«М s K Diamond» сұлулық салоны және көлік жуу орталығы ашылды

Елбасымыз мемлекетіміздің экономикалық даму тұрақтылығын қалыптастыру, халықтың әл-ауқатын көтеру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуды басты міндет етіп отыр.

Осыған байланысты ауданымызда жергілікті атқарушы билік пен жеке бизнес өкілдері арасында игілікті жұмыстар атқарылып келеді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Құлсары қаласынан жаңа кәсіпкерлік нысан ашылды. Жаңа нысанды ашып отырған жеке кәсіпкер Айжан Қожахметова 2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайызбен несие алып, өз ісін бастаған болатын. «М s K Diamond» деп аталған сұлулық салоны және көлік жуу орталығының ашылу салтанатында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ақан Мамбетиязовқа сөз берілді.

-Бүгінде Елбасының тапсырмасымен шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан көп мүмкіндік қарастырылған. Соның арқасында ауданда көптеген кәсіпкер өз ісін ашап, тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі бүгінгі кәсіпкерлік нысанын ашып отырған Айжан Қожахметова. Алдағы уақытта да кәсібін ашқысы келетін азаматтар көбейіп, ел экономикасының дамуына үлесін қоса береді деген сенімдемін, – деді кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ақан Мамбетиязов.

Ашылу салтанатында аудан ақсақалдары Еркін Сатанғұлов пен Сәлімжан Қожахметовтер жаңа орталықтың лентасын қиып, кәсіпкерге сәттілік тіледі. Осыдан кейін ашылу салтанатына келген қонақтар жаңа нысанның ішін аралап көрді. Екі қатарлы ғимараттың төменгі қабатында көлік жуу орталығы орналасқан. Ал екінші қабатында бүгінгі уақыт талабына сай сұлулық салоны тұрғындарға қызмет көрсетпек. Бұл орталықта 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Қ.Дүйсенбетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521