ads_banner

"Құлсарыға бір стадион керек-ақ»

Еркін форматта өткен кездесуге сондай-ақ аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары қатысты. Алдымен шараны ұйымдастырған Жастар ресурстық орталығының басшысы Марат Қабиденов сөз сөйлеп, өзі бастама білдіріп кездесуге келген аудан әкіміне ризашылығын білдірді. Сөз кезегін жастарға беріп, көкейде жүрген ұсыныс, мәселе, пікірлерін ортаға салуды ұсынды.

Алғашқы болып белсенді жастардың бірі Перизат Қизатова сөз сөйледі. Ол еліміздің болашағы – жастарды назардан тыс қалдырмай, арнайы кездесіп отырған Азамат Бауыржанұлына жастар атынан алғысын жеткізді. Қазір елімізде «Жас Отау» бағдарламасы бойынша көптеген жас отбасы баспанамен қамтылғанын, өзіміздің Атырау қаласында бірнеше тұрғын үй салынып жатқанын айтып, енді бұл бағдарлама Жылыойда да жүзеге асса деген тілегін жеткізді. Өйткені ауданымызда баспана мәселесін шеше алмай жүрген отбасылар бар. Бұған аудан әкімі жауап қатып, қалыптасып келе жатқан жас «мемлекеттің» үймен қамтылуын өзі де қолдайтынын айтты. Ал Марат Қабиденов осы бағдарлама аясында көпқабатты үйдің сметалық жобасы жасақталып жатқанын, келесі жылы құрылысы басталатынын жеткізді. Бұған залда отырғандар ду қол соқты. Келесі болып спортшылар атынан сөз сөйлеген Нұрболат Жаналиев есімді жігіт ауданымызда ММА спорт түрімен шұғылданғысы келетін балалардың көп екенін, бірақ онымен айналысатын арнайы орынның жоқтығын жеткізіп, қолдау көрсетуді сұрады. Ал Жем ауылдық округі жастарының атынан пікір білдірген Айнагүл Нұрланқызы ауылда бірде-бір спорт алаңы жоқ екенін, футбол ойнайтын шағын стадион салынса деді. Аудан әкімі Азамат Бауыржанұлы алдағы уақытта қала, кент және ауылдық округтерде футзал орындарын салу жоспарда бар екендігін айтты. Өнерлі жастармен жұмыс жасап жүрген аудандық мәдениет үйінің жас қызметкері Әлібек Амандықов ПНГС ықшамауданы мен 5-ықшамаудан арасын алып жатқан кең кеңістікке жастар аллеясы салынып, сөйтіп жас өнерпаздарға арналған домбыра пати, асық ойыны сияқты түрлі шаралар сол жерде ұйымдастырылса олар уақытын тиімді өткізер еді деген ұсынысын жеткізді. Жылыой ауданының 90 жылдығына орай ауданға еңбегі сіңген жандарға арнап мүсін қою идеясын айтты. Келесі болып пікір білдірген Ербол Шымырбай қала тазалығы үшін жетіспейтін қоқыс жәшіктерін көбейтуді, үлкен қалалардағыдай көшеге жаттығу алаңдарын салуды ұсынды. Сондай-ақ кездесуде жастар букмекерлік кеңселердің көбейгенін айтып наразылық білдірді.

Жастардың арасындағы ажырасудың алдын алу мақсатында көкейге ой салар әсерлі кездесулерді ұйымдастыру жөнінде де айтылды. Сонымен қатар қалада іші қаңыраған бос ғимараттардың бар екенін, соларды әлеуметтік нысан ретінде пайдаланып, жастар жиналатын мәдени-көпшілік ортаға айналдыруды сұрады. Ауданымыздағы халық театрына режиссердің жетіспей тұрғаны, қала көркі үшін ескі үйлердің орнына жаңа пәтерлер салынса деген пікірлер де айтылды. Өнерлі жастар Жастар шығармашылық академиясы салынса деген ұсынысты да ортаға салды. Сондай-ақ жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында грант беру үшін ұйымдастырылатын конкурстар Құлсары қаласында өтсе деген ұсыныс білдірілді. Жастардың ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған Азамат Бекет ауданда екі-ақ денешынықтыру орталығы барын және олардың жағдайы мәз еместігін айтты. Алдағы уақытта жаңа спорттық нысандар салу жоспарда бар екенін жеткізді. Ал бір-екі street workout сияқты көше жаттығулары 60 мың тұрғыны бар қала халқына аздық ететінін, сондықтан осы жөнінде айтылған ұсыныс қабылданғанын айтып, көпшілікті қуантты. Сондай-ақ тиімсіз жақтары көп букмекерлік кеңселердің заңдылығын анықтайтын болды. Жалпы осы кездесуде айтылғандардың барлығы жауапсыз қалмайтынын, бұл, ең алдымен, өзінің назарында болатынын жеткізді. Сөз соңында аудан басшысы жас адамның энергиясы көп болатынын, оны тиімді дүниелерге ғана пайдалану керектігін айтты. Жиналғандарды қаланы таза ұстауға, денсаулықтарын күтіп, ауданымыздың көркеюіне атсалысуға шақырды. Көшедегі түрлі тәртіпсіздікті, тасжолдағы апаттарды жасап жүрген өзге жандарға үлгі болып, солардың азаюына үлес қосуға үндеді. Жалпы ауданымызда аудан әкімінің жастар қауымымен кездесіп-тілдесуі бұрын-соңды болып көрмеген еді. Еркін түрде ойын ашық жеткізген қыз-жігіттер кездесуден ерекше әсер алып, үлкен қолдауды сезінгендерін айтып жатты.

П.ЖАУЫНБАЙ,

арнаулы тілшіміз.

Суреттерді түсірген: А.ДОЛЫБЕКОВА.

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_banner2

ads_banner