Маңдайшалар мемлекеттік тілді «менсінбей» тұр

Тіл – қазақтың айнасы, дербес ұлт екеніміздің айғағы.

Тіл жоғалса, ұлт та жоғалатыны - әу бастан дәлелденіп қойылған аксиома. Бірақ әлі күнге дейін елімізде қазақ тілін күнделікті қолданыста кеңінен қолданбау немесе шұбарлап, дүбәра сөйлеу, жазудан арыла алмай келеміз. Әсіресе қалалардағы алуан тілде жазылған маңдайшаларға қарап, қай елде жүргеніңді ұмытқандай боласың. Ал қазақша жазылған маңдайшалардағы «басты жарып, көзді шығарып» тұрғандай қателерден көз тұнады. Үлкен қалаларды айтпайық, 99 пайыз қазақтар тұратын өзіміздің Құлсарыда да көше көрнекіліктерінің біразы «Тіл туралы» заңды белден басып тұр. Қаланың о шеті мен бұ шетіндегі әртүрлі ғимарат, сауда нысандарын аралап шықсаңыз да, ащы әзілге арқау болатын небір қателіктерді табуға болар еді. Міне, осындай келеңсіздіктерге бейжай қарай алмаған бір жылыойлық қоғам белсендісі Тұрар Шапқара жақында аудан әкімі Азамат Бекетпен кездесіп, көшедегі көрнекі құралдардағы тіл заңдылықтарының сақталуы жайлы мәселе көтерген. Расында, аудан кәсіпкерлері кәсібінің өрге домалағаны - экономикамызға үлес, дегенмен ана тілімізге де жанашырлық танытқандары ұлттық құндылығымызды қолдап, қорғағаны болар еді. Біз осыған орай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарушы Үміт Кенжинамен сұхбаттасқан едік.

- Қазіргі таңда аудандағы көрнекілік құралдар ахуалы туралы не айтасыз?

-  Қай мемлекет, қай халық болмасын оның ұлттық мақтанышы, рухани бастауының қайнар көзі – ана тілі. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап тіліміздің мәртебесін арттыру жолында көптеген істер тындырылды. Ең алдымен, тіліміздің мемлекеттік мәртебесі ел Конституциясында бекітіліп, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы қабылданды.

Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлі, алар орны тайға таңба басқандай айқындалып тұратын жері – көрнекі ақпарат. Аудандағы көрнекі ақпараттың жай-күйі, ондағы мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі туралы айтар болсақ, бұл бағытта біздің қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Сонымен қатар кемшіліктеріміз де баршылық. Атап айтсақ, 2018 жылғы желтоқсан айының үшінші онкүндігінде аудан бойынша сыртқы жарнама өнімдері мен көрнекі ақпараттардың «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы нормаларына сәйкестігіне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мониторинг жұмысын жүргізді. Мониторинг қорытындысы бойынша ауданында барлық көрнекі құралдар саны -208, оның Құлсары қаласында орналасқаны - 101. Қалғандары кенттік, ауылдық округтерде орналасқан. Көрнекі құралдар желісі жастар тәрбиесі, салауатты өмір салтына, ұлттық мәдени құндылықтарды сақтауға, нашақорлық, экологиялық сауықтыру т.б. бағыттарға құрылған.

-  «Тіл туралы» заңның талаптарын жекеменшік нысан иелері өз деңгейінде орындап отыр ма?

-   Аудан бойынша жекеменшік сауда нүктелерінің маңдайша жазулары, ақпараттық тақтайша жазулары, жарнамалық жазулар, прейскуранттар мен баға көрсеткіштері т.б. нысандардағы «Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» және «Жарнама» туралы заңдарына сай орналасуын, жазылуын, сауаттылығын бақылау назарға алынды.

«Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының талаптарын орындауда жайбарақаттық танытып отырғандар мен оны өрескел бұзушылардың қатары азаймай отыр. Маңдайшаларын шет тілінде жазып, мемлекеттік тілде жазуға мойын бұрмайтын жекеменшік нысан иелеріне заңнамаларды түсіндіру мен қызметтік хат жазудан басқа ешқандай шара қолдана алмай келеміз. Дегенмен де, қол қусырып қарап отырған жоқпыз, зерделеу жұмыстарына шығып, түсінік жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Десек те, бірі қателікті жоюға тырысса, бұған құлақ аспайтындар да кездеседі. Мемлекеттік тілді «менсінбеушілерге» кемшілігін көрсете қалсаң, заң талаптары туралы алғаш рет естіп тұрғанын айтып, ақтала бастайтыны әдетке айналған. Алайда заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны бесенеден белгілі.

-  Көрнекі ақпарат құралдардың мәтінін орналастыру заңда көрсетілген бе және оны бұзғандар жаупкершілікке тартылады ма?

-   Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңға сәйкес, көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде, сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағында немесе төменгі жағында орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік- құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауы тиіс. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы №508-ІІ «Жарнама туралы» заңына сәйкес, жарнама ақпараты тұтынушыға тиісті түрде жеткізілуі тиіс, қазақ және орыс тілдерінде ресімделіп (қосымша басқа да тілдерде), әріптері анық, мәлімет орналастырылған объект ұқыпты, таза болуы қажет. Деректемелер мен көрнекі ақпараттарды орналастыру бойынша ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарындағы талаптарды бұзу, Қазақстан Республикасы заңдарымен көзделген тәртіпте әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 349-бабы).

-  Зерделеу жұмыстары туралы нақтырақ айтсаңыз.

- Сыртқы жарнама құралдарын тіл заңнамасы талаптарына сәйкестендіру мақсатында зерделеу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Ай сайын бөлімнің маманы дүкендерге, мейрамханаларға т.б. әлеуметтік нысандарға барып, иелеріне «Тіл туралы» заңға қайшы маңдайша жазуларды, жарнамаларды және т.б. көрнекі құралдарды заңға сәйкестендіру үшін әдістемелік көмек ретінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заңға қайшы көрнекіліктерді түзету үшін хат жолдайды. Атап айтсақ, заңға сәйкес емес көрнекіліктерді заңдастыру мақсатында жеке кәсіпкерлерге хаттар жолданып, «Айжан» шаштараз, «Мир одежды», магазин «Әлібек», «Элит» сұлулық салоны, «Ремонт сотовых телефонов», «Турецкие детские одежды», «Женские сумки», «Одеяло, плед», «Ремонт обуви», «Французские духи» т.б. нысандарға тіл заңдылығын сақтау туралы ескертулер берілді.

Осы шараны жүзеге асырудың мақсаты шағын және орта бизнес өкілдеріне жарнамалық және басқа да көрнекі ақпаратты тіл туралы заң талабына, дұрыс жазу ережелері мен әдеби тілі нормасына сәйкес рәсімдеуде әдістемелік көмек көрсету болып табылады.

-  Жыл ішінде неше рет зерделеу жұмыс жүргізілді? Маңдайшалар мен жарнама жазуларын тіл туралы заңнама талаптарына сәйкестендіру жұмыстары одан әрі жалғасын таба ма?

-  Көшелердегі ғимараттар мен сауда орындарының 125 маңдайша мен жарнама жазуларына заңға сәйкестендіру туралы зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ескірген және қате жазылған 66 маңдайша мен жарнама жазулары алынып тасталып, қайта түзетілді, ал қалған 59-ы түзетілу үстінде. Маңдайшалар мен жарнама жазуларын тіл туралы заңнама талаптарына сәйкестендіру жұмыстары одан әрі жалғасын таба беретін болады. Туған тіліміздің биік мәртебесі үшін жұмыла еңбек етіп, тер төгу - бәріміздің азаматтық парызымыз. Алдағы уақытта осындай мақсаттағы зерделеу жұмыстары жүргізілетінін кәсіпкерлер қаперіне бере отырып, тіл мәселесі тұрғысындағы ортақ мүддені түсініп, біздің айтқан ескертулерімізге оң көзбен қарап, қателіктерді түзетуге тырысса екен дейміз.

Сұхбаттасқан: С.МҰРАТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521