Мұнайлы өлке шежіресі

Патшалық Ресей XVII ғ. аяғы – XVIII ғ. басында Қазақстанның кең алқабына назарын аудара бастады, өз империясының шығыс шекараларын нығайту,оңтүстіктегі елдерге апарар жаңа сауда жолдарын іздеу мақсатында жылма-жыл мұнда саудагерлерін, әскери топографтар мен табиғат зерттеушілер топтарын жіберіп тұрды.

Ал Атырау облысындағы мұнай көзі жөніндегі алғашқы мәліметтер 1717 ж. I Петрдың жарлығымен Жем өзенінің төменгі ағысы арқылы Хиуаға әскери-топографиялық экспедициясын ұйымдастырған Бекович – Черкасскийдің жазбаларынан, одан кейін географ Северцовтың 1860 ж. жарияланған есебінен табылған ( Ш.Есенов және басқалар, 1968).

1768 ж. ұйымдастырылған ғылыми экспедцияның есеп беру материалдарында (С.Гмелин, И.Лепехин, П.Паллас) Батыс Қазақстанның геологиясы мен пайдалы қазыналары - көмір, мұнай, жанғыш тақтатастар және минералдық тұздар жөнінде бірқатар мәліметтер бар. 1874 ж. Мұнай қорларын ашуда және нысаналы геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде 1892 ж. геолог С.Никитиннің басқаруымен аймақтың табиғи байлықтарын зерттеу және Түркістанға теміржол салудың оңтайлы жақтарын қарастыру мақсатында Батыс Қазақстанға жіберілген арнайы экспедицияның тындырған жұмыстарының маңызы зор болды. Мұнайдың шығуын зерттегенде экспедиция тұңғыш рет қолмен бұрғылау қондырғыларын пайдаланды. Оған қоса, ауыз су іздестіру, кейінірек фосфорит пен көмір іздестіру басталды.

С.Никитиннің экспедициясы анықтап, дұрыс баға берген Қарашүңгілдегі, Доссордағы және Ескенедегі мұнайдың белгілеріне сол кездегі мұнай қоғамдастықтары назарын аударды. 1892 ж. аяғында Доссордың жекелеген учаскелеріне барлау жүргізуге ынта білдірген алғашқы өтініштер келіп түсіп жатты. Көп ұзамай Батыс Қазақстанның Орал-Ембі және басқа да аймақтарының мұнайын іздеу және барлау үшін көптеген қоғамдар, серіктестіктер мен фирмалар құрылды. Солардың ішіндегі ірілері: Орал – Каспий мұнай қоғамы ( УКНО), «Ембі-Каспий», «Ағайынды Нобельдер серіктестігі», «Ембі», « Орал мұнайы» т.б. 1894 ж. Петербургтың бір топ іскері мұнай кендерін іздеуге және барлауға концессия алды. Доссор, Қаратон, Қарашүңгіл және Ескене кендері мұнайды кәсіби барлаудың алғашқы объектілері болды. «Ембі-Каспий» қоғамының концессиясын өз иелігіне алған С.Леман компаниясы Қарашүңгілде тереңдігі 38-ден 275 м-ге дейін жететін 21 үңғы бұрғылады. 1899 ж. қараша айындағы N7 ұңғының 40 м тереңдіктегі қуысты карст карбонатты жыныстарынан алғашқы жеңіл мұнай атқылау тарихи оқиғаға айналды. Бұл Қазақстан Республикасында, қазақ жерінде мұнай өндіру саласының тұсаукесері болды. 1906-1909 жж. Қаратонда жоғарғы бор қабаттарынан 3-4-ұңғыдан мұнай шықты.

Берекелі елдің мерекесі құтты болсын!

Қазақ мұнайының қарашаңырағы – Жылыой ауданына 90 жыл толып отыр. Мұнайлы ауданның мерейі қашанда қара алтын кенімен үстем ғой. Жылыойдың жылнамасы да мұнайының тарихымен қатар өрбиді. Бұл дүбірлі той – әрбір жылыойлықтың думанды мерекесі. Менің де, менің отбасымның да тойы. Атам Бешім қарт Қосшағыл кен орнын ашушы екені белгілі. Ұшқан қарға ғана көзге шалынатын шағылдар арасынан жылыстап аққан қара суықтықты байқаған ол торсықтағы «тапқанын» алып, шалғайдағы Доссорға жол тартып, ондағы жас геолог, кейіннен осы саланың білгір ғалымы атанған профессор Петр Авровқа тапсырғаны ел аузында аңызға айналған. Торсықтағы нәрсе мұнай екені анықталған соң, бұрын бақырауық қойлардың ғана даусы естілетін даланы барлаушылардың дүбірі басты. 1932 жылғы 28 қарашада №6 ұңғымадан 450 метр тереңдіктен алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Алғашқы ұңғыма тәулігіне 250 тонна мұнай беріп, ырысын «қара алтыннан» іздегендерді алабөтен қуанышқа кенелтті. Мұнайды тапқан Бешім қартқа құрмет көрсеткен геологтар оған осы кен орнына атау беруін өтінді. Ол бұл жерді «Қосшағыл» деп атауды жөн көрген еді. Себебі түсінікті де.

