Шолақ мылтық тәркіленді

Таяуда аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қаладағы орда бұзар отызға таяп қалған бір азаматтан атыс қаруын тәркіледі.

Алдын ала тергеу амалдары кезінде анықталғанындай, ол ұңғысы мен дүмбісі кесілген, калибрі 5,6 мм «ТОЗ-8» модельді шолақ мылтықты көктем мезгілінде сырттай таныс бір жігіттен 30 мың теңгеге сатып алған екен.

Қаруды құқық қорғау органына өз еркімен тапсырмай, жасырған ол пәтерінің дәліз бөлмесіндегі есіктің жоғарғы жағында орналасқан зат сақтауға арналған қоймасына салып, тығып тастайды. Сөйтіп, оны бірнеше ай бойына заңсыз сақтап келді.

Жаз мезгілінің бір күнінде полиция қызметкерлерінің жедел тергеу тобы қару сатып алған азаматтың пәтеріне тексеру жүргізді. Сол кезде оның заңсыз сақтап келген шолақ мылтығы қойманың бір қуысынан шыға келді. Арнайы сараптама жүргізген криминалист маманның қорытындысына сәйкес, алынған қару аңшылық және спорттық үлгідегі иір ұңғылы, ұңғысы мен дүмбісі қолдан кесілген, калибрі 5,6 мм болатын, заводтық саны жазылған, маркасы «ТОЗ-8» мылтығы екені белгілі болды. Және аталған қарудың атуға жарамды екені де анықталды.

Осылайша оның үстінен атыс қаруын заңсыз иемденіп, сақтағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала тергеу амалдары арқылы қылмысы толықтай дәлелденді. Аудан прокурорымен қылмыстық қылмыстық бұзушылық жасағаны үшін кінәні мойындау туралы мәміле нысандағы процестік келісім жасады.

Сот айыпкердің кінәсі жоғарыдағы баппен дұрыс сараланған деп тапты. Яғни, ол атыс қаруын заңсыз иемденіп, сақтау белгілері бойынша қылмыс жасаған. Сондықтан кінәні мойындау туралы процестік келісімде көрсетілген жаза дұрыс таңдалған, ҚК-нің 55-бабының 2,3-бөлігіне қайшы келмейді және кодекстің 287-бабының 3-бөлігінің санкциясы мөлшерінде белгіленген деп тауып, жасаған әрекетін ауырлығы орташа қылмыстар қатарына жатқызды.

Аудандық соттың үкімімен қару сақтаған айыпкер 287-баптың 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, пробациялық бақылау белгіленіп, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жазасын өтеу мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды.

А.Жекеева, аудандық соттың жетекші маманы,

Е.Есенов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521