var base_url = 'http://www.ken-zhyloi.kz/index.php?option=com_sppolls'

ads_banner

Көшпелі отырыста әлеуметтік салалардың жай-күйі талқыланды

Сапар мақсаты - Жылыой ауданы әкімінің халық алдында есеп беру жиналысы алдында көшпелі отырыс ұйымдастырып, облыстағы маңызды мәселелерді талқылау арқылы тиімді шешімдер қабылдау. Бұл тәсіл былтырдан бастап қалыптасқан еді.

«Облыстың әлеуметтік салаларының жай-күйі және олардың проблемалық мәселелері» атты облыстық көшпелі отырысты ашқан өңір басшысы Нұрлан Ноғаев:

- Елбасының халыққа Жолдауларында көрсетілген 5 әлеуметтік тапсырмада берілген мәселелердің барлығы қазақстандықтардың әл-ауқатын, тұрмыс-жағдайын жақсартуды, рухани тұрғыдан мәдениетін, әдебиетін жаңғыртуды, жас ұрпаққа білім, тәлім-тәрбие беруді мақсат тұтады. Бүгінгі шарамыз осы бағытта болады, - деп жиналыстың мақсатын анықтап берді.

Күн тәртібінде, алдымен, облыстағы әлеуметтік саланың ахуалы, бүгінгі жай-күйі тыңдалды. Сондай-ақ былтыр Мақат ауданда болған кездесуде және жыл бойғы кездесулерде болған хаттамалық тапсырмалардың орындалысы туралы басқарма басшылары және Жылыой ауданының әкімі өз есебін берді. Келесі кезекте облыс әкімінің Жылыой ауданына келгендегі хаттамалық тапсырмаларының орындалысы пысықталды.

Облыс бойынша білім беру саласының жайы, негізгі проблемалық мәселелері туралы облыстық Білім беру басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Исанбергенова баяндады.

Баяндамашы облыста шешімін күтіп тұрған көптеген мәселелерді ортаға салды. Соның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі өскенмен, орын тапшылығы, кезек санының жоғарылығы сақталып отырғанын айтты. Облыс бойынша 1-6 жас аралығындағы бала саны 62 696 болса, оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылғаны 47 237 боп отыр, яғни қамту 75 пайызды құраған. Ал 3-6 жас аралығындағы балалар 95,2 пайызға қамтылып отыр екен.

Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы мектепке дейінгі ұйымдар құрылысын салу болса, облыс әкімі бұл проблеманы қалт жібермей, жауапты лауазым иелерінен қаладан жаңадан салынуы тиіс 20 балабақша құрылысы жайын нақтылады. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айдар Нұралиев биыл, әуелі, 9 балабақшаның құрылысы басталатынын айтты. Басқарма басшысы биыл балабақшалар мен мектептерді сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлап отырғандары жайлы жаңалығымен де бөлісті.

Нұрлан Асқарұлы үш ауысымды оқу жағдайындағы мектептер мәселесіне көп назарын аударды. «Біз білім саласына қолайлы жағдай туғызбай тұрып, қалай нәтижелі жұмыс сұраймыз?» деген ол облыстағы үш ауысымдағы 14 мектепті қашан жоямыз деген мәселені ортаға салды. Сауалға орай қала бойынша 5 мектептің құрылысы жүріп жатқанын, одан бөлек 16 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатқанын білдік. Осы мектептер құрылысы іске қосылатын болса, мәселе шешілмек.

Облыста 5 апаттық жағдайдағы мектеп бар. Бұл мәселе де біртіндеп шешімін тауып жатыр. Оның ішінде Құлсарыдағы №5 мектептің 300 орындық ғимараты құрылысы жүргізілуде. Ал Құрманғазы ауданындағы Жалғызапан ауылында 80 орындық Лабай мектебінің құрылысы аяқталуда. Қалған апатты жағдайдағы мектептер жобалау сатысында.