Кәрі Ембінің өнеркәсіптегі тұңғышы Қосшағыл кен орнын игеру 1935 жылы басталды. Бұл күнге Бешім қарт жетпеді. Десе де, оған «Қосшағыл кен орнын алғаш ашушы» деген аты аңыз боп қалды. Мұнайлы мекенге жан бітіріп, төсінде қызу еңбек гүрілдеді. Жастар кәсіпшілікке жұмысқа тартылды. Қосшағылдан тұрғын үйлер, мектеп, мәдениет үйі сияқты әлеуметтік нысандар бой көтерді. Үш жылдан соң Жылыой ауданының орталығы Қосшағылға көшіріліп әкелінді. Сол кезде Қосшағыл-Атырау су құбыры, Гурьевтен Орскіге табан тіреген мұнай құбыры, Қосшағыл, Мақат тар табанды теміржол желісі тартылды. Міне, «торсықтағы қара май» маң жатқан даланы осылайша өндіріс ошағына айналдырған еді. Мінекей, бұрын аудан орталығы болған Қосшағылдың тарихы осындай болатын. Бұл қойнауы кенге толы, шежірелі киелі мекеніміздің тарихының бір парасы ғана. Еліміздің экономикасына елеулі үлес қосып отырған Жылыой ауданы – өндірісі қанат жайған аудан. Биыл осы туып-өскен өлкемізге, мақтанышымызға айналған ауданымызға торқалы 90 жыл толып отыр. Барлық жылыойлықтарды осы мерейлі мерекемен құттықтаймын. Байлығымыз ортаймасын, сол байлықтың берекесі Жылыойдағы әр шаңыраққа дари берсін деп тілеймін! Наурызғали Бешімов, мұнайшы ардагер.

Аудан тарихы мұнаймен тығыз байланысты Ауданымыздың 90 жылдық мерекесі құтты болсын. Жылыойдың тарихы, оның дамуы мұнай саласымен тығыз байланысты. Мен 1929 жылы Қаңбақтыда дүниеге келгенмін. 1939 жылы Құлсарыға көшіп келгенімізде бұл жерде ұшқан қарға да болған жоқ. Ал бүгінде 80 мыңнан астам тұрғыны бар үлкен аудан орталығына айналып отыр. Менің еңбек жолым 1945 жылдың қазан айында Құлсары мұнай-газ өндіру кәсіпшілігінде басталды. Тәуелсіздік жылдары ел экономикасына құйылған үлкен инвестиция – ол Теңіз кен орнын игеру жобасы. Ол жерде мыңдаған еліміздің тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр. Ел берекесі ынтымақ пен бірлікте. Еліміздің экономикасы қарыштап дами берсін. Ауданымыз көркейіп, халық аман болсын. Зинолла Бозтаев, мұнайшы, еңбек ардагері.

Абыройың арта берсін! Кең Жылыойдың торқалы тойы құтты болсын! Ауданымыздың құрылғанының 90 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілуде. Ол - бәріміздің ортақ мерекеміз. Ауданның сонау қалыптасу кезеңінен тәуелсіздік таңы мен даму сатысына дейін түрлі дәрежедегі елім-жерім деген қайраткерлер қызмет етті. Жұртшылықты ортақ мүдде, бірлікке жұмылдыра білді. Бүгінде де жері бай аудан халқы ауызбіршілікте, татулықта ел экономикасын көтеруге атсалысып келеді. Солардың ішінде мұнайшылардың да үлесі зор деп есептеймін. Кең Жылыойдың тумасымын. Елдің мұнай тасымалы саласына 40 жылдың үстінде еңбек еттім. Еңбегіміз еленді де. Енді біз аудан болашағының баянды болуына, ұрпағымыздың бақытты да алаңсыз өсіп-өнуіне тілекшіміз. Мерейтой тек атап өтілетін дата ғана емес, өткенімізді саралап, келешегімізге нық сенім артатын кезең деп білемін. Той құтты болсын, бірлігі жарасқан елдің абыройы арта берсін!

Жақсылық Абдоллы,

ардагер-мұнай құбыршы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521