімінің есебін тыңдау үшін өңірімізге іссапармен келген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Құлсары қаласындағы мәдениет үйінде «Жылу беру маусымының жүргізілу барысы және жылу беру қазандықтарының жағдайы» жөнінде алқалы жиын өткізді. Оған Атырау аймағының барлық коммуналдық шаруашылық қызметінің басшылары қатысып, өзекті мәселелер өткір қозғалды. Онда Құлсары қаласындағы көпқабатты ықшамауданда орналасқан барлығы 87 үйдің жылу мәселесіне де баса мән берілді.

«Ғасыр жобасы» атанған «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына биыл 25 жыл толды. Ширек ғасыр ішінде еліміздің экономикасына 126 млрд. АҚШ доллардан астам қыруар қаржы құйған біріккен кәсіпорынның жалпы мұнай өндірісі 392 млн. тоннаны, ал газ өндірісі 122 млрд текше метрді құрады. Теңіз кенішінде алғашында 1 млн. тонна өнім өндірілсе, 2017 жылы 28,7 млн. тоннаға жетті. Бұл ТШО-ның осы жылдар ішінде қол жеткізген рекордтық көрсеткішінің бірі еді. Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын қолға алған кәсіпорын болашақта қара алтын қарқынын 39 млн. тоннаға дейін тасытпақ.

Осы жоба аясында салынып жатқан алып құрылыс алаңына көптен күткен алып жүктер де жеткізіле бастады. Көктемде ТШО-ның қаржыландыруымен Каспий теңізінің Прорва бөлігінен салынып жатқан жүк түсіру терминалының құрылысы аяқталды. Өзіміздегі «Ерсайдан» бастап, Италия мен Болгария, Оңтүстік Кореяда құрастырылып жатқан Үшінші буын зауытының модульдары мен газ турбинді генераторлары мұхитты кесіп өтіп, Теңіз терминалынан түсірілді.

Күні бүгін компанияда жұмыс жасайтын қазақстандықтардың қатары да артқаны анық. 1993 жылы ТШО-да 50 пайыз Қазақстан азаматы қызмет атқарса, биыл ол 82,5 пайызға көбейді. Компания әлеуметтік жобаларға 1,5 млрд бөлсе, «Игілік» бағдарламасының қоры 25 млн. АҚШ долларына артып, оның көпшілігі Жылыой өңірінің өсіп-өркендеуіне жұмсалды.

Құлсары қаласынан биылғы жылы ашылған қос балабақша ғимараты – сол «Игіліктің» игілігімен жасалған жұмыстың бірі. «Барлаушылар» және «Автожолшылар» ықшамауданынан бой көтерген 290 балаға арналған «Бүлдіршін» және «Шұғыла» атты мектепке дейінгі мекеменің пайдалануға берілуі ел ертеңінің келешегі үшін жасалған тағы бір игілікті іс болды. ТШО-ның осы ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы бойынша ауданға бөлінген қаражат жалғыз мұнымен шектелмейді. Құлсары қаласының ішіндегі Құрсай өзегінің 3 шақырымнан астам бөлігі абаттандырылып, тереңдету жұмыстары басталғаны белгілі. Аудан экологиясы үшін ауадай қажет бұл маңызды жоба да ТШО-ның қаржысына жасалып жатыр. Қазір ол міндеттемені мойнына алған мекемелер ызғарлы қыс мезгіліне қарамастан қызмет атқару үстінде.

Көктем шапағын шашқан сәуір айында ауданымызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз іссапармен келді. Әулиесін әлдилеген қасиетті топыраққа табан тіреген еліміздің Бас мүфтиі аудандық әкімдікте аудан жамағатымен жүздесіп, мағыналы да ғибратты ойларымен бөлісті. Кейін кеңейтілген Құлсары қаласындағы Жылыой мұсылмандары орталық мешітіне барды. Оның құрылысына атсалысқан жеке кәсіпкер Сәлімжан Балжігітов пен ауданның атпал азаматтарына, жанашыр жамағатына жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, алғысын айтты.

Сәлімжан Балжігітов жалғыз мешіт емес, көптен мәселе етіп көтеріліп келе жатқан Құлсары стансасындағы теміржол вокзалының да құрылысын бастап кетті. Кәсіпкерліктің өркен жаюы, әрине, жалғыз болатжолдың бойынан ғана емес, Қамыскөл көлінің жағалауынан да көрініс тапты. Онда «Береке-1» ықшамауданынан аудан көлемінде ғана емес, жалпы Атырау аймағы бойынша алғанда тұңғыш рет «Blue Water» деген атаумен аквапарк ашылды. Ол ала жаздай жылыойлықтардың көңіл көтеретін бірден-бір үлкен демалыс орнына айналды.

