Комсомольский – Нармонданақ

Нармонданақ – көнекөз қарттардың айтуынша, нар маяның екі жағына артылған қос «жәшік».

Оған көш кезінде жүре алмайтын қарияларды отырғызып, алып жүреді екен. Мақат ауданындағы бұрынғы Комсомольск елді мекенінің ең алғашқы атауы дәл осылай аталған.

1936 жылы осындағы құмды топыраққа алғашқы болып бұрғы бойлатқан бұрғышылар қатарында Жайбол Қилыбаев пен Қанбай Байтаңатовтар есімін құрметпен атауға болады. Терең бұрғылау технологиясын меңгеріп, жетіқат жер астының қыр-сырына қаныққан бұрғышылардың тынымсыз төккен маңдай терінің арқасында 1941 жылы алғашқы қара алтын бұрқағы көкке шапшыды. №11 ұңғымадан қазына көзі ашылып, тәулігіне 7 тонна мұнай алуға болатындығы анықталды. Қара алтынның әр тамшысы қасқалдақтың қанындай қат болған сол бір сұрапыл соғыс жылдары кен орнын тездетіп игеруге барлық күш жұмсалды. Сөйтіп, Нармонданаққа әскери комиссариаттың жолдамасымен бір топ комсомол жастар жіберілді. «Жас келсе – іске» дегендей, олар тәуліктік мұнай алу жоспарын асыра орындап, өнім өндіруді молайтты. Осындай жалынды жастардың құрметіне кен орны кейін Комсомольский деп аталып, бертінде пайда болған мұнайшылар поселкесі Комсомол атауын алды. Келе-келе кеніш кеңейіп, өз алдына кәсіпшілікке айналды да, Бекбике мен Алтыкөл мұнай алаңдарын өзіне қосып алды. Кәсіпшіліктің тұңғыш директоры болып қазақ мұнайының атасы атанған Сафи Өтебаев тағайындалды.

70 жылға тарта өмір сүрген поселкеде қаншама ұрпақ өсіп-жетілді десеңізші?!

Мұнай қоры сарқылып, поселке 2010 жылы жабылып қалғанымен, бұрынғы Комсомол жастарының туған жұртына, ауылына деген оттай ыстық сағыныш сазы жаңа мыңжылдықта жаңаша серпін алды. Байырғы Комсомольский, кейін Комсомол атанған мұнайшылар поселкесінің орнын жоғалтпауды, атауын туған жер картасынан өшірмеу мақсатын көздеген комсомолдықтар таяуда туған жеріне ескерткіш-белгі орнатты. «Комсомольский – Нармонданақ» деп аталатын бұл белгі Доссор-Құлсары республикалық тасжолының бойындағы бұрынғы Комсомол поселкесінен бірнеше шақырым тұстан бой көтерді. Маңғыстаудың ақтасынан әшекейленіп салынған кесене жол-жөнекей өткен жолаушыға сонадайдан көзге шалынады. Онда Комсомол мен оған қарасты Бекбике, Алтыкөл кен орындарының қысқаша тарихы, әр жылдары аянбай еңбек еткен майталман мұнайшылары, Еңбек ерлерінің, Еңбек ардагерлерінің есімдері жазылып, фотосуреттері қойылған.

Ербол Қошақанов

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521