Көкжиде кенішін қашан игереміз?

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Сенат депутаты Ғұмар Дүйсенбаев, облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллиндер жұмыс сапарымен ауданымызға келді.

Олар аудандағы «Зәкірлік» инвестициялық жобалардың іске асырылуымен танысып, «Каспий Сервис-Е» ЖШС-ның әк өндіру зауытында болды. Аудан әкімдігінде аудандық мәслихат депутаттары дербес бөлім басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов ашып, жүргізіп отырды. Ғұмар Ислямұлы, алдымен, жақында тағайындалған аудан әкімі Азамат Бекет, оның орынбасарлары Фарида Ахметова мен Жантөре Рашевтарды құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі. Сенат депутаты соңғы бір жыл уақыт ішінде Парламент қабырғасында атқарылған жұмыстарға тоқталып, осы уақытта 80 заң қабылданғанын атап өтті. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қамтылған. Сенатор өңірдегі өзекті мәселелер жөнінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сұраулары туралы айтып өтті. Аудандық мәслихат депутаты Халел Жамал аудандағы ауыз су мәселесін көтерді.

-Жылыой тұрғындары мен мұнай өндіру кәсіпорындары ауыз су мен технологиялық және тех­никалық қажеттіліктеріне қажет суды «Астрахан-Маңғышлақ» магистральды су құбырынан алады. Осы құбыр Маңғыстау облысындағы тұтынушыларды да ауыз сумен қамтамасыз етеді. Елді мекендердегі тұрғындар санының өсуі, өндірістің ұлғаюы жақын болашақта су тап­шы­лығын арттыра берері сөзсіз. Осы мәселені ескеріп, қазіргі кезде 30 жыл бұрын салынған су құбырын жаңғырту жұмысын қол­ға алу қажет. «ҚазТрансойл» акционерлік қоға­мы­ның бағалауы бойынша жобаның құны 102 миллиард теңгені құрайды. Бұл су құбыры қазір өзінің тех­ни­калық мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеп отыр. Сонымен қатар Атырау облысымен шекаралас Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауданында «Көкжиде» жерасты тұщы су орны бар. Бұл еліміздің батыс аймағындағы ірі су кеніші болып табылады. Үкіметтің 2016 жылғы 18 қазандағы тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысының әкімдігі «Көкжиде» жерасты кенішіндегі суды пайдалану қорын қайта бағалау үшін жобалау-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Жобаның сметалық құны 1,2 млрд теңгені құрады. Біз Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Атырау және Ақтөбе облыстарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Көкжиде» кенішін пайдалану мақсатында су қорын қайта бағалау жөніндегі зерттеу жұмыстарын жүргізу және су кенішінің баланстық контурын анықтау үшін республикалық бюджетті нақтылау кезінде осы қаражатты бөлу мүмкіндігін қарастыруды өтіндік,-деді сенатор. Депутат Сейітжан Балжігітов ауылшаруашылығы саласын қолдау мәселесін көтерді. Оның ішінде жемшөпке субсидия беру мәселесіне тоқталып, Атырау облысы сияқты мүмкіндігі бар облыстардағы шаруашылықтарға субсидия алуға мүмкіндіктер жасалса деген ұсынысын жеткізді. Жастар ресурстық орталығының директоры Марат Қабиденов елімізде сауда орындарында спирттік ішімдіктерді сату уақыты белгіленгенімен түнгі клубтарда ол таңға дейін сатылып жатқанын айтты. Осының салдарынан жастар арасында қылмыстың да көбейіп отырғанын жеткізді. Осыған орай түнгі клубтарда да ішімдік сату уақыты шектелсе деген ұсынысын берді. Депутат Сәуле Мамбетова ауданымызда экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) әдісіне тізім бойынша 260 адам кезекте тұрғанын айтты. Осы орайда ТШО компаниясынан 5 адамға демеушілік көмек көрсетуге ықпал жасаған Ғұмар Ислямұлына тұрғындар атынан ризашылығын білдірді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сайлаубай Таласов айналма жолдың қала ішінде қалып қойғанын айтты. Қазіргі кезде онымен жүретін жүк көліктерінің легі көбейіп, тұрғындарға қауіпті болып отырғанын жеткізді. Өмірзақ Зинуллин облыстық мәслихаттың соңғы алты айда атқарған жұмыстарымен таныстырып өтті. Азамат Бауыржанұлы Сенат депутаты мен облыстық мәслихат депутатына аудан тұрғындарының атынан ризашылығын білдірді. Сонымен қатар алдағы сапарларына сәттілік тіледі.

Қ.ДҮЙСЕНБЕТОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521