Баяндама негізінде тағы бір өзекті мәселе көтерілді: мектептерде ыстық тамақ қажет пе, қажет емес пе? Өңір басшысының айтуынша, ыстық тамаққа 2 млрд-тың үстінде қаражат бөлінеді екен. 1-4-сыныптар мен 5-11-сыныптар арасындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына ыстық тамақ береміз деп шешілгенімен, жоғары сыныптың оқушылары тамақтануға намыстанады екен. Ал Махамбет ауданы әкімі орынбасары Светлана Аманшиеваның пікірінше, қазіргі заңнамалық өзгерістерге байланысты ыстық тамақ беруді тоқтатқан дұрыс, оның үстіне тамақ жүйелі түрде және сапалы беріліп отырған жоқ. Ал мектептердегі асханалар буфеттік жүйедегі, яғни оқушылардың өз қаражаты есебінен тамақтану орны болмақ. Дегенмен облыс әкімі бұл мәселе назар аударып, өзге өңірлердегі озық тәжірибелерді енгізу арқылы шешуге болатынын айтты.

Отырыста мектеп формасын сақтау мәселесіне назар аударылды. Баяндамада айтылғандай, 2018-2019 оқу жылының басында 20 оқушы мектеп формасын сақтамай, сабаққа келмеген. «Мектеп формасын сақтау мәселесі облыста шешілді дегенмен, ата-аналар балаларын Ресейге қашықтықтан оқуға беріп жатыр. Ал ол - заңсыз нәрсе. Ол құжаттар қалай беріліп отыр? Міне, осы мәселеге мектеп әкімшілігінің бастамасымен құқық қорғау органдары бақылауға алу керек, - деді Дін істері басқармасы өкілі Қайырлы Рысқалиев – ресейлік білім беру үрдісімен қашықтықта оқуды бітіріп алады да, ҰБТ тапсырамыз деп келеді, бірақ бұлай ете алмайды, өйткені бұл біздің заңнамада қаралмаған. Сондықтан біз осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін қарап қалмай, жан-жақты түсіндіруіміз керек».

А.Исанбергенова облыста күрделі мәселелердің бірден-бірі боп отырған жасөспірім арасында өршіп тұрған суицид жайлы былай деді:

-  2016 жылы 5 аяқталған , 6 ұмтылу фактілері болса, 2017 жылы 4 аяқталған, 3 ұмтылу фактілері орын алды. 2018 жылы 5 аяқталған (Жылыой – 5), 6 ұмтылу (Атырау – 4, Жылыой - 2) фактісі болды. Қазіргі таңда Жылыой ауданында суицид, оған ұмтылу фактілерінің көп орын алуы толғандыруда.

Бұл мәселе ауданда облыстық отырыс деңгейінде талқыланған, сондай-ақ еліміздегі белгілі психолог шақыртылып, суицид тақырыбындағы аудандағы мамандардың біліктілігі арттырылған. Облыс әкімі бұл мәселеге аз ғана психологтарды кінәлауға болмайтынын, бұған бүкіл қоғам жауапты екенін айтты. Сондықтан бұл мәселені зерделеу, алдын алу жұмыстарын қолға алуды тапсырды.

Аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов мынадай сауал тастады:

-  Бізде жалғыз №6 орыс мектебі бар. Балалар саны өте көп. Жері дайын, жобалық-сметалық құжатын жібердік. Бірақ сессия сайын сұраймыз, құжаттары өтпей қалғаны айтылады. Мен облыстық Құрылыс басқармасының келіп отырғанын пайдаланып, мынаны сұрағым келеді: неге мектептің жобалық-сметалық құжаты өтпей қалады? Сондай-ақ 7-учаскеде Сариев көшесі деген бар. Сол көпірдің мәселесі 12 жыл болды, әлі айтылып келе жатыр. Жалғыз ғана бір жол бар Құлсарыда. Оған бағдаршам қондырсақ, көлік ағынынан қылкөпірге айналады. Сондықтан айналма жолға шығатын Сариев көшесіндегі көпірдің жобасына көмектесуді сұраймын. Бұған аудан әкімінің орынбасары Қаһарман Бағынов №6 мектептің жобалық-сметалық құжаттарының қорытындысы алынғанын, енді қаражатқа сұраныс беріліп жатқанын айтты. Ал көпірдің жобалық-сметалық қорытындысын келесі айдың ортасында алу жоспарға алыныпты.

