ads_banner

Түйелер цефалопиноз ауруынан өлген

Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Д.Айтпенбет мырзаға!

«Кең Жылой» газетінің редакциясына тұрғын Г.Қарағұловадан келген хатқа орай ауданымызда түйелердің өлуіне байланысты шығарылған зертхана қорытындысын редакцияға жолдауды, оқиғаға себеп болған мал ауруының аты, аурудың сипаты, сақтану жолдары туралы тұрғындарға түсінік беруді сұраймыз.

«Кең Жылой» газетінің бас редакторы С.Шәтенова

Құлсары қаласының тұрғыны Г.Қарағұлованың арызына сай, сіздің 13.08.2019 жылғы №77 санды хатыңызға жауап

Аудан көлеміндегі түйе өлімінің тіркелуіне байланысты «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК-ның Атырау облыстық филиалына жіберілген сынамалардан; жұқпалы аурулардан таза, су шөптен алынған сынамаларда теріс нәтиже берген. Алайда аталмыш зертхананың 2019 жылғы 13 тамыз күнгі №СО-19-Е-569-Ф-F сараптама актісімен жіберілген сынамаларды тексеру нәтижесінде алдыңғы қойылған дертмені (диагнозды) нақтылап, түйе малы «цефалопиноз» ауруынан өлген деген лабораториялық тұжырымдама жасалды.

Цефалопиноз

Цефалопиноз - инвазиялық ауру, қоздырғышы мұрынкөмей құрттарының дернәсілдері (личинкалары) болып табылады. Бұл аурумен ауылшаруашылығы малдары жылқы, қой, түйе ауырады. Жылқыда ауру атауы – риноэстроз, қойда-эстроз, түйеде-цефалопиноз деп аталады. Бұл құрттар малдың танауы мен көмейінде болады. Құрттың нағыз көбейетін уақыты шілде-тамыз айлары болып келеді. Құрттың жатқан жерлері көмейде домбығып ісіп, қызарып қанталайды. Сыртынан қысқан кездерде мал ауырсынады. Көмейдегі көбейген құрттар кейбір жағдайда малдың тыныс жолдарын бітеп, демалдырмайды. Бұл аурудан малдар қырылып өлмейді, уақтылы емдеп жазуға болады.

Емдеу жолдары: Инвазиялық ауруларға арналған ішкі және сыртқы паразиттік құрттарға қарсы дәрілік препараттармен нұсқаулыққа сай екпе жасау. Сонымен қатар 1,5-2 проценттік хлорофос эмульсиясының судағы ерітіндісі екі танау қуысына 200 мл көлемінде жіберіледі. Арнаулы АСД-2 (фракция-2) препаратының судағы ерітіндісін де кеңінен қолдануға болады.

Аурудың алдын алу жолдары: Мал бастарын жылма-жыл дәрілеп (обработка) отыру.

Д.Айтпенбет, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы

сурет: ашық дереккөз

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

желтоқсан 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner