Қос бәйтерек

Майданға Жылыой ауданынан әр жылдары 5008 адам аттанды. Олардың 2278-і бейбітшілік жолындағы шайқастан оралмады. Зұлмат соғыстан елге аман оралғандар бейбіт заманның іргетасын қалау жолында еңбек сіңірді.

Бірақ Жеңіс күні алыстаған сайын жылыойлық жауынгерлердің қатары да жылма-жыл кеми түсті. Қазір біздің ортамызда қос бәйтеректей боп Ұлы Отан соғысының екі ардагері ғана қалды. Біз Жеңіс күні қарсаңында Қапес Ибраев пен Жәңгірхан Бисенғожиевтердің өмір жолы, ерлік жолы туралы толғамақпыз. Қапес ата Жер-дүниені дір сілкінткен соғыс өртінің сөнгеніне биыл - 73 жыл. Елімізге зор ауыртпалықтар әкелген Ұлы Отан соғысының зардабы тимеген шаңырақ жоқ шығар. Бұл соғыста қазақ халқы талай боздақтарынан айырылды. Аталарымыз қан майданда толарсақтан саз кешіп, жанкешті қаһармандылығымен басқа ұлттар алдында өздерінің ерлігін көрсете білді. Бүгінде сол соғыстың куәгерлері азайып бара жатқаны өкінішті. Ауданымызда майдан даласында болып, жеңіс туын желбіретіп қайтқандардың бірі Қапес Ибраев болатын. Ол 1926 жылы 10 қаңтарда Жылыой ауданы, Ракөш ауылында дүниеге келген. Балалық шағы қазақ халқы үшін қиын кезеңде өтті. Ашаршылықты өткізіп, енді ғана ес жинаған кезде Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған соғыс басталды. Сол күні жау тәтті ұйқыны ғана бұзған жоқ. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады. Егін даласынан диқаншы трактордан түсіп, танкіге отырды.

Қапес ата 17 жасқа толғаннан кейін 1943 жылы әскер қатарына алынады. Кіші командирлер дайындайтын курстан өткеннен кейін 70 дивизияның №332-409 полкіне түседі. Сол полкте жауынгерлік тапсырмаларын адал орындап, Белоруссия, Украина елдерін азат етуге қатысады. 1945 жылы неміс басқыншыларының бетін қайтарып, елге оралғалы жатқанда Жапон басқыншылары соғысы басталып та кетті. Қапес ата бұл жаудың да бетін қайтаруға қатысып, елге 1946 жылы оралды. Қапес ата аман оралды, дегенмен ол майданда өзімен бір нанды бөлісіп жеген қаруластарынан айрылды. Уақыт өте келе тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылмасы хақ. Сондықтан да Қапес ата сол жылдарды еске алуды қалай бермейтіндей көрінді бізге. Майдангер елге оралғаннан кейін еңбекке араласып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытты. Ол Гурьев педагогикалық техникумын тамамдаған болатын. Өзінің білімін ауданымызды дамытуға жұмсады. 10 жыл аудандық комсомол, партия аппаратында еңбек етті. Көп жылдар «Ембі» кеңшарының кадр бөлімінің басшысы болып қызмет атқарды. Сонымен қатар 30 жыл табан аудармастан ауылшаруашылығы саласында жемісті еңбек етті. Осы салада абыроймен зейнетке шықты. Майдангер Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені, "Германияны жеңгені үшін", "Жапонияны жеңгені үшін", сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің бірнеше мерекелік медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін "Ерен еңбегі үшін" медалі де табыс етілген. Қапес ағай зейнетке қалғаннан кейін де қоғамдық іс-шараларға белсенді араласып келеді. Елімізде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей қарап отырады.

Республикалық "Ардагерлер айнасы", "Атырау", "Кең Жылой" газеттерінің тұрақты оқырманы. Ұлы Жеңістің 65 жылдығында Мәскеу қаласындағы шеруге, ал Ұлы Жеңістің 70 жылдығында Астанада өткен шеруге аудан ардагерлерімен бірге барып, қатысып келді. Сол жылы "Жылыой ауданының Құрметті азаматы" атағы берілді. Сонымен қатар Құлсары қаласынан пәтер кілті табыс етілді. Тәуелсіздік алған жылдары тарихтағы белгілі тұлғаларымызға ескерткіштер қойыла бастады. Мәдени мұраны қалпына келтіру бағытында Қапес атаның бастамасымен Бақашы қорымында Әжібай би мен Арал батырға кесене тұрғызылды. Қапес ата зайыбы Жұмаш Мұхамбетова екеуі Сағын, Саламат, Азамат сынды ұлдары мен Нұрсұлу, Күнсұлу сынды қыздарын тәрбиелеп өсірді. Бүгінде майдангер Тұрғызба ауылында немересі Ернұр Есқайыров пен келіні Қымбат Қаржаубаевамен бірге Сәулет, Азиз, Нұрай атты шөберелерін қызықтап отыр. Ардагер денсаулығына байланысты мобильдік байланыс жүйесімен қамтылған. Медициналық басқа да әлеуметтік мәселелері шешілген.

Ардагер тек елімізде ешқашан соғыс болмай, адамдардың бейбіт өмірдің бағасын білгенін қалайды. Біз де сол тілегіне қосыламыз. Олардың ерлігі - жастарға үлгі, ұрпаққа ұран. Жәңгірхан ата Қуаныш пен қайғыны, үміт пен ерлікті бір арнаға ұштастырған Ұлы Жеңіс үшін қаншама аталарымыз бен әжелеріміз жанын қиды. Соғыс деген сөздің өзі қандай суық десеңші. Өйткені соғыс адамзатты қырып-жоюға бағытталған. Талай рет үстемдік, байлық үшін адам қаны суша аққан. 1941-1945 жылғы соғыстың тарихи маңызы үлкен. Бұл соғыс адамзаттың қас дұшпаны, қаскөй жауы фашизмнiң iнiне су құйды. Тамырына балта шапты. Бiздiң майдангерлерiмiз де осы Ұлы Жеңiске өз үлестерiн қосты. Ашаршылықтың алапатын, соғыстың сұмдығын көрсе де қиындыққа мойымай, елдің ертеңі үшін ерлік көрсеткен жылыойлық Жәңгірхан Бисенғожиев ақсақалдың өмір жолы - жұртшылыққа үлгі, өнеге. Ол 1926 жылы 16 қаңтарда Жылыой ауданы, Қияқ ауылында дүниеге келген. 1934 жылы Жылыойдағы мектепте 3 жылдық білім алады. 1939 жылы аудандағы байланыс бөлімінде хат-газет таратушы болып еңбек жолын бастайды. 1941 жылы Доссор поселкесіндегі фабрикалық-зауыттық училищеде (ФЗУ) оқып, білім алады. Оқуын тамамдағаннан кейін Қосшағыл кенорнында оператор болып қызмет жасайды. Тылда жүріп, мұнай өндірісінде қажырлы еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосады. 1944 жылы 27 желтоқсанда әскер қатарына алынады. Ресейдің Чкалов қаласында үш айлық әскери дайындық курсынан өтіп, майданға аттанды. Германиядағы ұрыс қимылдарына қатысады. Ұлы Жеңісті Эльба өзені жағасында одақтастар армиясымен бірге қарсы алады. Сол жылы маусым айында Белоруссияға оралып, әскери қызметін 1949 жылға дейін жалғастырады.

Майдангер соғыста ерлік көрсетіп қана қоймай, сол майданнан кейін де еліміздің даму жолына түсіп, өркендеуіне үлкен үлес қосты. Елге оралғаннан кейін аудандық тамақпен қамту бөлімінде жұмысшы, дүкенші-сатушы, экспедитор болып жұмыс жасайды. Кейіннен "Жаңа таң" кеңшарында механизатор, "Қарақұм" кеңшарында су айдау мекемесінде моторист болып жұмыс жасаған. Сонымен қатар теміржол саласында да қызмет етіп, өзінің қолтаңбасын қалдырды. Жәңгірхан ата "Берлинді алғаны үшін", "Германияны жеңгені үшін" және Ұлы Жеңістің бірнеше мерекелік медальдарымен марапатталған. Ұлы Жеңістің 70 жылдығында Жәңгірхан қартқа "Жылыой ауданының Құрметі азаматы" атағы берілді. Сонымен қатар Майкөмген ауылынан үйдің кілті табыс етілді. Жеңіс күні - ақсақалдың отбасы үшін ерекше мейрам. Жылда үлкен шаңырақта дастархан жайылып, туған-туыстың бәрі жиналады. Қанша қиыншылық көрсе де қажымаған қария биыл 92-нің төріне шықты. Ағайынның ортасында абыройы асып-тасыған ақсақал елі мен Елбасының амандығын тілеп, бейбіт күнге шүкір етіп отыр. Жары Сұлтан Назарбаева екеуі бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, Майкөмген ауылдық округінің 465-бекетінде тұрып жатыр. Баласы Серік Бисенғожиев пен келіні Көңілшат Қозыбағаровадан немере сүйіп, қызықтап отыр.

Үлкен немересі Нұржамал - Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ІІ курс студенті. Одан кейінгі немересі Берік қазіргі кезде уақытша жұмыста жоқ екен. Жансая, Фарида, Жеңіс есімді немерелері Қарақұм орта мектебінде білім алуда. Ардагер жастарға өздері бастарынан кешкен мұндай сұрапыл соғысты көрмеуін тілейді, Отанды қорғауға, қоршаған ортаға мейіріммен қарауға шақырады. "Ауылыңда қарияң болса-жазып қойған хатпен тең" деп бекер айтылмаса керек. Ұлы Жеңістің жемісті күні таяған сайын ардагерлерімізге деген құрмет пен қошемет арта түсуде. Қарияларымызға қанша құрмет көрсетсек те артық емес. Осынау бейбіт өмірді сүруіміз кешегі батыр, бүгінгі ардагерлердің арқасы екенін ұмытпайық.

Қ.Нұртайұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521