Денсаулық саласы бойынша сөз алған облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Аймурзиева «Денсаулық мемлекеттік бағдарламасы» бойынша мынадай көрсеткіштерге қол жеткізілгенін мәлімдеді: облыста өлім көрсеткіші тұрақты болса, ана өлімі, туберкулез, қан айналым жүйесі ауруларынан және қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім көрсеткіштері төмендеген. Ал нәресте өлімі, жарақаттан жазатайым өлім мен уланулардан болатын өлім, онкологиялық аурулар мен 5 жылдан астам өмір сүретін науқастардың саны жөнінен межеленген индикаторға қол жеткізілмеген. Бұл көрсеткіштің үлес салмағы аудандар есебінен болып отыр.

Облыстың бас дәрігері бұл мәселені шешу үшін үш ауданда 2-деңгейдегі білікті деңгейдегі медициналық қызмет көрсететін орын ашуды қолға алу қажеттігін және жергілікті жерде балаларды реанимациядан өткізіп, жағдайы қалыпқа келгенше қадағалау керектігіне көп назарын аударды. Яғни осы жерге мамандар шақырып, қарқынды ем жүргізуді қолға алу керек. Өйткені қазір мамандардың немесе құрал-жабдықтардың жетіспеуіне байланысты тасымалдау бірінші жолға қойылатынын жасырмады. Ал Қызылқоға мен Құрманғазыны құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету керектігін нысанаға ілді. Бұл мәселеге облыс басшысы барлық керекті құрал-жабдықтардың тізімін жасақтауды аудан басшылары мен бас дәрігерлерге тапсырып, Экономика басқармасында қаралуын өзі қадағалайтынын айтты.

«Жылыой ауданы - мамандармен және құрал-жабдықтармен қамтылу жөнінде толықтай дерлік шешімін тапқан аудан» деген басқарма басшысының сөзін аудандық аурухананың бас директоры Нұрбек Үкібаев құптап, былтыр ТШО мекемесімен келіссөздер жүргізіліп, соның арқасында қазір көптеген медициналық құрал-жабдықтар сатылып алынғанын, ал маман тапшылығы мәселесі толық дерлік шешіліп отырғанын айтты.

-  Босану бөлімінің қызметін екінші деңгейге көтеру, жол-көлік оқиғаларының салдарынан болатын өлім көрсеткішін азайту мақсатында травматологиялық қызметті жолға қоюды мақсат тұтып отырмыз. Сонымен қатар нейроинсульттік бөлім ашылып, гемодиализ орталығы қызмет жасап отыр, - деді ол. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Жылыой ауданы медицинасы, шын мәнінде, қажетті құрал-жабдықтармен өте жақсы деңгейде қамтылғанын айта отырып, халықтың басқа жаққа барып емделуін, ең аяғы науқастардың Атырауға барып қаралуын азайту үшін, яғни тұрғындардың сеніміне ие болу үшін ауданға білікті мамандарды шақыртып, сапалы медициналық қызмет көрсетуді бас дәрігерге нықтап тапсырды.

Ал Жылыой ауданындағы медицина саласындағы ахуалға тоқталатын болсақ, баяндамашының мәліметінше, ауданда туу көрсеткіші төмендеген. Ана өлімі тіркелген жоқ, бірақ нәресте өлімі екі есе өсіп отыр. Туберкулез ауруына шалдыққандардың саны 9,1 пайызға азайып отыр, дегенмен көптеген және ауқымды дәріге төзімді туберкулезбен ауыратын белсенді науқастар 61,7 пайызды құрап отыр екен.

Облыс әкімі ерте жастан жүкті болған аналар мәселесіне арнайы тоқталған еді. Анықталғанындай, 2018 жылдың қорытындысы бойынша, 2017 жылы 174, 2018 жылы 176 кәмелет жасына толмаған қыз бала босанған. Баяндамашының айтуынша, түсік жасағандары 7-8 болса, көбі балалы болған. Олар «Некеге тұрдық» деген желеуді алға тартады екен.

Осы орайда Нұрлан Асқарұлы осы мәселеге қатысты Дін істері басқармасы өкілі Қайырлы Рысқалиевтің пікірін сұрады. Ол облыста кәмелетке жасы толмаған қыздардың өздерінен бірнеше жас үлкен, деструктивті діни бағытта жүрген жігіттермен неке қиғаны туралы фактілер бар екенін айтты. Олар өздерін қорғау үшін «Имам арқылы некемізді қидық» дегенімен, бұл мәселе дін қызметкерлерімен бірлескен қадағалауда тұрғанын айтты. Облыс әкімі аудандарды кәмелет жасына толмай неке қию мәселесіне көңіл аудару қажеттігін айта келе, неке қию жасы 18 жас, олай болса, қылмыстық іс қозғалуы керектігін ескертті. «Он үште отау иесі» деп жауырды жаба тоқуды қою керек, бұл жағдайға еліктеу ғана әсер етіп боп тұр. Әйтпесе кішкентай қыз ана болуға психологиялық жағынан да, физикалық жағынан да дайын емес қой», - деп сөзін бекітті ол.

Облыстық мәслихат депутаты Айтбай Сисенов медициналық сақтандыруға байланысты сауал қойды.

- 2018 жылдың тамыз айында облыс мәслихатының жұмыс жүктемесі бойынша ауданда денсаулық сақтандыру жұмысы бойынша отырыс болған. Сонда мынадай сауал туындаған еді. 2016 жылы, 2017 жылы біздің ауданға дәрі-дәрмекке 104-107 млн-дай қаражат қаралып, төленеді. Ал 2018 жылғы бюджет 2017 жылға қарағанда көбірек қаралған, бірақ бұл қаражат қиылып, нәтижесінде 90 млн-дай ақша бөлінген деген ақпарат алдық. Мен осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізгім келеді, - деді ол.

Бұған облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл жағдайды мына себеппен байланыстырды:

- 2018 жылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге Денсаулық сақтау министрлігінің ережесі өзгерді. Сол ережеге сәйкес әр медициналық мекеме өздерінің электрондық базада тұрған науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге сұраныс берді, - деді ол. – Ал электрондық базаға азаматтар тек ИНН арқылы ғана тіркеле алады. Бұл бұл жұмыспен 3-4 жылдан бері айналысып келеміз. Соның салдарынан, яғни диспансерлік есепте тұрған халық саны электрондық базада азайып кеткендіктен, дәрі-дәрмекпен қаржыландыру төмендеп кеткен болар. Дегенмен қосымша сұраныс беріп, қажеттілікке сай сұраныс жасап отырмыз.

Бандамашы учаскелік дәрігерлердің еңбекақысы 20 пайызға көтеру үшін Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан 173 млн теңге бөлініп отырғаны, қаңтардан бастап оның шаралары рәсімделіп жатқанын туралы жағымды жаңалықпен де бөлісті.

Үшінші ауқымды мәселе – Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бойынша 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты басқарма басшысы міндетін атқарушы Ұлықбек Тінәлиев баяндады.

Ол 2018 жылы бағдарлама бойынша көптеген жұмыстар өз деңгейінде атқарылғанын, дегенмен жұмыспен қамтудағы проблемалық мәселелер қатарында пробациялық есепте тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіндегі қиындықтарды атады.

- 2018 жылы бас бостандығынан айыру орындарынан және пробация қызметі есебінде тұрған азаматтардың саны 506 адамды құрады. Олардың ішінен уәкілетті жұмыспен қамту органдарына 298 адам хабарласып, 77,8 пайызы әлеуметтік қолдау түрлерімен қамтылды, - деді ол.

Осы тұрғыда облыс әкімі: «Пробациялық есепте тұрған азаматтарға банкілік карточкалар берілмейді. Олар төлемдер ала алмайды немесе жүргізе алмайды. Темір тордың арғы жағында отырғандарды онсыз да жұмысқа алу көптеген жұмыс берушілер үшін үрей туғызады, мұның өзі осы азаматтарға психологиялық әсер етеді, ал қарапайым қаржылық операцияларды жасай алмаса, не болмақ? Әлеумет үшін жат адам екенін сезінген соң тағы да қылмысқа бармай ма?» - деген ойын айтып, бұл мәселені шешу жағын қарастыру қажеттігін жауапты адамдардың назарын аударды.

Бұған Дін істері басқармасы өкілі Қайырлы Рысқалиев сотталғандар, әсіресе терроризм бабымен сотталғандар жазасын толық өтеп келгеннің өзінде төлем карточкасы мәселесінен қиындық туындайтынын, олар ешқандай қаржылық операциялар жүргізе алмайтынын, 7-8 жылға дейін бақылауда тұратынын айтты. «Жұмысқа орналасса, қазір еңбекақы карточкалармен ғана төленеді, сондықтан 1-2 айдан соң орындарынан қағылып қап жатады. Содан бұлар ұялы телефон оңдауға, такси қызметін көрсетуге ғана орналасып, базар маңын айналшықтайды. Олардың отбасылары осы мәселеге талай шағымданып жүр. Біз бұл туралы Президент әкімшіліген де хат жаздық», -деді ол.

Ал Жылыой ауданында пробациялық есептегі 34 адам жұмыспен қамту орынына хабарласып, нәтижесінде барлығы да жұмысқа орналасқан. Бұған риза болған өңір басшысы аудандық әлеуметтік бағдарламалар, жұмыспен қамту және АХАТ бөлімі басшысы Серік Қамидолланың тәжірибесінен өзге әріптестері үлгі алуын тапсырды. Бөлім басшысы бұған аудандық пробация бөлімімен тығыз байланыс жасау және жазасын өтеп келгендердің мекемелерде жұмысқа орналасуын жіті қадағалап отыру, тіпті талап қою арқылы қол жеткізілгенін айтты.

Назар аударатын бір мәселе – облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандардың санының өсуі. Баяндамашының айтуынша, облыста мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы саны 21 744 адам болса, жыл сайын мүгедектердің саны 1500-2000 адамға өсуде екен. Бұл көрсеткіш туа біткен ақауы бар балалар арасында және ІІ, ІІІ топ мүгедектік есебінен өсіп тұр.

Келесі кезекте Жылыой ауданы бойынша соңғы үш жылдағы әлеуметтік салаларының көрсеткіштері және атқарылған жұмыстары мен жоспарлары туралы аудан әкімі Азамат Бекет баяндады. Аудан әкімі баяндамасы негізінде көптеген сауалдарға жауаптар алынып, әлі де көңіл бөлінуі керек, шешімін табуы қажет мәселелер нақтыланды.

Облыстық көшпелі отырыста облыс әкімі Нұрлан Ноғаев барлық әлеуметтік сала басшыларын ашықтыққа шақырды, яғни халықпен коммуникативтік байланыс орнатуды жолға қоюға тапсырма берді.

С.МҰРАТҚЫЗЫ,

Суреттер А.Долыбекованікі.

Жарнама

ads_banner2

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_banner2

ads_banner