Лаңкестіктен қорғану – уақыт талабы

Кейбір кәсіпкерлік объектілерінің арасында террористік тұрғыдан осал объектілер бар.

Оларға сауда-саттық, қоғамдық тамақтандыру орындары, көңіл көтеру ғимараттары секілді қарапайым халық көп шоғырланатын нысандар жатады. Оны қорғау талаптары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі №191 «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қаулысымен бекітілген. Қазіргі таңда ондағы талаптардың орындалуын аудандық полиция бөлімі тексеріп, тиісті жұмыстар жүргізу үстінде.

Осыған орай, таяуда аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аталған мәселеге байланысты Теңіз кенішінде орналасқан мердігер мекеме басшыларымен кездесу болып өтті. Онда сөз алған аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова соңғы ақпараттарға сәйкес Теңіз кен орнында ауысымдық әдіспен жұмыс жасайтын мекеме басшыларының қарауындағы намазхан жұмысшыларға белгіленбеген жерден намаз оқитын бөлме ашып беріп отырғандығын хабарлады. Бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының талаптарына қайшы. Негізінде, ол жергілікті атқарушы органның арнайы рұқсатымен жүзеге асуы тиіс. Сондықтан ондай заңсыздыққа жол берген мекеме-ұйымның жауапты басшылары еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сай әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті Фарида Төлегенқызы. Сол себепті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бизнес өкілдеріне қолданыстағы заң талаптарын мінсіз орындауға шақырды.

Бұл ретте заң талаптары мен Үкіметтің Қаулысымен бекітілген нормаларға сәйкес түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін мінбеге аудандық прокуратураның прокуроры Әділет Нұрбаев пен полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Анарбек Дешенов, төтенше жағдайлар бөлімінің өкілі Ержан Нұржановтар көтерілді. Олар «Вахталық қалашықтарда және жұмыс орындарында жұмыскерлердің дін саласы бойынша заңнамада көрсетілген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету», «Аудан бойынша террористік тұрғыдан осал объекті басшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізу» тақырыбында баяндады. «Теріс дін ұстанушылардың сыртқы келбеті» туралы теолог Нұрсұлтан Беков әңгімелеп берді.

Аудан әкімінің орынбасары Ф.Төлегенқызы, аудандық әкімдіктің мемлекеттік құқық бөлімінің бас маманы Гүлнафис Айшуақова, құқық қорғау органының қызметкерлері мердігер мекеме басшылары мен оның өкілдерінің қойған сауалдарына жауап қайтарды.

Жиналыстан ұққанымыз: ешкім де ел азаматтарының діни сеніміне тосқауыл қоя алмайды, яғни құлшылық жасауына тыйым салмайды.Әр азаматтың тұрып жатқан жұмысшылар жатақханасындағы өз бөлмесінде жеке қалып, парызын өтеуіне болады. Бірақ намаз оқитын жамағаттың қоғамдық орында жиналып, топтасып, бір жерге шоғырлануына рұқсат жоқ. Өйткені «Адам аласы ішінде» дегендей, ондай басқосу көпшілік үшін қауіптің көзіне айналуы ғажап емес. Ал мекеме басшылығы намазхан жұмысшы-қызметкерлерінің ғибадат жасауына жағдай туғызғысы келсе, яғни намазханаға бөлек бір бөлме бөлгісі келсе, онда міндетті түрде атқарушы органның заңды рұқсатын алуы керек. Керісінше жағдайда заң талабы бұзылады. Мұның барлығы - бірнеше мыңдаған адам қоян-қолтық жұмыс жасап жатқан Теңіз кенішіндегі жұмысшы-қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау, террористік тұрғыдан осал нысандарды қорғау мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар. Мұндай жұмыстар алға қарай да заңды жалғасын таба бермек.

Ербол Қошақанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521