ads_banner

Мал суаратын көлдер жоғалып барады

Тұрғындардың қатысуымен өткен ауыл әкімінің есебіне аудан әкімі Азамат Бекет, аудандық мәслихат хатшысы Мұхар Кенғанов, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Ауылда атқарылған жұмыстар туралы баяндап өткен Б.Қариев ауылдағы құрылысына қаражат бөлуді қажет ететін, құжаттары жасақталып ұсыныс жолданған жұмыстарға тоқталды.

- Тұрғызба ауылына мәдениет үйін салу үшін жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі, техникалық шарттары жасақталып, аудандық құрылыс бөліміне жолданды. Аталған бөлім арқылы 2016-2020 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасының іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілді. Денешынықтыру-сауықтыру кешені үшін жер учаскесі бөлініп, ауданның құрылыс бөлімінде жобалау-сметалық құжатары жасақталып, енді «Игілік» бағдарламасына ұсынылады деп күтудеміз. Өрт сөндіру депосы үшін жері белгіленіп, мемлекеттік актісі алынып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Бюджеттік қызметкерлер үшін 2 пәтерлік 2 тұрғын үй құрылысына жер телімі бөлініп, толықтай құжаттары жасақталды. Қазіргі таңда аудандық құрылыс бөлімі арқылы сараптамадан өтті, жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Ауыл ішіндегі 3 шақырым тасжол үшін жер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне шешім шығарылып берілді. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде, бұдан басқа да 12 км жол салынады деп күтілуде. Электр қуатын күшейту және тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Тұрғызба ауылына ток желісін тарту және трансформатор қондыру жұмыстарын, «Лайге» мекемесі 2017 жылы электр желісін тарту жұмыстарын бастады, 2018 жылы аяқтау керек болатын, бірақ техникалық шарттарын жасақтаудағы өзгерістерге байланысты шешілмей отыр. Жалпы ұзындығы 14 км ауылішілік көше жарығын жүргізу жоспарланып, 2,4 шақырым көше жарығын жүргізу үшін құжаты жасақталды. Ауыл маңындағы «Тәжі қауымы», «Бағыт қауымы», «А.Жұбанов көшесі» зираттарының жерлеріне шешім шығарылып, мемлекеттік тіркеуден өткізілді. 2019 жылға қоршау жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттарын жасақтауға қаражат сұратылатын болады,- дейді ауыл әкімі.

Ауыл тұрғыны Асқар Төремұратов ауылда ат спорты жақсы дамып келе жатқанын айтып, осы орайда ауыл маңына талапқа сай шағын бәйге алаңын салу қажеттігін алға тартты. Ауыл шаруашылығы маманы Ізімғали Сүйесінов, Жылқыайдар Шегіров, Абдрахман Сартаев және тағы да басқа ауыл ақсақалдары Жем ауылдық округі негізі мал шаруашылығымен айналысып келген ауыл екенін жеткізіп, осы ата кәсіпті қолдап, сақтап қалу керектігін жеткізді. Осы орайда ауыл маңынан өтетін Жем өзенінің суын реттеу мәселелерін ортаға салды. Шаруашылық ұстап отырған азаматтар қазіргі кезде шабындықтарға су шығару, ауыл маңындағы мал суаратын көлдердің жоғалып бара жатқаны туралы мәселені көтерді. Олардың айтуынша, көлдер ластанып, су көздері бітеліп қалған көрінеді. Бұл мал өнімінің азаюына әкеліп соқтыратынын түсіндірді. Шаруалар аудан әкіміне көктемгі су тасқыны кезіндегі жағдайды аудан әкімі жауапты бөлім баcшыларымен бірге өз көзімен көрсе деген өтініштерін жеткізді. Сонымен қатар малдың терісі мен жүнінің әлі күнге дейін өңделмей, далада қалып жатқаны айтылды. Осы мәселені шешу үшін ТШО компаниясының «Игілік» бағдарламасынан ауданымыздағы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін дамытуға бағытталған қаражат бөлінсе деген ұсыныс берілді. Көктемгі су тасқыны кезінде Жем суын реттеу бағытында арнайы бригада құрылса деген де ұсыныс айтылды. Тұрғындар ауылдың солтүстік бетінен өзен бойынан өтетін бөгет немесе көпір, келген суды тиімді пайдалану мақсатында шлюз салынса деген өтініштерін білдірді. Ауыл тұрғындарының бірі ауылға кіреберіс тасжолға жылдамдықты шектейтін жол белгісін және жол кедергісін қоюды сұрады. Себебі бірнеше рет өзі тұратын үйдің ауласын қатты жылдамдықпен келіп, жеңіл көліктер бұзып кеткен жағдайлар болғанын жеткізді. Бір топ ауыл жастары Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағанын алға тартып, осы орайда ауылдан денешынықтыру кешені мен шағын аяқдоп алаңдары салынса деген өтініштерін айтты. Ауыл тұрғындары ауыз су бағасының басқа ауылдармен салыстырғанда неліктен қымбат болып отырғанын, «Ақбұлақ» бағдарламасымен жүргізілген ауыз су желісі ауылдағы бірнеше үйге жетпей қалғанын айтты. Бұл мәселеге орай «Жылыой-тазалық» мекемесінің басшысы Б.Абдрахманов кезінде белгілі себептермен субсидия қаралмай қалғанын, алдағы уақытта субсидия бөлдіруге ұсыныс берілгенін жеткізді. Ал бағдарлама аясында су құбыры жүргізілмей қалып қойған 35 үйге қажетті материалдарын өздері сатып алса, 250 метр жерді техника бөлдіріп, қазып беруге қолдау көрсететінін айтты. Жиналысты қорытындылаған аудан әкімі Қосшағыл мен Тұрғызба ауылдарында денешынықтыру кешенін салу мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, «Игілік» бағдарламасы бойынша қаражат қаралатынын жеткізді. Мәдениет үйі мен балалар ойын алаңы биылғы жоспарда бар екенін атап өтті. Ауылдың солтүстік бетінен көпір салу мәселесі қаралып жатқанын, ал өзен бойынан бөгет салу заң бойынша рұқсат етілмейтінін түсіндіріп өтті. Жем өзенінің құмыққан жерлерін, сонымен қатар көлдерді тазарту жұмыстарына демеушілік көмекпен бір айға арнайы техника алдыртып отырғанын, осы бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде атқарылатынын жеткізді. Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне орай алдағы уақытта арнайы шаруалармен бөлек кездесу өткізілетін болып келісілді.

Қ.Дүйсенбетов.

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_banner2

ads_banner