Құлсарыда Жедел басқару орталығы ашылды

Қазақстан полициясы күні қарсаңында ауданымызда Жедел басқару орталығының жаңа ғимараты ашылды. Бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген орталық енді тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдетпек.

Ашылу салтанатына аудан әкімі Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы, Атырау облыстық Ішкі істер департаменті бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев, аудан жұртшылығы қатысты.

Алғашқы сөзді аудан басшысы Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы алып, жаңа нысанның қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды. Жедел басқару орталығының құқықтық тәртіпті сақтауға және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жұмыстарын жүргізу барысында көмегі зор болатынын жеткізді. Алдымен, көшелерде ауа райын талғамайтын 250 басқару камерасы орнатылатын болады. Ал болашақта нысанда бір уақытта 500 камерадан көше қозғалысын бақылауға мүмкіндік туады. Бұл – тәртіп бұзушылардың санын төмендетуге, қылмысты ашу көрсеткішін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Бұған әсіресе қоғамдық тәртіпті қырағы қадағалайтын ішкі істер қызметкерлері қуанышты. Келесі болып құттықтау тілегін жеткізген ІІД бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев өңір басшысының қолдауымен бой көтерген жаңа нысан шағын қалаларды дамыту жоспарына сай салынғанын айтты:

-Полицейлердің жауынгерлік біліктіліктерін шыңдаумен қатар, мұнда қызмет атқаратын 12 инспекторға аудандағы тұрақтылық пен қылмыстың алдын алуды ұйымдастыруға барлық мүмкіндік жасалған,-дейді облыстың бас полицейі. Бұдан соң тергеу саласының ардагері Таппатия Бекенов барлық полиция қызметкерлері мен ардагерлер атынан сөз сөйледі: -Бұрын 3 бөлімге ортақ 1 жазу машинкасын пайдаланатындықтан, күдіктілер топтап құрықталғанда қағаздарды басып шығару үшін кезекке тұратынбыз. Машинкада сия мен қағаз бітпесін деп тілейтінбіз. Өйткені орталыққа баратын көлік көп артыла бермейтін. Бүгінгі күнге жастар үшін қуанып отырмыз. Барлық полиция қызметкерлеріне ел алдындағы міндетін адал атқарып, халық құрметіне бөлене берулеріне тілектеспіз,-деді зейнеткер подполковник.

Лента қию рәсімінен кейін сала ардагерлері бастап зәулім ғимаратты аралады. Жалпы аумағы 2500 шаршы метр ғимарат дербес жылу қазандығы мен генератор, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі үшін аса маңызды сыйымдылығы 50 тонналық су сақтайтын құтымен қамтылған. Төменгі қабатта орналасқан ату тирінен бастап «102» операторларының жұмыс орны, қару-жарақ сақтау қоймасы, мұрағат бөлмесі, бейнебайланысы бар мәжіліс залымен танысқан меймандар полиция қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

П.ҚИЗАТОВА,

Суретті түсірген: А.ДОЛЫБЕКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521