Мүмкіндігі шектеулі жандар спортты жанына серік еткен

Аудандық мүгедектер қоғамы жанындағы «Ақбол» мүмкіндігі шектеулі жандардың денешынықтыру орталығының жұмыс жасай бастағанына бірнеше жылдың жүзі болды.

Оны алғашқы болып ұйымдастырушылардың бірі қазіргі қоғам төрағасы Амангелді Мыңжасаров пен мүшесі Қайрат Еңсепов деген азаматтар еді. Екеуі де мүмкіндігі шектеулі жандар, бірақ бала кезінен спортты жанына серік еткен жігіттер. Олар бала жастан мүгедек болса да мектеп қабырғасында жүргенде-ақ еркін және классикалық күреспен айналысты. Онымен қоймай, баскетбол, тир ату, шахмат пен дойбыдан өткен түрлі деңгейдегі спорттық сайыстарға қатысып, бақ сынап келді. Талай мәрте жеңімпаздар санатынан көрініп, аудан, қала берді облыс намысын қолдан бермеді. Екі жігітті мұндай жеңісті жетістікке, сөз жоқ, өмірге деген құштарлығы жетелегені анық.

Шынайы өмірде тағдырдың салған сан сынағына төтеп беріп, қиындыққа мойымай өскен олар жасы ұлғая бастаған шағында да мүмкіндігіміз шектеулі деп қол қусырып, үйде қарап отыра алмады. Керісінше, қоғамдық өмірге белсене араласуға бел буды. Оған спорт көмектесті. Сөйтіп, 2015 жылы өзі секілді Медет Әбенов пен Асылым Егеубаевадай қоғам мүшелерімен бірлесіп, қаладағы №21 орта мектепте үстел теннисінен өтетін аудандық жарысқа қызу дайындалды. Нәтиже жаман болмады. Ауданнан жүлделі орын алған теннисшілер облыстық, республикалық деңгейдегі дүбірлі додаларға жолдама алды. Мәселен, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты қозғалыс жүйесі бұзылған спортшылар арасындағы үстел теннисінен ұйымдастырылған облыстық ашық турнирде жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионатына іріктеу турнирінде «Ақбол» денешынықтыру орталығының командасы үш алтын, алты күміс пен жеті қола медаль иеленіп қайтты. Бұл жеңістер Амангелді мен Қайрат бастаған мүмкіндігі шектеулі спортшы жандардың жігеріне жігер қоса түсті. Сөйтіп бастапқыда төрт адамнан жасақталған команда қатары бірте-бірте 35 адамға дейін толықты. Спорт арқылы олар өзі секілді қамкөңіл жандардың өмірге деген құштарлығын оята түсті. Қазіргі таңда олар тек қана үстел теннисінен ғана емес, спорттың барлық түрінен дерлік өнер көрсетуге тырысып жүр.

«Ақбол» мүмкіндігі шектеулі жандардың денешынықтыру орталығының спортшылары биылғы жыл басынан бері төрт бірдей дүбірлі додаға қатысып үлгерді. Барлығынан да жеңіспен оралды. Мәселен, 27 ақпанда Атырау қаласында қол күресінен өткен жарыста үш, зілтемір көтеруден бір спортшымыз жүлделі орын иеленді. 26-27 сәуірдегі облыстық ашық турнирге қатысып, тоғызқұмалақ, дойбы, үстел теннисінен төрт алтын мен алты күміс, тоғыз қола тағып қайтты. Ал 3-5 шілде аралығындағы спорттың жеңіл атлетика түрінен өткен облыстық жарыста мүмкіндігі шектеулі 20 спортшымыз бақ сынады. Олар найза, диск мен ядро лақтырудан, түрлі қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмады. Нәтижесінде бес алтын мен 14 күміс және 16 қоланы қанжығасына байлады. Көріп отырғанымыздай, мүмкіндігі шектеулі жандар болса да, спортшыларымыздың жеңісі жыл өткен сайын еселеніп келеді. Мұндағы жеңімпаздардың 10-ы тірек қозғалысы жүйесі бұзылған жандар болса, 10-ы соқырлар қоғамынан қатысқан спортшылар екендігін айта кеткен жөн.

Әрине, мұндай жеңісті жетістікке «Ақбол» спортшылары тек қана өздерінің ерік-жігерімен жетті десек артық айтқандық болар еді. Қиын кезде қайырымды жандар демеуші болып, жақсы адамдар қолдау көрсетті. Олар күні бүгін алғаш рет жарысқа қатысып, үлкен жеңістерге жол ашқан бұрынғы №21 орта мектептің ескі ғимаратында жаттығады. Орталық оның үш-төрт бөлмесіне орналасқан. Оны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрбай Сүйембаев тегін беріп отыр. «Өмірзақ» ЖШС-нен Асылбек Маратұлы демеуші болып, үстел теннисі мен құралдарын, биошаңғы сатып алып берсе, Серік Қамидолла жаттығу құралдары мен жүгіру жолағымен қамтамасыз етті. Түрлі жарыстарға, мысалы жеңіл атлетикадан өткен сайысқа қатысарда спортшыларды ауданға белгілі жаттықтырушылар Жұмабай Сергеев пен Үзілдік Молдағалиевалар дайындап, тіпті Атырау қаласына бірге болып, жеңіске жігерлендіріп отырды. Ал жеке кәсіпкер Қобылан Әлдешбаев болса ғимаратын жөндеуден өткізуге жәрдемдесіп, канализация жүйесінің жұмысын жолға қойды. Міне, осындай жаны жайсаң жанашыр жақсы жандардың арқасында «ақболдықтар» алға қарай да жеңістің биік тұғырынан көріне бермек.

Жақында мүгедектер қоғамы мен «Ақбол» мүмкіндігі шектеулі жандардың денешынықтыру орталығына аудан әкімі Азамат Бекеттің өзі ат басын тіреді. Спортшылардың жағдайымен жақын танысқан жаңа басшы болашақта жаңа ғимаратпен қамтуға оң ықпал ететіндігін жеткізді. Бұл да болса, мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен қолдау екендігінде сөз жоқ. Өйткені орталық орналасқан ғимараттың өзін айтпағанда, ішіндегі күнделікті тұтынып отырған дүние-мүліктердің өзі ескі-құсқы заттар. Оны Амангелді мен Қайрат бастаған бастамашы топ өз қолдарымен аяқтай жүріп, «ойдан-қырдан құрап» жинақтап әкелген-ді.

Ербол Қошақанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521