var base_url = 'http://www.ken-zhyloi.kz/index.php?option=com_sppolls'

ads_banner

Көне сандықтың иесі

Алғашқы жариялағанымыз – көне сандық болды. Мұражайдан алынған сипаттамада жәдігердің тапсырылған уақыты мен иесінің кім екені жазылмаған. Осыны көрген сандықтың иесі, құлсарылық Алуа Бисенғалиева редакцияға телефон шалып, көне бұйымның тарихы бар екенін айтты. Біз фотоаппаратымызды асынып ап айтары бар Алуа әженің үйіне бардық. Бізді ақсақал мен ақжаулықты ана қарсы алып, тек қариялары бар үйде болатын қазақы да жайбарақат атмосферада шай үстінде әңгіме-дүкен құрдық.

Шешейдің айтуынша, сандық аудандық мұражайға алғаш Наурыз тойы кең көлемде тойланып жатқан кезде әкелінген екен. Мектепте араб тілінен сабақ беретін қызы Кәмшат Мершиева үйдегі сандықты мектептегі Наурыз мерекесіне алып барған. Сонда мұражайдың қызметкері Сұлу апай көріп, мұражайға жәдігер ретінде тапсыруға қолқалайды. Солайша 19-ғасырдың алғашқы ширегінде жасалған көне сандық аудандық мұражайдың төрінен бір-ақ шыққан. Мұражайдың сол кездегі директоры Амангелді Жылгелдиев аудандағы белгілі зергер Рамазанға көрсеткенде ол сандықты көмкеріп тұрған бағалы металды таза күміс деп тапқан. Ал ішкі қабы бұрынғының қызыл мақпалынан тігілген. Бірақ, Алуа әжейдің айтуынша, анасы қиын-қыстау кездерде сандықтың мақпалын кесіп алып, балаларына киім-кешек, қалта тігіп берген екен.

-  Бұл сүйектелген сандықтың иесі - менің анам Бәти деген кісі. Маңғыстауды жайлаған Бүркіт деген байдың немересі болған. 1913 жылы туған ол күндердің күні бой жетіп, 1930 жылы ұзатылатын шаққа жетеді. Ағасы Ербайдың келіншегі, жеңгесі Күрең қайын сіңлісінің алты қанат ақбоз үйлі жүгіне қарайған мал беріп жасатқан осы сандықты қосады, - деп әңгімесін бастады Алуа әже. – Көп ұзамай ел басына күн туып, зұлмат жылдар басталды ғой. Елдегі мал-мүлкі бар байлар кәмпескеленіп, қудалана бастады. 1933 жылы анамның барған отбасы да кәмпескеге түсіп, ерлері қуғын-сүргінге ұшырады. Бірақ ол кезде де үкімет қыздың үйінен келген жүгіне тиіспеген екен, анам сүйектелген сандығын, шымыраулы шиін және бағалы шапанын ғана алып, көшкен елмен бірге жүре берген.

Босып кеткен елдің бір пұшпағы Жылыой жеріне табан тірейді. Жылыойда сандық иесі Бәтидің туған нағашысы, Байбақтының шырақшысы Айдар Қалиев деген кісі бопты. Осы үйге келген соң ол Қоңырбай Бисенғалиевке (Алуа шешейдің әкесіне) атастырылады. Бірақ бейнетті жылдар алда еді: көп ұзамай зұлмат соғыс басталып, әкелері 1942 жылы 6 қарашада майданға аттанады. Анасының құрсағында қалған Алуа 1943 жылы ақпанда дүниеге келеді.

-  Соғыс уақытында әкемнің інісі Төлеген Бисенғалиев әкеммен Сталинградта жараланып жатқан кезінде кездескен екен. Кейін Курс доғасы шайқасында хабар-ошарсыз кеткен, - деген Алуа әже ауылға қара қағаз келгені туралы да айтты. Соңғы кезде майдан даласында хабарсыз кеткендердің қандайда бір деректерін ғаламтор арқылы табуға қол жеткені белгілі. Қызы Кәмшат ғаламтор көздерінен іздеген екен, нағашы атасы туралы ештеңе таппапты.

-  «Қайран біздің арулар арды ойлаған» дегендей, анамыз 29 жасында жесір қалған соң, одан кейін тұрмыс құрмай бізді бағып-қағып өсірді. Мен тұрмыс құрып, 9 құрсақ көтердім. Қазір тоғызы тоғыз үй. Анам бізбен бірге тұрды. Балаларымның бәрін көрді, бағысты деп шүкірлік айтты сұхбаттасымыз. Өзі Қосшағылда мұнайшы-оператор боп еңбек жолын бастап, Оңтүстік мұнай барлау экспедициясында жалғастырса, отағасы Жұмасат Мершиев өмір бойы шофер болған. 1994 жылы зейнеткерлікке қалып, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде.

Ақсақал мен ақжаулықты ананың шаңырағында әке-шешелері тұтынған құтты бұйымдар әлі де сақталған. Көненің көзі жастағашты осы үйдің келіні сырлап, әлі күнге дейін жүк жинап, ұстап отыр екен. Бұл 1935 жылы Айшуақ деген шебердің қолынан шыққан бұйым екен. Бұдан басқа анасынан қалған шымыраулы ши мен атасының қолынан жасалған ағаш келіні де аудандық мұражайға тапсырыпты. Әкесінің атауызы, анасының, өзінің басқан текеметтері, теру алашалары да бар.

6-7 жасынан бастап қолына ине алып, ісмер болған кейіпкеріміз біздің қолқамызбен өзі басқан текеметтерін көрсетіп, жасалу технологиясын да айтып берді. Алуа әжейдің ісмерлігі немересі Айнаға дарыған көрінеді. «Немерем шебер, қолынан келмейтіні жоқ» дейді бүгінде балаларының қызығын қызықтаған ақжаулықты ана көздерінен жігер мен мейірім қатар төгіліп. Ал отағасы Жұмасат атаның көзінен де, сөзінен де өмірлік серігіне деген сыйластық пен қолдауды көрдік. Қолдарындағы келіні Нұргүлдің де құрақ ұшып құрмет көрсеткені жарасымды-ақ. Шіркін, «Қарты бар үйдің - қазынасы» бар ғой.

С.МҰРАТҚЫЗЫ,

Суреттерді түсірген:

А.ДОЛЫБЕКОВА.

Жарнама

ads_banner2

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_banner2

ads_banner