Мысты қапшықтап ұрлаған қоймашы

Оқиға өткен жылдың маусым айында орын алды. Теңіз кенішіндегі бір мердігер мекемеде қоймашы болып жұмыс жасайтын 35 жастағы азаматтың мамырдың аяғында кезекті вахталық қызметіне кіріскен кезі еді.

Арада бірнеше күн өткеннен кейін, ол орталық қойманың іргесіндегі контейнердің жанында жинаулы тұрған қапшықтарды көзі шалады. Ішін ашып қараса, мыс темірден жасалған сантехникалық құрылғылар екен. Сол бойда басына арам ой келе қалды. Мысты түрлі-түсті металл қабылдайтын жерге өткізсе, едәуір ақша табатыны анық. Енді оны көпке көрсетпей қоймадан алып шығу жағын жоспарлай бастайды. Көп ұзамай қоймашы алғашқы күні оның бірнеше данасын қалтасына сыйғанша тығып алады да, жатақханасына жол тартады. Жолы болды! Келесі күні тағы да бірнешеуін қойнына тығып әкеліп жасырады. Осылайша бірнеше күн жалғасады. Ауысымдық жұмыс уақыты аяқталғанша мыс муфтыларды 16-17 данадан жұмысшы киімінің қалтасына толтырып алып, бөлмесіне таси береді. Вахта аяқталар қарсаңда тірнектеп жинаған мысын ақ қапшыққа салып, аузын жақсылап буып, бөлмесіне жасырып қояды. Кетерде есігін құлыптап тастайды. Сөйтсе, қойны-қонышын толтырып тасыған муфтылар төрт қапшық болған екен. Сатса, көл-көсір ақша екені белгілі.

Айдың аяғында вахтасы бітіп, үйіне кеткен оны басшылары арада бір апта өткен соң қайта шақыртады.Үш күн жұмыс жасаған соң қоймашы жеке шаруасымен ауылына қайтуға жиналады. Жолай мысықтабандап жинаған мыстарын ала кетуді де ұмытпайды. Онысын көлігінің жүк салғышына жақсылап тиеп алады. Бірақ «Ұрының арты – қуыс» дегендей, қоймашының арам ойы іске аспай қалды. Теңіз қалашығынан ұзай бере оның мінген темір тұлпарының шылбырына жол тәртіп сақшылары жармасты. Тексере келгенде көлігінің артынан «CLAND CABLE M20», «CLAND CABLE M32», «CLAND CABLE M40» маркалы муфт құрылғылары шыға келді. Бұл шетелдік компанияға тиесілі мекеменің мүліктері еді. Әрине, ұрлық болған соң келтірілген шығын есептелетіні белгілі. Сөйтсек, сот-тауартану қорытындысымен қоймашы 373 дана муфты ұрлап, компанияға 1 831 910,36 теңге залал келтірген болып шықты. Ұрлық заттар тәркіленіп, алдын ала тергеу амалдары арқылы кінәсі мойнына қойылды.

Таяуда аудандық сотта бұрынғы қоймашының қылмыстық ісі қаралды. Ол мекеме мүлкін ірі мөлшерде жымқырып, Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Аудандық соттың үкімімен 3 жыл алты ай мерзімге бас бостандығына шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Бұл жерде ұрлықтың кесірінен компанияға келтірілген шығын орнының толтырылғаны, айыпкердің отбасының жалғыз асыраушысы екені ескерілді.

А.Балмұханова, аудандық соттың судьясы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521