Әйел көш бастаса, керуен жаңылмайды

Бүгінде әйелдер қоғам өміріне белсене араласып, билікте бой көрсетіп, бизнесті де бағындырып үлгерді.

Бұл – өркениетті дамыған елдерге тән үрдіс. Қоғамның қай саласында болмасын, әйелдердің әлеуеті артуда. Өткен аптада ауданымызда облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия семинар өткізді. Семинар іс-шара жоспарына сәйкес қала, аудандар бойынша саясаткер әйелдер клубы мен көшбасшы әйелдер мектебінің жұмысына жүйелі сипат беруге арналған.

Оны аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова ашып, шараның мақсатына тоқталып, облыстан келген қонақтармен таныстырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинар мақсаты - саясаткер әйелдер клубтарының, әйелдердің көшбасшылық мектептерінің жұмысына жүйелі сипат бере отырып, оның жұмысын жандандыру, қоғамдық-саяси салада ілгерілету мүмкіндігіне қол жеткізу үшін белсенді әйелдердің деректер базасын жасақтау. Естеріңізге сала кетсек, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның іс-шара жоспарына сәйкес ауданда 2017 жылы сәуірде көшбасшы әйелдер клубы құрылған болатын. Аталған клуб жетекшісі болып аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Дүсіпова сайланған. Бүгінде 15 адам клубқа мүше, көшбасшылық мектеп өз жұмысын белсенді әрі бастамашылдықпен атқарып отыр. Семинарда облыстық әкімшілік жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор, комиссия мүшесі Зәмзәгүл Жалмурзина облыс бойынша әйелдердің қоғамдық-саяси ілгерілеуі туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік қызмет пен мәслихат депутаттары арасында әйелдер саны артып келеді. Қызметте нәзік жандылардың жауапкершілігі басым екенін алға тартты. Семинарға ауданымыз бойынша әртүрлі салада қызмет ететін және жеке кәсіптегі қыз-келіншектер, көшбасшы және саясаткер әйелдер клубының мүшелері қатысты. Оларға облыстан арнайы келген бизнес-тренер Нұрлан Азаматов «Шешендік өнер және эмоциялық еркіндік» тақырыбында тренингін өткізді. Осылайша шараны ұйымдастырушылар үйдің де, түздің де абыройын теңдеп жүрген қыз-келіншектерді белсенді болып, әлеуметтік-экономикалық саланың өркендеуіне үлестерін қосуға шақырды.

Қ.НҰРТАЙҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521