Мұндай жаңа нысанның игілігін мемлекеттік мекемелер де көрді. Айталық, биыл аудандық полиция бөлімінің ескі ғимаратының алдынан Жедел басқару орталығы ғимаратының құрылысы аяқталып, халыққа есігін айқара ашты. 3 қабатты зәулім ғимаратқа құқық қорғау органының жедел тобы орналасты. Олар болашақта қала көшелеріне орнатылатын 500-ге тарта бейнебақылау қондырғылары арқылы автокөлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Биылғы аудандағы басты оқиға – ауданға жаңа әкімнің тағайындалуы болды. Жас та іскер басшы Азамат Бекет, ең алдымен, аудан ақсақалдары мен ардагерлерімен кездесіп, келелі мәселелерді талқылады. Аз уақытта қала, поселке, ауыл жұртшылығымен жүздесіп, ауданның өткір проблемаларына қанықты. Ауданның жаңа басшысының тікелей араласуымен ала жаздай ауыз су азабын тартып келген тұрғындардың талап-тілегі орындалды. «ҚазТрансОйл» компаниясымен келелі келісім жасалып, ауданға берілетін ауыз су мөлшері 12 мың текше метрге дейін ұлғайтылды.

Ауданға Азамат Бауыржаныұлының келуімен спорт саласында да соны жаңалықтар жарқ етіп көріне бастады. Соның бірі «Жем бойындағы жекпе-жек» ұранымен аралас жекпе-жектің өтуі еді. Оған еліміздің ғана емес, көршілес мемлекеттердің спортшылары қатысып, ол халықаралық сипат алды. Аудан басшысының тікелей ұйытқы болуымен ауданға кәсіпқой боксшы Қанат Ислам келді. Әлемге аты мәлім былғары қолғап шеберінің қасиетті Жылыой топырағына табан тіреуіне Азамат Бекеттің өзі себепші болды. Өйткені, әкіммен жүздесу кезінде қала жастары Қанатпен кездесу ұйымдастыру жөніндегі өтініш-тілегін жеткізген еді. Әкім жастардың өтінішін жерге тастамады.

Мұндай әсерлі кездесулер, спорттық дүбірлі додалар ауданның жас спортшыларының рухына рух қосты. Олар облыстық, республикалық, халықаралық турнирлердегі текетірестерде табандылық танытып, жеңістің биік тұғырынан көріне білді.

Биылғы жылдың аудан тарихында қалдырған қолтаңбасы ерекше. 1928 жылы «Жылой» деген атаумен құрылған ауданымызға 90 жыл толды. Осынау айтулы шараға байланысты туған жердің төсінде дүбірлеп торқалы той өтті. Бәйгетөбенің басында ауыздығымен алысқан арғымақтар аламанға қосылып, сәйгүлік десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйер ағайын бір жасап қалды. Ауданның киелі сахнасында көмейінен қара өлең төгілген «Жүрсіннің жүйріктері» өнер көрсетіп, айтыс десе, арқасы қозатын жылыойлықтар рухани бір серпіліп қалды. Құлсарыға ақын Жүрсін Ерманның өзі келіп, ақындарға баға берді. Бас жүлдені Бекарыс Шойбеков қанжығасына байлады. Онда дүбірлі жыр додасына қатыса алмай, қамшының сабындай қысқа ғұмыры ерте қиылған айтыстың ақтаңгері, жерлесіміз Салауат Исахаевтың есімі ерекше аталды. Оның атында жүлделі сыйлық тағайындалып, ол ІІІ орынды иемденген Жайықтың Жансаясына бұйырды.

Әрине, ауданның 90 жылдық торқалы тойында, оның қарсаңында ұйымдастырылған басқа да іс-шаралар аз емес. Ең бастысы, Жылыой халқы өзінің төл мерекесіне толайым табыспен келді. Онда елі мен жерінің келешегі үшін, ұрпағының болашағы үшін аянбай тер төгіп, еселі еңбек етіп жүрген әрбір жылыойлықтың лайықты қолтаңбасы бар. Ауданның қай-қай саласы болмасын, дамудың даңғыл жолынан өтіп, ізгі ісімен ілгерілеп келеді. Ауыл шаруаларын қуаңшылық қысқанымен, 90-жылдардың ортасындағы тоқыраумен салыстырғанда әл-ауқаты әлдеқайда артқан қожалықтар қожырап қалмады, шаруашылығын шайқалтпады.

Ауданда, әсіресе, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бір серпілістің барлығын айқын сезінгендейсің. Ұтымды ұйымдастырылып жатқан іс-шараларды айтпағанның өзінде, руханият саласының қызметкерлері үшін жағымды жаңалыққа толы жыл болды. Құлсары қаласынан көптен күткен өнер мектебінің үш қабатты ғимараты бой көтере бастады. Орталықтан аудандық «Атамекен» тарихи-өлкетану мұражайы мен аудандық орталық кітапхананың да жаңа ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Осының өзі халықты өнер мен рухани нәрмен сусындатып жүрген жандардың күш-жігерін жанығаны анық.

Өткенді ойлы көзбен екшеп, келер жылға парасатты пайымдау жасау үрдісіміз. Ендеше, қазақ үшін жеті қазынаның бірі саналған Ит жылы тұтас еліміз үшін құт жылы болды деуге негіз бар. Келе жатқан жаңа жыл да осындай жақсылығымен босаға аттап, Қызыр болып төрімізге озсын деген тілегімізді жеткіземіз.

Ербол Қошақанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521