Өнерлі егіздер

Жастар күні қарсаңында ауданымыздағы өнерлі, белсенді жастар Эльвира мен Индира Темірхановалармен сұхбаттасқан едік. Шынайы әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.

-Егіз болу қаншалықты қызық, кейде қиыншылықтары бола ма?

- Егіз болған жақсы, әрине. Қызығы, бізді көп адам шатастырады. Мектептегі мұғалімдер, ағайын-тума, достар шатасып, сен қайсысы едің деп жатады. Бір-бірімізді көзқарасымыздан түсініп тұрамыз. Ауырсақ та бірге ауырып, қиналсақ та бірге қиналамыз. Бір-бірмізден ұзақ ажырап көрген жоқпыз. Бірақ кейде екі-үш күн көрмесек, сағынып іздейміз. Екеуміздің жан дүниемізде не болып жатқанын сезіп отыратын қасиет бар егіздерде. Кейде көңіл күйіміз болмаса, екеумізде де болмауы мүмкін.

-Өнерге қалай келдіңдер?

- Өзіміз мектеп кезінен ән айтып, би билейтінбіз. Барлық мерекелік шаралар бізсіз өтпейтін. Содан бастап біріміз әнге, біріміз биге қызыға бастадық. Эльвира биді жақсы көреді. Мен ән айтқанды. -Болашақта өнер саласын жалғастырасыңдар ма? - Қазір де өнерде біргеміз ғой. «Егіз лебіз» деген тобымыз да бар. Дуэт болып ән саламыз, би де билейміз. Болашақта мен әнші (эстрадалық вокал), сыңарым Эльвира (xореография) саласын таңдап отырмыз. Осы өнер жолын таңдауымызға ата-анамыз қарсы болған. Қазір келіскендей болды. Биыл таңдаған мамандығымыз бойынша Шымкент қаласындағы университетке түстік.

-Алға қойған жоспарларың.

- Адам болғасын арман да, жоспар да көп болады. Арманымыз – өз таңдаған мамандығымызды алып, шәкірт тәрбиелеу. Өнердің шыңына шығу. Авторлық әндер жазу. Айтпақшы, әзірге ән қоржынымызда бір ғана авторлық әніміз бар. Сөзін Ботакөз Бексары жазды. Бек Борбиевке «Ай, жезде» әнін жаздырғанбыз. Өзіміздің жерлес ағамыз Азамат Есім бізге арнайы «Егіз лебіз» деген өлең шығарып берген. Енді соған көңілді әуен болса, жарыққа шығармақ ойымыз бар. Авторлық әндерді көбейту жоспарда бар. Индира түрік әндерін көп орындайды. Болашақта басқа ұлттың әндерін Индирамен бірге дуэт етіп айту ойда бар. Екеумізге де түрік, өзбек әндері ұнайды.

-Жастар күніне тілегіңіз.

-Мерекеміз құтты болсын, қыздар, жігіттер! Еліміздің болашағы біздің қолымызда. Ұлтжанды болайық! Тілімізді, ұлтымызды сактайық. Қазақстанымыз көркейіп, гүлдене берсін, соған біздер, жастар үлес қосайық. Елдігіміз, бірлігіміз жасай берсін!

Сұхбаттасқан: Ж.ШАҢҚАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521